Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Нұр-Сұлтанда алғаш рет құрылыс крандары шығарыла бастады

336 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында ел астанасында құрылыс крандары шығарыла бастағанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтанда алғаш рет құрылыс крандары шығарыла бастады

«Құрылыс индустриясындағы отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған «қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында елордада алғаш рет құрылыс крандарын өзіміз шығара бастадық. Бұрын мұнаралы құрылыс крандары шетелден әкелінетін, оларды тасымалдау қымбатқа түсетін.

Бүгін елордадағы алғашқы кран жасалған цехқа бардық. Құрылыстың басты драйвер екенін ескерсек, отандық материалдар өндіру біз үшін өте маңызды. Былтыр 3 млн шаршы метр тұрғын үй салып, пайдалануға бердік. Айталық, 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салдық, биыл бұл көрсеткішті одан да арттырамыз. Бұл салада да өндірісті қолдайтын боламыз.

Алғашқы құрылыс крандарын «Лашын Фактори» ЖШС компаниясы шығара бастады. Бұл компания «Астана - жаңа қала» АЭА мүшесі, №1 индустриялық паркте орналасқан. Кәсіпорында отандық лифтілер де шығарылады. Қазір кәсіпорынды кеңейту бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Мысалы, осы лифтілер ЭКСПО кезінде қолданылып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған тұрғын үй кешендеріне де орнатылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвесторларға қолайлы жағдай жасап, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жұмыс істейміз. Пандемияға қарамастан, былтырдың өзінде 1 триллион теңгеден астам жеке инвестицияларды тарту мүмкін болды. 111 инвестициялық жоба қолдау тапты. Бірінші кезекте - қала тұрғындары мен қалаға қажет жобаларды қолдаймыз. Олардың қатарына - өнеркәсіп, логистика, сауда және т.б. салалардағы әлеуметтік нысандар кіреді»,  деп жазды қала әкімі.