Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жыл сайын сырғанау маусымы кезінде жарақаттанатын, тіпті қар көшкінінің астында қалып жазым болған қайғылы оқиға да тіркеледі. Мұның барлығы да ең алдымен қауіпсіздік ережесін ескермеуден туындайды.
Тау туризмі – кейінгі жылдары қарқын алған саланың бірі. Қала тұрғындары ғана емес, Алматыға арнайы келген қонақтар да жол дорбасын бөктеріп, Алатаудың сан салалы сілемдеріндегі сүрлеуге түседі. Жылдың төрт мезгілінде де ақ басты қарлы асуға қарай ұмтылған туристердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Табиғат аясында сейілдеген жақсы-ақ, бірақ тосыннан төнетін қауіп-қатерге қамсыз болмау керек.
«Шымбұлақ» тау шаңғы кешенінің мамандары тауға шығу кезіндегі қауіпсіздік шарасын туристер қаперіне салып, арнайы семинар, жиын да өткізеді. Әлеуметтік ақпараттандыру бағытында жүзеге асатын іс-шарада қала тұрғындары мен қонақтарына тау туризмі туралы жан-жақты мәлімет беріледі. «Shymbulak Outdoor» бөлімінің мамандары тау спортының өкілдерімен бірге Алматы қаласындағы мектептерде, жоғары оқу орындарында, ұйымдарда кездесу өткізіп, маусымдық серуен кезіндегі қауіпсіздік шарасы туралы ағартушылық жұмысты іске асырып келеді. Жақында осы ұжым «Таудағы қауіпсіздік: қыс мезгілі» тақырыбы аясында конференция өткізді. Табиғат қатерінің алдын алатын құтқарушы мамандар, альпинизм нұсқаушылары, тау шаңғысын үйретушілер, тау туризмінің гидтері көпшілікті қауіпсіздік шарасы жөнінен құлағдар етті.
ІІІ санаттағы альпинизм нұсқаушысы, 3-сыныпты құтқарушы Бақыт Данабеков сейіл құрып тауға шыққан туристердің арасында қаза тапқандардың дені қауіпсіздік шарасын ұстанбағандықтан орын алатынын ескертті. «Алматы қаласының құтқару қызметінде жұмыс істеп келе жатқаныма екі жылдың жүзі болды. Осы жылдар ішінде түрлі оқиғаларды өткердік. Байқағаным, тауда көз жұмған жандардың басым көпшілігі – саяқ кетіп жан тапсырғандар. Бағытынан адасады, құздан құлайды, басқа да фактор әсерінен ажал құшады. Әсіресе қыс мезгілінде жалғыз кетіп, жолынан жаңылған жолаушы туристі табу қиындық тудырады. Оның үстіне, қысқа күн де ұясына тез қонады. Күн райы күрт бұзылып, қар жауса, олардың ізін жасырып, одан бетер қиындата түседі. Мысалы, «109» құтқару қызметінің нөміріне қоңырау түссе, жаз мезгілінде құтқарушылар 2 сағат мөлшерінде жететін жерге қыс күндері 4 сағат уақытыңды жұмсайсың. Бұл аралықта адасқан турист үсіп қалуы мүмкін. Қозғалыста болмаған соң суыққа да тез ұрынады», деді құтқарушы.
Б.Данабеков серуенге шыққанда жоспарды дұрыс құрмау, тіпті киген киімнің жұқалығы, ықшамды болмауы, ауа райына назар аудармау да қатерге ұрындыратынын атап өтті. Лажы болса, күннің көзі еңкеймей үйге ерте қайту қажет екенін алға тартты.
«Алматы туризмі бюросы» туризмді дамыту департаментінің бас менеджері Айбол Мұратхан тау бөктерлеріндегі сүрлеу маңында адасқан адамдарға, төтенше жағдайға тап болған жандарға пана болар үйшіктердің соғылғанын жеткізді. «Алматы қаласының туризм басқармасы мен «109» құтқару қызметінің мамандары бірлесіп орнатқан үйшікте туристерге қажеттінің бәрі бар. 3 адамға арналған төсек-орын, телефон қуаттағыш, қыс мезгілінде ішін жылытатын құрылғы да қосылған. Егер жолаушылар жарақаттанса, алғашқы медициналық көмекке қажетті қобдишасы да тұрады», дейді А.Мұратхан.
Трекинг гид, «Almaty Trekking» компаниясының негізін қалаушы Махамбет Абдуллаев тауға шығуды көздегенде дайындыққа баса мән беру қажеттігін қаперге салды.
«Ғаламтордан дайындыққа қатысты мәліметті көптеп кезіктіруге болады. Ең алдымен жүретін бағытыңды зерттеу қажет. Қайда баратыныңызды қасыңыздағы адамдарға ескерткен дұрыс. Ауа райын жіті зерттеу керек, өз күшіңді дұрыс бағамдай алу да маңызды. Өзіне қажетті құрал-жабдықты түгендеп алған дұрыс. Өйткені қатер төнгенде кез келген оқыс оқиғаға дайын болуы керек. Жүретін жолыңыздың қашықтығын, шығатын шыңның биіктігін мөлшермен бағамдап алған артық болмайды. Егер турист орта жолда өзін жайсыз сезінсе, кері қайтқаны абзал, болмаса өзгелерге шұғыл хабарласқаны дұрыс. Өйткені уақыттан кешігу қашанда опық жегізеді. Жорық кезінде жоспарлы бағыттан ауытқуға болмайды, себебі адасып кеткен жағдайда құтқарушылар сол бағыт сорабымен іздестіреді», деген М.Абдуллаев әр адам қашанда алдымен өзіне сенуі керек екенін ескертті.