Қазіргі таңда бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан өткеруде. Соған қарамастан, парасатты қайырымдылық саясатын жүргізіп, саналы іс атқару, көмекке зәру, әрі демеушілікке мұқтаж жандарға жәрдемдесумен айналысудың үлкен әлеуметтік жауапкершілік екені белгілі. Мемлекеттің рухани дамуымен, сан-салалы тың жобаларды іске асыруды белгілі жолға қойған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры жыл басынан бері ағартушылық, білім, мәдениет салаларында әлеуметтік, экономикалық маңызы бар сан алуан қызмет атқарды. Ғибратты істер туралы қысқаша мәліметті Қордың атқарушы директоры Бектас Ғафурұлы МҰХАМЕДЖАНОВТАН білген болатынбыз.
Халықаралық, республикалық маңызы бар жиындар:
Ақпан айында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты, АҚШ пен Канада институты Ресей Ғылым академиясымен бірге “XXІ ғасырдағы халықаралық қауіпсіздік архитектурасы: Еуразияның жаңа концептілері” атты халықаралық конференция ұйымдастырды. Іс-шараға Ресей мен Қазақстанның көрнекті саясаткерлері, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы жетекші сарапшы мамандар қатысты. Жиынның мақсаты – халықаралық қауіпсіздік мәселесіне байланысты сұхбат алаңын қалыптастырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау процесіне қосқан үлесін, еңбегін айқындау.
Сондай-ақ, Қорда “Қазақстандағы мемлекеттіліктің қалыптасуындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің рөлі” тақырыбында лекция өтті. Іс-шараға көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. Олар: ҚР Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры Б.Ғ.Мұхамеджанов, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі С.С.Сартаев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры З.Л.Федотова. Қорда жастарға арналған мұндай тарихи тағылымы мол лекциялар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі
2010 жылдың 18-19 наурызында “Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры” Қоғамдық Қоры және Халықаралық қазіргі саясат институты Алматы қаласында “Интеллектуалды жасампаз қоғам: білім және жаңа технологиялар” тақырыбындағы әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкенің мақсаты - азаматтық қоғамның және институттардың жандануына көмектесу, ең үздік жобалар мен идеяларды тәжірибе жүзінде іске асыру, сұхбат алысуға мүмкіндік ашып, жұмыс жасау үшін байланыстарды дамытуға көмектесу, қоғам институттарын тең құқылы серіктестік заңдарымен қамтамасыз ету және т.б. Жәрмеңке мына номинациялар бойынша өткізілді: “Білім жүйесінің инновациялық дамуы”, “Білім және қоғам”, “Мектепке дейінгі оқудағы инновациялық технологиялар”, “Білім, ғылым және өндіріс”, “Ерекше” балаларды біліммен қолдау”, “Оқу-әдістемелік және білім әдебиеті”, “Білім, денсаулық, үйлесім”.
Сарапшы комиссиялардың шешімімен жәрмеңке жеңімпаздары болып 28 үкіметтік емес, коммерциялық емес ұйымдар танылды.
Мәдениет:
Ақпан айында Ұлы Отан соғысының ардагері Л.В.Скалковскийдің “Мәңгілікке кеткендер” кітабының тұсаукесері өтті. Кітап Ауғанстаннан әскерлердің шығу күніне орай, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының қолдауымен жарыққа шыққан. Іс-шара аясында “Ауған соғысының ардагерлері мен “Казахстанская правда” атындағы Майдан клубының” тұсаукесері өтті. Басты мақсат – кең қоғамның назарын рухани-өнегелі және патриоттық тәрбие мәселесіне аудару, жастарды осы құндылықтарға тәрбиелеу.
Сонымен қатар, 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесін тойлау қарсаңында “Жалынды жүрек көктемі” атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шара барысында Қор ұйымдастырған “Кезеңдік қазақ романстары” композиторлар байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Байқауға 8 кезең ұсынылған. Жұмыс нәтижесі бойынша 3 жеңімпаз анықталды.
Шығармашылықтағы жастарды қолдау аясында, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің 9 дипломдық жұмысын жүзеге асыру үшін гранттар бөлінді. Жыл сайын дәстүрлі түрде жарияланатын “Сапарларға гранттар” байқауына өнер және мәдениеттегі жас шығармашылық қайраткерлерінен 5 өтініш келіп түссе, оның бесеуіне де демеушілік көмек көрсетілмек.
Ғылым:
Ғылым саласындағы “Сапарларға гранттар” байқауына жылдың басынан бастап 8 өтініш түскен, олардың ішіндегі екі жас ғалымға “Физика мектебі” (Ресей) бағдарламасына және Халықаралық Полимер конференциясына (Германия) қатысуға демеушілік қолдау көрсетіледі.
Қазіргі кезде қазақстандық жас ғалымдардан “Ғылыми зерттеулер үшін гранттар” байқауына және “Студенттер арасындағы республикалық табиғи, техникалық және гуманитарлық ғылымдар бойынша үздік ғылыми жұмыстарға” өтініш қабылдау аяқталуда.
Әл-Фараби: “Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш” деп көрсетеді. Сондықтан парасаты мол саясатты жүргізген Қор ұжымы алдағы уақытта да жалынды жастар мен қам көңіл жандардың рухани дамып, білім, ғылымға ден қоюына талпындыратын тағылымы мол қызметтер атқарып, үлгі болмақ.
Маржан ОМАРОВА, журналист.