Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен ҚазҰУ мұрындық болды. Осылайша, І Халықаралық түркі дүниесі жастарының басқосуы үш күнге созылды. Бағдарлама бойынша алдымен өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен ұлттық құндылықтарынан сыр шертетін көрме өтті. Кейін қатысушылар дөңгелек үстел аясында пікір алмасып, әлем жастарын толғандырған өткір мәселелерді талқылады.
Форумның салтанатты ашылуына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Дархан Ахмет-Заки, ТүркПА-ның бас хатшысы Мехмет Сурейя, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев, «Отандастар қоры» халықаралық ынтымақтастық департаментінің басқарушы директоры Ержан Мұқаш, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзиз Қажденбек, Түркі дүниесіне белгілі жазушылар мен белсенді студенттер қатысты.
Халықаралық іс-шараны Сұлтан Раев құттықтау сөзбен ашып, түркі әлеміндегі жастардың игілігі үшін ТҮРКСОЙ ұйымы жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Түркі дүниесі жастарына арналған форумның Қазақстанда өтуінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Себебі Қазақстан – күллі түркі дүниесінің кіндігі, қасиетті қарашаңырағы. Баршамыздың тамырымыз көне түркілерге барып тіреледі. Түркі дүниесінің өзіндік мол тарихы мен мәдениеті бар. Қазіргі жастар осы мәдениет пен тарихты, өркениетті, ата-баба жолын білуі қажет. Сондай-ақ барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, біз түркі дүниесін дамытуды ойластыруымыз керек. Осы жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыруда форумның маңызы жоғары, – деді С.Раев.
Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев АҚШ, Германия, Швейцария, Нидерланд, Түркия, Румыния, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Әзербайжан сынды мемлекеттердің жастары бас қосқан жиынның мән-маңызына тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас буынға ерекше назар аударып, үлкен үміт артып отырғанын жеткізді.
– Бүгінде түркі халықтарының ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Әсіресе гуманитарлық байланыс, білім, ғылым, мәдениет саласындағы ықпалдастық ерекше дамып жатыр. Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде: «Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым, білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн», деген еді. Біз ортақ мақсатқа жету жолында біріксек, үлкен жетістіктерге жетеміз. Бүгінде түркі елдері арасындағы қарым-қатынасты дамытуда және жандандыруда жастарға артылар жауапкершілік жоғары. XXI ғасыр – заманауи технология мен ғылыми прогрестің кезеңі. Креативті идеялар мен жаңа бастамалардың қозғаушы күші де – жастар. Түркі әлемінің интеллектуал жастарының жиналуы бұл форумның маңыздылығын көрсетеді. Әрбір елдің өз тәжірибесі мен бірегей әлеуеті бар. Түркі әлемінің ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп ұран тастаған еді. Осы бірауыз сөз әлі де жастардың жүрегіне от беріп, кемел келешекке деген сенімдерін оятады, – деді Ж.Түймебаев.
Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын Дархан Ахмет-Заки оқып берді.
«Форум жастар арасында білім, ғылым, инновация және мәдениет алмасу саласындағы мәселелерді талқылау үшін ерекше мүмкіндік береді. Түркі әлемінің жастары – біздің ортақ мұрамыз. Қазіргі таңда әлемде түрлі әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістер орын алуда. Сондықтан жаңа заманауи білім мен ғылымның талаптарына сай саналы, ой-өрісі кең, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу өте маңызды. Министрлік тарапынан түркі елдеріндегі ЖОО арасындағы әріптестікті нығайту, тәжірибе алмасу және жастардың бір-бірімен байланысын арттыру үшін барлық жағдайды жасап келеді», делінген.
Осынау форумға Моңғолиядан келген Абай Мұратұлы түркі жастарының басын қосатын мұндай халықаралық жиындар мен конференциялар жиі өткізілуі қажет екенін айтты.
– Форум жоғары деңгейде өтіп жатыр. Үш күнге жоспарланған іс-шарада өзге елдің жастарымен пікір алмасып қана қоймай, түркі әлемінің тарихымен танысуға мол мүмкіндік алдық. Әр ел өзінің болашағын өскелең ұрпақпен байланыстырады. Осы жас өскінге үміт артып, түрлі мемлекеттік қолдау іс-шараларын ұйымдастырады. Қаны бір киіз туырлықты түркі жұртының барлығында дерлік ұстанатын құндылықтары сәйкес келеді. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Демек жастардың бір арна да болуы да қалыпты, – деді А.Мұратұлы.
Сонымен қатар оқу орны базасындағы Журналистика факультетінде ТҮРКСОЙ медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды. Мұнда БАҚ саласындағы өзекті мәселелер зерттеліп, сараптамалар жасалады. Түркі әлемінің медиа өкілдерін жұмылдыратын орталықта ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел, конференция, баспасөз мәслихаты, ғылыми-әдістемелік мәжілістер өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Жан-жақтан жиылған жастарға Алатау бөктеріндегі Алматының көрікті жерлеріне саяхат та ұйымдастырылды.