Әдебиет • 19 Ақпан, 2021

«Бақытсыздар» ақыны

737 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бәрін басынан бастауға бола ма, тағдыр?
Өзімді таппай адасқан кезімді ақтайтын.
Бәрін басынан бастауға бола ма, уақыт?
Енді күтпейін жолды ешкімі қайтпайтын...

Айжан ТАБАРАКҚЫЗЫ

Ақиқатында, өлеңсүйер оқырманның көбі лириканы жақсы көреді. Өйткені лирика – мөлдір өлең. Онда махаббат мен ғадауат, сұлулық пен нәзіктік, көңілге ұялаған мұң, сағыныш, арман мен аңсар, әрине, ең бастысы сезім бар. Қоңыр тіршілікте жақсы өмір сүруге һәм жақсы адам боп жүруге тырысатын әрқайсымызда айналамызға көрсете бермейтін (бәлки, одан ұяламыз) сезімдер болады. Жан тереңіндегі осы бір «құпия» сезімдер лирикада ақын жүрегінен нәзік иіріммен құйылып түседі. Сол үшін де мына жұрт «сезімшіл» өлеңдерді жиі оқитын болар. Ал өлеңнен әркім өзін іздейтіні екібастан.

«Бақытсыздар» ақыны

Қоғамда «жастар кітап оқымайды» деген дабыл әлі тоқтаған жоқ. Әйтсе де бұл пікірдің поэзияға һәм жас ақын Айжан Табаракқызының шығармашылығына қатысы шамалы екеніне сеніңіз (салыстырмалы түрде алғанда, шынында да бүгінгі оқырман проза оқымаса да, өлеңнен алыстай қойған жоқ). Неге десеңіз, автордың өз аудитория­сы қалыптасқан. Ақын кеңістігінде бәрі де өзі секілді сағынады, жылайды, наз­данады, өкінеді... Ең бастысы, автор «тағдыр көшесінде жүргенде жан тазалығын сақтауға, сезім көшесінде жүргенде жүрек тазалығын сақтауға, көңіл көшесінде жүргенде ой тазалығын сақтауға» ұмтылады. Осы үшін де оқыр­ман ақын өлеңдеріне иық сүйеп жұ­ба­натын болар, сірә.

Жұбаныш іздеп қайтады құстар,

жанына батып қай қайғы?

Ештеңе ұқпас жеңілтек жел кеп,

жапырақпенен ойнайды.

Сары бауыр дала бүк түсіп жатыр,

жазын қия алмай басқаға.

Уақыт дегенің мөлт ете түскен,

сұмдайрықтағы жас қана.

Жанымды қарып қып-қызыл сөзбен,

балконда ұзақ ой шектім.

Бізге де мүмкін қайту керек пе,

жаныңды ұқпай қойса ешкім.

 

Бәріне өзі кінәлі жандай,

аулада отыр Күз үнсіз.

...Ылғи да маған тесіле қарап

тұрады бір көз

– Сіз кімсіз?!

Құстар-ау, құстар...

Мен де сендердей,

қайтуым үшін келіп пе ем?

Тым ұза-а-қ болып көрінеді осы,

бұл өмір маған неліктен?

Көңілге уақыт жамау болмасын,

кеш сездік, неге кеш білдік?

Тіршілік дегенің – қайту екен ғой,

қайтудың мәні – ∞ !

Оның өлеңдерін бақытты адамдар оқымайды деседі. Тіпті бір оқыр­ман «Жақында тұрмысқа шықтым. Өмірім жақсарды. Содан бері Сіздің өлеңдеріңізді оқымайтын болдым», деп мойындапты. Жылайсың ба, күлесің бе?.. Қоғамдағы басқа жандардың бақыт­қа жеткені, әрине қуантады. Алайда бір қыз тұрмысқа шықса, ақын бір оқырма­нынан айырылады. Парадокс.

Айжан Табаракқызы поэзиясының ас­паны күңгірт. Кей-кейде күннің сәу­ле­сі көрінетіні болмаса, сұп-сұр болып тұ­ра береді. Бірақ ешқашан найза­ғай жар­қылдамайды. Әрі кетсе, себелеп жаң­­быр жауар. Өйткені өлең табиға­тын­да­ ашу, қыжыл деген жоқ. Тек наз­дана сөйлеген, тағдырға көндіккен жал­ғыз қыз бар. Ең бастысы, ақынның лирика­лық кейіпкері әдемі мұңая алады. Және ол өлімді де жат көрмейді. Бірақ бәрінен баз кешіп, жалаң түңілуге де бармайды. Ғұмыр­дың жалғандығын тағы бір еске алып, біреуді себепсіз сағынар, кейде ақ жауын­мен қосылып бір жылап алар, сөйтіп отырып:

Ынтызар қылар ғұмырда

не қалды дейсіз,

Арманның бәрі де жалған.

Бірдеңе қылып өмірді сүре тұрайық,

Басқасы келмеді қолдан, – деп қала­мын сүйкей салып, әйтеуір, бір жақсы­лықтан үміт күтеді. Осылайша, бойдағы түрлі сезімдер көңілдің күйімен ырғақты ауысып отырады. Бұл – ақынның өз мезгілі. Тіршіліктің төрт маусымынан жалығып, құлазыған адамдар Айжанның осы мезгіліне асығады. Онда, образды түрде, мәңгілік қалмаса да жүрек қағыс­тары қалыпқа келгенше көңіл суарады. Ең бастысы, кез келген оқырман ақын өлең­деріне міндетті түрде оралады. Поэзия­ның беймәлім сиқыры осы болар.

Бір қарағанда, ақынды өмірден ерте түңілген пессимист деп ойларсыз. Тіпті, «жылауық ақындар» тобының шың басына Айжанды қоярсыз. Дегенмен, ондай ұйғарымға асықпаңыз. Оның «жылауық» жырлары, жүрек назы – бәрі-бәрі өзіне ғана жарасады. Ал Өкініш, Сағыныш, Аңсар... – ақынның поэтикалық эмблемасы сынды. Лирикалық тынысы сол мұңдармен ғана шарықтайтындай. Ол осы көңіл күйде ғана жақсы жаза алатындай. Өйткені ол оның стихиясы.

Оның маған ұнайтыны сияқты,

Жаным содан жылайтыны сияқты,

Күте-күте жаңбыр жуып жамалын,

Жапырақтың құлайтыны сияқты,

Адал емес дүние!

 

Кейде елестің алдайтыны сияқты,

Еш естелік қалмайтыны сияқты,

Жалқы сезім қоңыр баққа бәрібір

Екеу болып бармайтыны сияқты,

Әдемі емес дүние!

 

Дәл бүгінгі салқын жаңбыр сияқты

Тұрмын жылап...

Ол да Тағдыр сияқты...

Қайран әппақ дүние!..

Ақын Құдайды жиі еске алады. Сол үшін де өмірдің өткінші екенін сана­лы түрде түсінеді. «Өзін іздеп жүрген­де өткен де, кеткен, құнын білмеген шақ­тарына» өкінеді. Кейде көз түгіл, көңіл жетпейтін бір мекенге кеткісі келеді. Және онысын жасырмайды, Құдайына ашық айтады.

Кеткім келеді...

Ұмыт боп шер мен шеменім,

Гүл өсер сосын мен жүрген

соқпақта мұң­лы.

...Қайырсыз болса тірлігім

Тәңірім бәрін,

Қалаймын тоқтатқаныңды.

Ал осы жүректі қарыған мұңды се­зім­дердің бәрі неден деп ойлайсыз? Бәл­ки, «кінәлілерді» кешіре алмаған­дығымыздан. Мүмкін, жауапсыз сезім­дерден. Адам өмірді таныған сайын себепсіз түңіле береді емес пе?.. Ал ақын бұның себебін философияға тіпті жақын­датпайды. Жәй ғана:

Қадірсіз ойын тірліктен қажытқан

сайын,

Үйір келеді неліктен күнәға адам?

Тағдыр да,

Түн де жазықсыз...

Осының бәрі

Дұрыстап жыламағаннан... – дей салады. 

Автор осы секілді шалт бұрылыс­тар­ды өлеңде нәзіктікпен астастыра шебер қолданады. Әрине, бұл қазақ поэзиясында жаңалық емес. Тұтас бір толқын еліктеген Гүлнәр Салық­бай­ларға тән осы стильді әр ақын өзін­ше жазып бақты. Алайда бәрі Гүл­нәр Салықбай бола алған жоқ. Оған жар­тылай ұқсап, жартылай ұқсамаған ақын­дар бүгінде өз орындарына келген сыңайлы. Әлқисса. Ақын қаламы лири­калық тосын шешімдермен қатар лири­калық юморға да жүйрік. Онда да биязы ишарамен лирикалық қаһарманға наздана үн қатады.

Назы көп бұл жүректі қайтер екем?

Білмеймін, қай тағдырға бұйырасыз...

... Өмір жайлы бірдеңе айтар десем,

«Өлеңдерің жақсы...»

– деп жымия­сыз...

Әдебиетімізде ақындар қай кезеңде де көп болған. Қазір де прозаға қарағанда поэ­зия ілгері келеді. Бұл, әрине, топ ақынның бәрі классик деген сөз емес. Әйт­се де, «нәрсіз ақындық, сиыр жорға­лыққа» (М.Әуезов) біржола түскен өлең­шілермен салыстырғанда, бүгінгі кейіп­к­еріміз Айжан Табаракқызының қаламы бөлек. Ақынның сәтсіз шыққан экспе­рименттері мен поэтикалық қуаты әлсіз тар­­татын кей өлеңдерін мақсатты түрде на­зар­ға алмадық. Әрі бұл жазғанымыз шы­ғар­маға сын немесе талдау болмаған соң, тек өлең мен өмір арасындағы ой­лар­­­ды ғана баяндадық.

«Қайда жүзерін білмегенге жел оңынан тумайды», дейді Монтень. Поэ­зияның алып мұхитында өзінің не жазатынын, қалай жазатынын білген һәм сол болмысымен оқырманға ұнаған ақын Айжан әрқашан тек көңіл күймен жазды. Әрине, ол заңды шығар. Алайда соңғы уақытта автордың өлең жазбай жүргенін ерекше еске салып, өзінің мөлдір өлеңдеріне қайта оралса екен, лирикадан жаңа арна тауып, ашыла түссе екен деген ізгі ниеттеміз.