Қоғам • 19 Ақпан, 2021

Балықшы әжей

2536 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты Үрпек ауылында тұратын зейнеткер Орынкүл Жұмаділдәқызы үйдің күнделікті күйбең тіршілігінен қолы қалт еткенде өзен жағалап, бір уақыт балық аулап қайтқанды әдетке айналдырған. Биыл 75 жасқа келген зейнеткер немерелері балық сұраса, қыстың қақаған аязына да қарамайды. Мұз оятын бұрғысын, шелегі мен қармағын қолына алып ауыл іргесіндегі өзенге қарай тартып отырады. Торғайдың қалыңдығы бір метр мұзын оп-оңай бұрғылап ойық жасап алып, қармақ салуға кіріседі.

Балықшы әжей

Орынкүл әжейдің сырт көзге тосын көрінетін бұл ермегін жер­лестері де жақсы біледі. Қы­сы-жазы қармағын ұстап, өзен жақ­та жүретін зейнеткерді ауыл адамдары «балықшы әже» деп атап кеткен.

– 23 жылдан бері Торғай өзе­ніне қар­мақ саламын. Қысты­гүні көбіне шорағай түседі. Тор­ғай жақта болмаса, бұл маңда сазан түсе қоймайды. Сондықтан қыстай шорағай аулаймын, басқа балықтардың қылтаны көп, балалар жей алмайды. Ал шорағай алабұға, ақбалыққа қарағанда етті, қылтаны аз. Әуелі бір шелек шабақ аулап алып, бұрғылап ойық жасап шабақ ойнатамын. Бір күн тұра ма, екі күн тұра ма, әйтеуір түс­кен шора­ғайды шетінен ала бере­мін. Немерелерім де, өзіміз де бір мезгіл балық жегенді жақ­сы көреміз. Жылқының еті­нен жалығасың, сиыр, қой еті – ауыр. Ал балық жас-кәріге бір­дей жұ­ғымды таңсық ас қой, асқа­занға жақсы. Оның үстіне, үлкен адам қоз­ғалып тұрмаса қиын ғой, сондықтан бір уақ өзен жағалап бой жазып, балық аулап сергіп қайтамын, – дейді зейнет-
кер.

Орынкүл әжей көктемде өзенге бірнеше жұтпаны қатар ойнатып, шортан алады.

– Әкем 1954 жылы дүниеден қайт­ты. Шиеттей 5 бала – үш ұл, екі қызбен анамыз жесір қал­ды. Мен үйдің үлкені болған соң, 8-сыныпты бітірген соң, шешеме көмектесемін деп жұ­мысқа шығып кеттім. Сөйтіп, кешкі мектепті бітірдім. Кейін Қостанайда пошта операторы курсын тәмамдап, байланыс саласында еңбек еттім. Өзімнен кейінгі інім көтеріліп, оқуын бітірген соң тұрмысқа шықтым. Мен қайын ағамның қолына келін болып түстім. Екі жылдан соң, абысыным қайтыс болып, қайнағам үйленіп кетті. Артында қалған 5 баланы ешкімнің есігіне қаратпайық деп жолдасым екеу­міз өзіміз жеткіздік. Еңбекке ерте үйрендік қой, – деп күрсінді әжей.

Балықшы әжейдің сіңлісі, өңірге белгілі журналист Гүлбар­шын Смайы­лова: «Әпкем бел жа­зып бір де­малған кісі емес. Жас кезінде «Бурда» журналын жаз­дырдып алып, ондағы киім үлгілеріне қарап отырып, бізге неше түрлі сәнді киімдер тоқып беретін. Апамның осындай ең­бек­қор, еркін әрі жан-жақты болуы мінезден, тәрбиеден болса, әрі оған жездемнің де ықпалы зор болды. Жездем іссапарға жиі шығатын. Апам тапсырмаса да оған неше түрлі тоқыма құралдары мен түрлі-түсті жіп­терді өзі іздеп тауып, әкеп беріп: «Сенің қолың – алтын!» – деп шабыттандырып отыратын. Олар бір-бірін өмір бойы қолдаумен келеді. Апам балық аулаймын десе, ұлы да, жездем де қарсы болмайды» – дейді.

Әлі күнге дейін еңбектен қол үзбеген Орынкүл әже қазір де кез кел­ген үй ша­руасын дөңгелетіп әке­теді. Жазда бау-бақша егіп, ырғай, қара­қат, алма, тұшала, шие, таңқурай, құл­пынай, итмұрынға дейін өсіріп, одан тосаптың түр-түрін қайнатып, жауып тастайды. Балықшы әжейдің дастарқанынан қызыл ірімшік, ақ ірімшік, сарысу, құрт, май, ежігей, жент сияқты ұлттық та­ғамдар да үзілмейді. Мынау ер адамның жұмысы екен деп қарап тұруды білмейтін әмбе­бап әжей отағасы жоқта үйге қонақ келіп қалса, қорадағы тоқты-лақты да өзі сойып, мүшелеп тастайды.

Жетпістің бесеуін бағындырса да, қартайдым деп қол қусырып отырмай, қыстың көзі қырауда мұз ойып, балық аулап, саламатты өмір салтының жаршысы болып жүрген балықшы әжейдің әр күні – көпке үлгі.

– Жастайымнан еңбекке үй­ренген адаммын ғой, қарағым, қол қусырып қарап отыра алмаймын. Ал балық аула­у – менің сүйікті спор­тым. Әйт­песе, тамақ таба ал­май отырған жоқ­пыз. Шүкір, қора­мыз төрт түлікке толып тұр. Неше жылдан бері қысы-жазы ба­лық аулаймын. Осы ауылда «Ба­­лықшы кемпір» деген атым бар. Балықшы екенімді бүкіл Има­нов біледі, өтірік емес қой, ол да менің бір өнерім, – дейді Орынкүл әже.

 

Қостанай облысы,

Амангелді ауданы,

Үрпек ауылы