Технология • 18 Ақпан, 2021

«AquaPAC» құрылғысы ауыз су тапшылығын жоюға мүмкіндік береді

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласындағы  физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушылары Арман Жалғасбаев, Төлеген Айтени және Ернұр Жанғалиев шалғайдағы елді мекендерде орын алған су тапшылығы мәселесін зерттеп, оның шешімін тапты, деп хабарлайды Egemen.kz

«AquaPAC» құрылғысы ауыз су тапшылығын жоюға мүмкіндік береді

«AquaPAC» құрылғысы ауадан ауыз су алуға қауқарлы. Ғаламдық мәселелерді шешуге бағытталған жоба авторлық құқыққа да ие.

«Әлем бойынша жылына 2 миллионнан астам адам сапасыз су салдарынан қайтыс болады. Ауыз судың жетіспеушілігінен адамдар тұзды немесе ластанған су ішуге мәжбүр. Бұл деректер зерттеу барысында анықталып, жобаның өзекті екендігіне дәлел. Ал біз ойлап тапқан құрылғының көмегімен ауадан су алуға болады: алдымен конденсация әдісі арқылы бу сұйықтыққа айналады, сүзгіден өтеді және ультракүлгін сәулелер арқылы өңделеді», дейді жоба авторының бірі Арман Жалғасбаев.

«AquaPAC» жобасының тағы бір ерекшелігі – салмағы жеңіл әрі көлемі ықшамды. Су құрылғының ішінде орналасқан арнайы бөтелкенің ішіне жиналады. Жетекшісі Жәнібек Жанкуловтың сөзінші, бұл өнертабыс тұтынушыны 1 тәулікке жететін су қорымен қамтамасыз ете алады.

«Оқушылар әлемдік деңгейдегі мәселелердің шешу жолдарын қарастырады. Бірнеше жыл бұрын туындаған идеяны іске асырып отырмыз, жобаны қарапайым қолжетімді материалдардан жасадық. Бірнеше эксперименттен кейін құрылғының жарамды екендігіне көзіміз жетті», деп бөлісті Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Жәнібек Жанкулов.

Айта кету керек, Ақтөбедегі NIS оқушылары жыл сайын 100-ге жуық инновациялық жобалар жасап, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.