Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың модераторлығымен өткен шарада алғашқы баяндаманы вице-министр Нұрғиса Дәуешов жасады. Ол 2020 жылғы пандемия кезіндегі төтенше жағдай мен шектеу шараларына қарамастан бірде-бір мемлекеттік ұйым өз қызметін тоқтатпағанын айтты. «Жыл басынан бастап мемлекеттік мәдениет ұйымдары спектакль премьералары, көрмелер, концерттер мен конференциялар сынды 500-ге жуық іс-шара өткізді. 16 наурыздан бастап сала толығымен онлайн жұмыс форматына көшті», деген вице-министр мәдениет саласына ең көп қаражат бөлген үш өңірді де атап өтті. «2020 жылы өңірлердің жалпы бюджетінен мәдениет саласына бөлінген қаражаттың пайыздық үлесін шығардық. Мәдениет саласына бөлінген қаражат көлемі жағынан алдыңғы қатарларда Алматы (5,6%), Қарағанды (3,6%), Ақмола облыстары (3,1%) тұр», деді.
Алқа мәжілісінде қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға бағытталған ғылыми-лингвистикалық база құрылатыны мәлімделді. Сондай-ақ еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілетін болады. Атап айтсақ, «Абай институты» атты Қазақстан мен шетелдерде қазақ тілін үйрету бағдарламасын жетілдіріп, қолданыс аясын кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар вице-министр Н.Дәуешев ел азаматтарының аты-жөндерін латын негізді әліпбимен жазу ережелері әзірленетінін мәлімдеді. «Қазақстан Республикасының аумағындағы географиялық нысандардың және олардың құрамдас бөліктерінің атауы латын графикасы негізінде стандартталады», деді ол.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл туралы алқа отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін, әрбір іс-шара елге пайда әкелетін нақты қадамдармен байланысты болуы тиіс екенін атап өткенін білесіздер. Осыған байланысты, мерекелеуге идеологиялық тұрғыдан келуіміз керек. Мерейтойлық іс-шараларды мәдениет, архив, спорт және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағыттағанымыз жөн. Жоспардың іс-шаралары ұлттық мәдениетті ілгерілетуге, салт-дәстүрді жандандыруға, саламатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағдарлануы тиіс», деді ол. Сондай-ақ министр ұлттың «идеологиялық иммунитетін» қалыптастыратын жобалар әзірленетінін һәм мәдениет саласындағы онлайн-жобалар жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, сала бойынша 2020 жыл нәтижелі болып, оң жетістіктер жиі орын алды. «Былтырғы негізгі шаралардың тізімінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды. Бұл жалақыны арттыру, арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер, қосымша жүктеме үшін қосымша ақылар белгілеу, шығарма авторларына қаламақы төлеу, қызметкерлердің тұрғын үй жағдайларын жақсарту және тағы басқа шаралар. Мемлекет пандемия кезеңінде мемлекеттік мәдениет, архив және спорт ұйымдарын, мәдениет, өнер және спорт саласындағы білім беру мекемелерін толық көлемде қаржыландыруды тоқтатпағанын ерекше атап өткім келеді», деді.
Ал 2021 жылы кинематография саласына бөлінетін қаражаттың 70 пайызы тарихи, патриоттық картиналарға бағытталмақ. Қалған 30% қаржы жеке киножобалар мен жас таланттардың дебюттік фильмдерін қолдауға жұмсалады. Сонымен қатар, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жақын арада Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ модернизациясын сапалы жүзеге асыруды көздеп отыр.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов министрлікке дүниеге тәуелсіз көзбен қарайтын әдебиет пен өнерді қалыптастыруға бағытталған «Ел рухы» ұлттық жобасын әзірлеуді қолға алуды тапсырды. «Мәдениет саласын дамытуда заманауи трендтерді басшылыққа алу маңызды. Яғни мәдениет, спорт, туризм, архив салалары толықтай цифрландыруға көшу керек. Мәселен, республикадағы барлық кітапханалардың 48 пайызы ғана интернетпен қамтылған. Ал архив саласын цифрландыру – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан, мәдениет және спорт салаларын кезең-кезеңімен цифрландырудың жол картасын дайындауды тапсырамын. Мәдениет саласы әрқашан мемлекет қолдауында болатыны белгілі. Осы ретте мәдениет саласын коммерцияландыруды ойластыру қажет. Бұл халықаралық тәжірибеде бар үрдіс», дей келе аталған жобалардың жүйелі түрде орындалуын атап өтті.
Бұдан бөлек туризм және архив саласындағы атқарылған жұмыстар жайлы вице-министр Ғабидолла Әбдірахымов баяндаса, спорт саласы бойынша вице-министр Сәкен Мұсайбеков есеп берді. Сондай-ақ «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Иманқұлова Атырау облысында бірде-бір спорт-интернат мектебі жоқ екенін айтып, қажетті шаралар қолданылуын сұрады.