Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Ақ сәуле іздеп әлемнен...

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірде әртүрлі топтағы 3 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған осы бір адамдардың ешкімге алақан жаймай, адал еңбегімен күн көріп, сол қажыр-қайратымен он екі мүшесі сау адамдарға үлгі болып отырғанын көргенде еріксіз қайран қаласың. Иығына қаншалықты ауыртпалық түссе де қажымаған, қайраты кемімеген неткен ерік-жігер десеңізші?!

Ақ сәуле іздеп әлемнен...

Алдында аткөпір болып жат­­­қан мақтаның томардай-то­­­мар­дай түйіршіктерін қол­мен тарқатып, жүндей түтіп, жі­­бектей жұмсартып, бипаздап ба­бы­на келтіреді екен. Сырттай қарағанда ендігісі оңай көрінген. Күні бұрын матадан дайындалған қап пішіндес тысына әлгі түбіттей тарқатылып, үлпілдек күйге енген мақтаны қаттап салса, матрас дайын болардай. Көзі көрмейтін адамға машақат әлі алда екен. Енді матрастың ішіндегі мақта ыдырап кетпеуі үшін ұстап тұруға тиісті, көбелек кейіптес түйме-тіректерді орналастыру керек. Әлде сызғышпен, әлде қарыстап өлшейтін шығар деп едім. Жоқ, қалыптасқан машықпен атқан оқтай түп-түзу қылып түсірді. Өлшемей-ақ. Көрмесе де. Көз көрмесе де көкірек ояу екен.

Цехтағы барлық жұмыс қол­мен атқарылады. Сондықтан да сапалы. Мүмкіндігі шектеулі жан­дардың тіккен матрастарында жат­қан адамның жамбасына бата­тын буылтық түйнектер әсте бол­майды екен. Бұл – үлкен фаб­рикадан тігілген бұйымнан бір артықшылығы. Артықшылықтың өнімді өткізер кезде қолбайлар бөгеті де бар. Айталық, бір матрасты дайындау үшін бар шаруа қолмен атқарылатындықтан көп уақыт кетеді. Шикізат та қымбат. Оны бір шеті Ресейден, Қырғызстан мен Өзбекстаннан жеткізеді. Сондықтан да өзіндік құнының бағасына әсері бар. Тендерге түскен кезде тайталаса алмайды. Тапсырыс қабылдаған соң келіскен мерзімінде аяқтау керек. Оған үлгере алмай қалу қаупі де туындайды. Бағаны көтерсе, өнімі өтпей қалуы әбден мүмкін.

– Осы шағын цех арқылы күн­көрісімізді айырып отырмыз, – дейді тігінші Анна Не­мы­­кина, – негізінен төсектік орын жа­мылғыларын тігеміз. Әр өнім­­нің барынша сапалы бол­ған­ын қатаң қадағалаймыз. Тұты­нушының талабынан ш­ы­ғуы­мыз керек қой. Олар үшін бұл өнімдерді кімдердің тіккендігі оншалықты маңызды емес. Келесі өнім өтуі үшін бүгінгіні мінсіз етуіміз қажет. Жаман тұмау жай­ла­ған уақытта да облыс­тық мү­гедектердің ерікті қоға­мы­ның жұмысты үйлестіре білуі­нің нә­ти­жесінде қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Егер шикі­за­ты болып тұрса, біздің қыз-келін­шек­тер уақытпен санаспай жұмыс істеуге бар.

Макинск қаласында жиырмадан астам мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа тартылған екен. Басым көпшілігі – қыз-келін­шектер. Негізгі кәсіптері – тігін­ші­лік. Қолдан келері осы. Өңір қызыл аймақта болып, қыр­сық шалғанда көбі үйде отырып жұмыс істеген. Тал­пын­ған­да­рына орай тәп-тәуір табыстары да бар.

Облыстық мүгедектердің ерік­ті қоғамының төрағасы Серік Әкімбаев қоғам мүшелерінің жай-күйін, жан-дүниесін жақсы біледі. Өзі де бала кезінен бері көз кемістігінен қаншама қиындық көріп өсті. Әйтсе де жігері жасыған жоқ. Біржан сал ауданының бір­неше кәсіпорынында ретіне қарай жұмыс істеді. Қолы жат­тықты, жұмыс барысын көңіліне мықтап тоқыды. Сол зейін, зеректігіне орай алдынан жұмыс үркіп оты­ратын болды. Қоғамдық жұ­мыс­тар­ға сол кездің өзінде де бел буып кірісіп кететін. Енді міне, қоғам төрағасы. Оңай-оспақ шаруа емес. Мыңдаған адамның мақсат-мұраты тоғысқан жер. Арыз-шағымдарын да, өтініш-тілектерін де осы қоғамға айтады. Ал әлеуеті аздау қоғам бәрінің бірдей өтінішін орындап тастауға қауқары жетпегенімен, қанатымен су сепкен қарлығаштай жақсылыққа себепші болуға ұмтылады. Ол үшін ең алдымен, жергілікті атқарушы органдармен тіл табысып, бірлесе жұмыс істеген жөн.

– Қамқорлық жасау қазақ­тың қанындағы қасиет қой. Қамқор­лық­қа тіпті сау адамдардың өз­де­­рі зәру болып жатады емес пе? Ал мүмкіндігі шектеулі адам­дардың мұқтаждықтарына қол созу адамгершілік, – дейді Серік Әкімбаев, – қазіргі күні бір­қатар жұмыс атқарылып жатыр. Екі қала мен 17 ауданда филиалдарымыз жұмыс істейді. Өзгеге масыл болмау үшін жұ­мыс істеймін, өзімнің ақадал еңбе­гіммен күн көремін деген адам­дарға жағдай туғызу парыз. Біз әркімнің ең­бек­ке қаншалықты қабілеті бар екен­дігін сараптап алып, жұ­мыс­­қа орналастырамыз. Өзге де әлеу­меттік-тұрмыстық мәсе­ле­лердің шешілуін қадағалаймыз.

Қазір мемлекет тарапынан бұл мәселеге жіті көңіл бөлінген. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамның бір мүшесі ретінде емін-еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалып отыр. Ең бастысы, тағ­дыр­дың салған ісіне еменнің иір бұтағындай қасқая қарсы тұра­тын күш-жігер бар олардың бой­ларында. Сол қасиет бар бей­нет­ті ысырып тастап, ұшпаққа шығармақ.

 

Ақмола облысы