2013 жылғы 4 желтоқсан, Астана, Үкімет Үйі
«Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасын бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі
№ 826 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1. «Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 826 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 47, 645-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасында:
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) автомобильмен тасымалдаушы (бұдан әрі – тасымалдаушы) – меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде автокөлік құралдарына иелік ететін, жолаушыларды, багажды, жүктерді немесе поштаны тасымалдауда ақыға немесе жалға қызметтер көрсететін заңды немесе жеке тұлға;»;
2-тармақ мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) өзі аударғыш – жүкті түсіру үшін механикалық еңкейтілетін шанағы бар, жүкті өзі түсіретін автомобиль, тіркеме немесе жартылай тіркеме;»;
мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:
«10-1. Тасымалдаушы автокөлік құралдарын пайдалану процесінде жүргізушілердің рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден өтуін, сондай-ақ автокөлік құралдарының рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық қарап тексеруден өтуін қамтамасыз етеді.»;
20-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Автокөлік құралының жолдама парақтары және тауар-көлік жүкқұжаттары жолдама парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттары қозғалысын есепке алу журналдарында тіркеуге және тасымалдаушыда журналдармен бірге 5 жыл бойы сақталуға жатады.»;
28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«28. Тиеу жұмыстарын жүзеге асыру кезінде жүк автокөлік құралының салмақтық және габариттік параметрлері заңнамада белгіленген жол берілетін параметрлерден аспайтындай етіп орналастырылады.»;
мынадай мазмұндағы 28-1-тармақпен толықтырылсын:
«28-1. Жүк жөнелтушіге автокөлік құралына жүк тиеу процесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жол берілетін салмақтық және габариттік параметрлерді арттыруға жол берілмейді.»;
34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«34. Белгілі бір жүкті тасымалдауға арналған автокөлік құралдарын қосымша жабдықтау мен жарақтандыруды жүк жөнелтуші тасымалдаушымен келісім бойынша ғана жүргізуі мүмкін, ал қауіпті, ірі габаритті немесе ауыр салмақты жүктер тасымалданған жағдайда, Қазақстан Республикасының әкімшілік полициясы органдарымен келісіледі.»;
57-тармақ алынып тасталсын;
234-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«234. Астық, сүрлем массасы және қант қызылшасы ыдыссыз тәсілмен ернеулі автокөлік қүралдарымен және (немесе) өзі аударғыштармен тасымалданады.»;
254-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жануарларды өзі аударғыштармен тасымалдауға жол берілмейді.»;
295-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«295. Сұйық бетон мен құрылыс ерітінділерін тасымалдау үшін тасымалдаушылар өзі аударғыштарды, ожау немесе бункерлік үлгілердегі шанақтары бар жүк автомобильдерін, цистерналарды бөледі. Құрғақ бетон қоспаларын және құрылыс ерітінділерін ыдыстық тәсілмен қаптарда тасымалдау үшін тасымалдаушылар ернеулі автокөлік кұралдарын, ал ыдыссыз тәсілмен тасымалдау кезінде бункер үлгісіндегі шанақтары бар жүк автомобильдері мен цистерналарды бөледі.»;
296-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«296. Сұйық бетон мен құрылыс ерітінділерін тасымалдауға арналған өзі аударғыштардың тығыздалған артқы ернеуі, 450-500 мм биіктетілген алдыңғы және қаптал ернеулері болады.»;
312-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«312. Үйіп тасымалданатын жүктерді тасымалдау үшін тасымалдаушылар өзі аударғыштарды бөледі.»;
мынадай мазмұндағы 312-1-тармақпен толықтырылсын:
«312-1. Рұқсат етілген ең көп массасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген автокөлік құралының жол берілетін жалпы массасынан асатын өзі аударғышпен жүктерді Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары арқылы автомобильмен тасымалдауларға жол берілмейді.»;
313-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«313. Тасымалдаушылар жүкті автомобильмен тасымалдау шарты бойынша өзі аударғыштарды жылыту жүйесімен жабдықтауды жүк жөнелтушінің немесе жүк алушының есебінен төлеу арқылы осы жұмыстарды өздеріне қабылдап алуы мүмкін.».
2. Осы қаулы 1-тармақтың2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін жиырма сегізінші және жиырма тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.