Қазақстан • 19 Ақпан, 2021

Саланы цифрландыру – уақыт талабы

139 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігінің онлайн форматта кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Министрліктің өткен жылғы жұмыстары қорытындыланып, биылғы жоспарлары баяндалған ауқымды жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты.

Саланы цифрландыру – уақыт талабы

Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұ­ло­ваның модераторлығымен өткен шарада алғашқы баянда­маны вице-министр Нұрғиса Дәуе­шов жасады. Ол 2020 жыл­ғы пандемия кезіндегі төтенше жағдай мен шектеу шараларына қарамастан бірде-бір мемлекеттік ұйым өз қыз­метін тоқтатпағанын айтты. «Жыл басынан бастап мем­лекеттік мәдениет ұйым­дары спектакль премьерала­ры, көрмелер, концерттер мен кон­ференциялар сынды  500-ге жуық іс-шара өткізді. 16 нау­рыздан бастап сала толы­ғымен онлайн жұмыс форма­тына көшті», деген вице-министр мәдениет саласына ең көп қаражат бөлген үш өңірді де атап өтті. «2020 жылы өңір­лер­дің жалпы бюджетінен мәде­ниет саласына бөлінген қара­жаттың пайыздық үлесін шығар­дық. Мәдениет саласына бөл­інген қаражат көлемі жағын­ан алдыңғы қатарларда Ал­маты (5,6%), Қарағанды (3,6%), Ақмола облыстары (3,1%) тұр», деді.

Алқа мәжілісінде қазақ тілін ғылым тіліне айнал­ды­ру­ға бағытталған ғылыми-линг­вис­ти­калық база құрыла­ты­ны мәлімделді. Сондай-ақ еліміздегі тіл саясатын іске асы­ру­дың 2020-2025 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарла­масына өзгерістер енгізілетін болады. Атап айтсақ, «Абай инс­титуты» атты Қазақстан мен ше­телдерде қазақ тілін үйре­ту бағдарламасын жетіл­діріп, қолданыс аясын кеңей­ту жоспарланып отыр. Соны­мен қатар вице-министр Н.Дәуе­шев ел азаматтарының аты-жөн­дерін латын негізді әліпби­мен жазу ережелері әзірлене­тінін мәлімдеді. «Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының аумағындағы геогра­фиялық нысандардың және олардың құрамдас бөлік­те­рі­нің атауы латын графикасы негізінде стандартталады», деді ол.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл туралы алқа отырысын­да Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова мәлім­деді. «Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығын мерекелеу жөнін­дегі жалпы республи­калық іс-шаралар жоспары бе­кітілді. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғын мерекелеу кезінде ысырап­шылдыққа жол бермеу керек­тігін, әрбір іс-шара елге пай­да әкелетін нақты қадам­дар­мен байланысты болуы тиіс екенін атап өткенін білесіздер. Осы­ған байланысты, мереке­леуге идеологиялық тұрғы­дан келуіміз керек. Мерей­той­лық іс-шараларды мәде­ниет, архив, спорт және туризм инфрақұрылымын дамы­туға бағыттағанымыз жөн. Жоспардың іс-шаралары ұлт­тық мәдениетті ілгерілетуге, салт-дәстүрді жандандыруға, сала­матты өмір салтын наси­хаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағдар­лануы тиіс», деді ол. Сон­дай-ақ министр ұлттың «идеоло­гиялық иммунитетін» қалып­тастыратын жобалар әзірле­нетінін һәм мәдениет сала­сын­дағы онлайн-жобалар жал­ғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, сала бойынша 2020 жыл нәтижелі болып, оң жетістіктер жиі орын алды. «Былтырғы негіз­гі шаралардың тізімінде Мем­лекет басшысының тап­сыр­масы бойынша әлеумет­т­ік қолдау шаралары қабыл­данды. Бұл жалақыны артты­ру, арнайы ай сайынғы ақша­лай төлемдер, қосымша жүк­теме үшін қосымша ақы­лар белгілеу, шығарма автор­ларына қаламақы төлеу, қыз­мет­керлердің тұрғын үй жағ­дайларын жақсарту және тағы басқа шаралар. Мемлекет пандемия кезеңінде мемлекеттік мәдениет, архив және спорт ұйымдарын, мәдениет, өнер және спорт саласындағы бі­лім беру мекемелерін толық кө­лемде қаржыландыруды тоқ­тат­пағанын ерекше атап өткім келеді», деді.

Ал 2021 жылы кинематография саласына бөлінетін қаражаттың 70 пайызы тарихи, патриоттық картиналарға бағытталмақ. Қалған 30% қар­жы жеке киножобалар мен жас таланттардың дебюттік фильм­дерін қолдауға жұм­салады. Сонымен қатар, министрлік Мем­лекет басшысының тап­сыр­масын іске асыру мақсатын­да жақын арада Шәкен Ай­манов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ модернизациясын сапалы жүзеге асыруды көздеп отыр.

Алқа отырысының қоры­тын­дысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Ера­лы Тоғ­жанов министрлікке дүние­ге тәуелсіз көзбен қарай­­тын әдебиет пен өнерді қалып­­тас­­тыруға бағытталған «Ел рухы» ұлттық жобасын әзір­леуді қолға алуды тапсырды. «Мәдениет саласын дамы­туда заманауи трендтерді бас­шы­лыққа алу маңызды. Яғни мәдениет, спорт, туризм, архив салалары то­лықтай цифр­ландыруға көшу керек. Мәселен, респуб­­ли­кадағы бар­лық кітапха­налардың 48 пайызы ғана интер­нетпен қамтылған. Ал архив саласын цифрландыру – кезек күттірмейтін мәселе. Сондық­тан, мәдениет және спорт са­лаларын кезең-кезеңі­мен цифрландырудың жол кар­тасын дайындауды тапсырамын. Мәдениет саласы әрқашан мемлекет қолдауында болатыны белгілі. Осы ретте мәдениет саласын коммерцияландыруды ойластыру қажет. Бұл халықаралық тәжірибеде бар үрдіс», дей келе аталған жобалардың жүйелі түрде орындалуын атап өтті.

Бұдан бөлек туризм және архив саласындағы атқарылған жұмыстар жайлы вице-министр Ғабидолла Әбдірахымов баян­­даса, спорт саласы бойынша вице-министр Сәкен Мұсай­беков есеп берді. Сондай-ақ «Қазақстандық салалық мәде­ниет, спорт, туризм және ақпа­рат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Иманқұлова Атырау облысында бірде-бір спорт-интернат мектебі жоқ екенін айтып, қажетті шаралар қолданылуын сұрады.