Өнер • 19 Ақпан, 2021

Силуэт өнерінің саңлағы

383 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Живописьте суретшінің түс пен кеңістіктің түбіне жетуі қандай қиын болса, графикада ақ пен қара түстің үйлесімділігі мен көп қырлылығын дәл табу да соншалықты қиямет-қайым шаруа. Айырмашылығы жер мен көктей қос өнерде де шеберліктің шексіз шыңына жеткен талант қана шедевр тудыра алады. Суретші атаулының өзі таңдап алған саласында тың иірімдерді таба білуі оны өнер биігіне көтермей қоймайтыны хақ. Суретші Батухан Бәймен көрерменді ең алдымен бейнелеу өнерінің қиын түрін таңдап алуымен және графика сияқты шектеулі өнерден де шыңырау тауып, соның тереңіне бойлай білген шебер ретінде қызықтырады.

Силуэт өнерінің саңлағы

Графика канондары живопись­тің табиғатымен үндес еке­ніне қа­рамастан, ол түстер мен ­фор­ма­лар­дың бүкіл колоритін бе­ре ал­майды, бірақ графика соның бә­рі­нің ішінен ең негізгі компонент болып табылатын суретті таң­дап алуымен ерекшеленеді. Өнер­танушылар арасында «сараң гра­фика» деп аталып кеткен са­ла­ның өзінде де Батуханды сурет­кер­лік дәрежеге көтеріп тұрған та­бандылығы мен ізденгіштік қасиеті. Графиканы силуэт өнері ре­тінде қабылдасақ, дау жоқ, Ба­ту­хан осы кәсіптің саңлағы деп ай­туға болады.

Абай айтатындай, қиыннан қиыс­тыруды қажет ететін графи­ка өнерінде Батухан ең алдымен перс­пективаны жақсы меңгер­ге­німен көзге түсті. Ол сонымен бірге анатомияның барлық ньюанстарын терең зерттеген туын­дыгер. Дәл осы кез келген гра­фикке таптыра бермейтін екі қасиетін оның ең танымал туын­ды­ларынан қалтқысыз танисыз. Түс пен колорит мүлдем қол­да­нылмайтын өнерде сурет тең ше­шуші рөл атқаратынын шығар­машылығының бастауында-ақ жыға түсінген Батухан – қазақ графикасындағы бірегей суретші.

Сараң графика деп айтатын­дай-ақ бар, бұл шектеулі өнер шек­тен тыс сентиментализмге баруға да мүмкіншілік бермейді. Экспрессивті көңіл күйді білдіру де өте қиын. Мұнда тек сызықтар мен ашық және қара дақтардың қатаң лаконизмі ғана адам ха­рактері мен оның ішкі дүниесін ашуға көмектесе алады. Ал бұл дегеніңіз суретшіден үлкен креа­­тивтік ойлау жүйесін талап етеді. Айтары жоқ, ой қорыта алмай­тын суретшінің қара мен ақ түстердің кіршіксіз балансына қол жеткізуі тіпті мүмкін емес. Міне, Батухан дарындылығы сон­­да, ол осы аса дәлдікті қажет ете­­тін арақатынастың апогейіне же­ту арқылы қазақ графикасында нә­зіктікке құрылған кесек образдар жасай білді.

График-суретші монотонды қара дақтар мен қозғалысты, ре­льефті, тіпті образдық көріністі үлкен дәлдікпен жеткізуді әб­ден меңгерген. Графика өне­рін­де жазықтық пен сызық ерек­ше мән­ге ие болатынын шы­ғар­­ма­шы­­лығының әу басын­да кө­ңі­ліне түйген шебер мате­ма­тика­лық лаконизм мен силуэттің ас­қақ абстрактілігіне ерекше мән бе­ретіні соншалық, туындылары арқылы адамның бойында аңға­рым­паздықпен қырағылықты же­тіл­діруге ұмтылады. Графика­лық жұмыстарында сызықтар мен дақ­тарды бір композицияда бірік­тірудің барлық құпиялары­на ба­рынша терең бойлай біле­тін ­Ба­ту­ханның шығармашылық пара­дигмасының өзіндік ерек­шелігі мен мәні суретші әле­уетін толық аша түсуге көмек­теседі.

Монументалдылық пен нәзік­тіктің бейбіт қатар өмір сүруі өмірде өте сирек құбылыс екені айт­паса да түсінікті. Бұл құ­бы­лыстың қыр-сырын туын­ды­ла­рында толыққанды дәлел­деп бер­ген суретші Батухан ұлт­тық мә­дениетіміздегі кенже өнер­дің қарыштап дамуына зор үлес қосып келе жатқанымен қуан­тады. Әрине өзіне дейінгі М.Қи­самединов, И.Исабаев, Е.Си­дор­кин және өзінің ұстазы Т.Ор­да­беков сияқты алдыңғы буын қыл­­қалам шеберлерінен үйрене оты­рып, ол өзінің алабөтен жолын айқындап үлгерді. Батухан өз шы­­ғармашылығының тақырып ауқымдылығын дәл бедерлеумен қатар дара қолтаңбасымен де ерек­­шелене білді. Кең тыныс­ты туын­­дылары – соның айқын дәлелі.

Қазақстандық графика мекте­бі­нің заманауи мәселелерін жү­ре­гімен сезіне білетін Батухан Бәйменнің есімі Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал. Көрерменнің қиялын оятатын оның графикалық туындылары қазақ халқының тағдыры мен туған өлке тарихына арналған. Батухан Бәймен Шымкент педа­го­гикалық институтының графи­ка факультетін бітіргеннен кейін көп ұзамай өз туындыларын түр­лі көрмелерде көрсете бас­тады, ал 1989 жылы КСРО Су­рет­­ші­лер одағының мүшесі ата­нып үл­герді. Бүгінге дейін Қазақ­стан­ның Мәдениет қайраткері Ба­тухан Бәймен жүзге жуық рес­­публикалық және халықара­лық көр­меге қатысты. Әсіресе Түр­­­­кия, Ливан, Германия, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, Өзбекстан, Кипр ел­дерінде өткен көрмелері зор табысқа ие болды.

Қашауды барынша меңгерген ол өзінің алғашқы сериясының бірінде («Сурет салу сабағы») ­жа­­рық пен көлеңке үйлесімділігін ағаш, керамика, металл, гипс фак­­турасында штрихпен жет­кіз­ді. Композиция құрастыру тех­­­ника­сын да жеріне жеткізіп мең­­­герген ол 80-жылдардың ба­­­сын­да «Жастар» сериясында кес­­­­кінді шеңберге бейнелеу ар­­­қылы композициялық ше­шім­­­нің тұтастығына қол жет­кіз­ді. «Ба­­лалар ойыны» линогра­вю­­­ра­­сы­ның кейіпкерлері ең қиын ра­курсқа құрылғанымен кө­рер­­­меннің есінде қалды. «Кі­тап оқып отырған қыз» туын­ды­сын­да суретші ерекше элемент қолданды, қыздың фонын­да қиялымен құрылған кітап­тың сюжеті берілді. Қарулы ша­бандоздардың қара сұлбалары қақ­тығысқан шайқас осы туын­дының композициялық шешімін толықтыра түскен. Нәзік спираль­мен берілген баспалдақ болашаққа ұмтылуды бейнелейді.

Оның көркем графикалық бейнелеу суреткері ретінде танылуы «Ауылым – алтын бесігім» атты топтамалық туындыларын­да адамзаттық жəне ұлттық дəс­түрлер бірлігінің сақталуынан көрінді. Жаңа туындыны өзінің көркемдік ой елегінен өткізу арқылы рухани құндылықтар­ды айшықты көріністермен жа­зықтық бетінде шебер ұсына бі­луі, шығармашылық ойының нақты бейнелік сюжетпен сәт­ті берілуі суретшінің негізгі шығар­машылық ұстанымын анықтады. Бұл Батуханның графика əле­міндегі идея, композиция, сюжет, орындаушылық шеберлік өлшемдерінің тұтастығынан құ­ра­латын көркемдік биіктікке кө­терілуіне жол ашты.

80-жылдардың басында Ба­тухан түске көңіл бөле бастады. 1982 жылы сомдаған «Шабыт» туындысында суретші қанық ашық түстерді пайдаланды, ашық қызыл және көгілдір түстерді батыл үйлестірді, бейнелеу сарындарын жеке штрихтармен және қара түстің сұлбасымен белгіледі. Осы жұмыс болмыс энергиясынан қуат алып тұр: қыз айқара ашылған есіктің табалдырығынан өзге бір қайнап жатқан әлемге шешуші қадам жасайды. Оның тұла бойындағы жаңалыққа деген құштарлық қарама-қайшы түстегі қуатты штрихтардың ыр­ғағымен беріледі. Қыздың жас­тыққа тән асыр салып билеген сәті қоршаған кеңістікте ою-өрнекті жеке элементтерге арқа сүйеп жа­зылғанымен құнын түсірмей келеді.

Осы жұмыстан бастап сурет­ші жалпы образдық жүйенің ма­ңызды аспекті ретінде түсті пай­далануға жүгінді. Суретші эмо­циялық көңіл күйді білдіретін түс­терді таңдауда да ешқашан қателікке бой алдырған емес. Сол жылы ол образ сомдау тұр­ғысында сәндік көріністерді ай­қын­дау үшін түспен эксперимент жасай отырып, бірқатар түрлі-түсті линогравюралар жасады. «Қызыл жолақ» топтамасында адамдардың силуэтін сомдайтын пішін құраушы қуатты дақ ретінде қызыл түске ерекше ден қойды. Мұның өзі туындының динамикасын күшейтіп, шиелені­сін ширатып, композицияның ма­жорлық интонация сезіміне же­туіне мүмкіндік берді.

«Шабыт» және «Шығыс» мөл­тек ауданы» линогравюрасын мүлдем басқа бағытта жазған Ба­ту­хан графика өнерінде өзін­дік жаңа стилін қалыптастыр­ды. Туын­ды жазықтығын бірінші ­жә­не екінші планға бөле оты­рып, гра­фикалық элементтерге айқын гео­метриялық контурлар жасау арқылы кеңістікті керемет аша білді. Ақ қағазда қызыл, көк және жасыл түстердің үйлесімді комбинацияларын батыл жаса­ған суретші қазақстандық гра­фикаға осылайша жаңалық алып келді. «Қызыл жолақ» серия­сында шашыраңқы ақ, қара және қою көк түстер фонында қызыл дақтың басымдылық­пен қолданылуы туындының ди­намикалық тұрғыдан тың маз­мұнға ие болуына жол ашты. Бұл се­риядағы қанатты ат бейнесі мен ұрпақтар сабақтастығын бей­нелейтін образдар суретшінің көркемдік шешімге жету мақса­тында метафора мен символизм­ге деген ұмтылысын айқын аң­ғартты. Осылайша суретші шын­дықтың көркем образдағы шы­ғармашылық көрінісін әдемі әс­петтей алды.

Батухан шығармашылығында Абайдың поэзиясы елеулі орын алады. Көп қырлы графикалық жұмыстарында ақынның қазақ халқының өміріне арналған өлең­дерінің сюжеттері шеберлікпен қылқалам өнерінде қайталанды. «Абай өлеңдеріне» сериясында штрихпен бірге қара және ақ фонда қара дақ енгізу арқылы Батухан Бәймен композицияға белгілі бір мағыналық жүктеме беруі оның сырлы суреткер екенінен хабар береді.

Шыңғыс Айтматов шығар­ма­ларының сарыны бойынша жа­саған станоктік гравюралар топтамасы оның графикада адам тіршілігінің күрделі кол­лизияларын терең ашуына алып келді. «Жанпида», «Ғ­асыр­дан да ұзақ күн», «Ақ кеме» романдарына жасаған туын­дылары оның адамзатты мазалап келе жатқан мәңгілік сұ­рақтарға жауап іздеуден қо­рық­пайтынын аңғартты. Бұл жұ­мыстарда Батуханның дүние­танымының кеңдігін, көркемдік білімінің тереңдігін, шеберлік дағдыларының биіктігін бай­қамау мүмкін емес. Аталған шы­ғар­маларында қатаң ұстамды құрал болып табылатын штрихтар мен ақ-қара түсті пайдала­ну әдеби туындылардың ма­ңызды тұстарының қуатты квин­тэссенциясын көркем-плас­тикалық образдармен беру­ге ұласты. Ш.Айтматовтың шы­ғармашылығымен байланыс­ты жұмыстарда суретші қара ша­ңырақпен байланысты стилис­тикадан бойын аулақ салады. Мұнда декоративизм мен жасампаз интонацияларға суретші саналы түрде бармайды. Туын­дыда Шыңғыс Айтматов шы­ғармашылығының ішкі арқауы ғана емес, сонымен бірге жалпы адам тұрмыс-тіршілігінің те­рең табиғи-философиялық моти­вациясын құрайтын өмірлік кол­лизиялардың драмалық маңызы алдыңғы планға шығарылды. Мұны Батухан Бәймен суретші ретінде де, адам ретінде де өзінің айтматовтық топтамаларында терең сезіне білді. Суретші образдарды еркін және сенімді түрде кескі аспабымен сомда­ған. Осылайша линогравюра­ның көркем-бейнелеу партитурасы­ның сыйқырлы күшімен жазушы ­пайымы өмірге тың күш-қуатпен оралды.

Суретшінің «Аңдар мәтіні», «Ұлы дала», «Көшпенділер», «Түркілер» және «Көшпенділер ойыны» атты графикалық топтамалары əлемдік жəне ұлттық салт-дəстүр құндылықтарын бей­нелеуге бағытталуымен ерек­­шеленді. Бұл композиция­лар­да ұлттық дəстүрдің кесек образ­дарының сомдалуы, сахналық кө­рініс түріндегі табиғат пен қо­ғам құбылыстарының шынайы бей­неленуі суретші шеберлігін жаңа сатыға көтерді.

Линогравюра техникасын же­тік меңгергендіктен көр­кем бей­нелеудің, стильдің, компо­зи­циялық техниканың, сызық пен штрихтың түсін, сипаты мен пластикасының сан түрлі жолын таба білетін Батухан Бәйменнің терең ойға құрылған графика­лық жұмыстары көрерменді туған өлкесінің тарихы, қазақ хал­қы­ның тағдыры, оның мәдени дәстүрлерін сақтау проблемала­рына бейжай қалдырмайды. Бұл – өз идеяларының көркемдік тұр­ғыда шешімін табу мақсатында символизм, аллегория, метафора және гротеск техникасын жиі қолданатын Батуханның басты жетістігі.

1987 жылы ол Желтоқсан тақырыбын ашып көрсететін бірнеше литография сомда­ды. «Желтоқсан» туындысы өзінің ықшамдылығына, көр­кем мәнерлеу құралының жина­қылығына орай өзіндік эмоциялық күйі жағынан ерекше драмалық сипатқа ие болды. Ал «Мазасыз ұйқы» топтамасы пластикалық шешімі жағынан осы жұмысты жалғастыра түседі. Ең бастысы, мұнда литографияның мәнерлі мүмкіндіктері толық пайдаланылды.

Соңғы жылдары суретші тарихи бағытта бірнеше топтама­ны орындады. Біріншісі – «Түркі­лер» топтамасы, бұған «Ашина», «Оғыз-Қаған», «Орхон», «Ұмай-ана» жұмыстары кірді. Екіншісі – триптихқа жақын форматта әзір­ленген «Ұлы дала» топтамасы («Алтын Орда, «Көкбөрі», «Ақ­табан шұбырынды»). Үшінші топтама «Көшпенділер» деп аталады. Аталмыш жоба «Аңшылық», «Жаңа жер», «Доңғалақ» туындыларынан тұрады. Осы ақ-қара линогравюралар көркем-пластикалық шешімін тапқаны өз алдына, сонымен қатар синкрет­тік сипаттағы жаңа авторлық әдіс­пен біріккені суретшінің сәтті қадамы.

График осы қағидаларды ұс­тана отырып «Көшпенділер ойыны» тақырыбында жұмыстардың жаңа топтамасын ұсынды. Топ­тама 7 жұмыстан тұрады: «Теңге алу», «Қыз қуу», «Көкпар», «Аударыспақ», «Бәйге», «Бүр­кітші», «Жамбы ату». Бұл серия да Батухан Бәйменнің ізде­німпаз суретшілік ерекшелігін аша түсті. Осы жұмыстарда ол дүниетанымдық ұстанымының өзіндік бір кілтін тапқандай әсер қалдырады. Мұнда экспериментке жүгінген суретшінің шығармашылық портфолиосында орын алған абстрактылық­ты, затсыз композициялардағы плас­тикалық-көркем идеялар­дың түрлі жолдарын табуға ұм­тылыс байқалады. Дәл осы тұста оның көркемдік тұрғыдан ойлай білетіндігін және реалистік сарындағы уақыттың өзгермелі ырғақтарын символдық, таңба­лық образдарда сезіне алатындығын білуге болады.

Жеті композициядан тұра­тын ең үлкен сериялардың бірі – «Ескендір қорғаны». Бұл туындыны Батухан Бәймен Әлішер Науаидың осы аттас поэмасы­ның әсерімен жасаған. Мұнда суретші ежелгі грек мүсіндері мен суреттерінің стилін еске түсі­ретін қара фонда ақ дақпен сурет салу стилін қолданған. Гро­тесктік графикалық стиль­ді суретші «Тұйық» трип­ти­хі үшін дәл таңдады. Фило­со­фиялық тұжырымдамасы мен композициялық шешімі жа­ғынан күрделі «Жолда» серия­сында ол шумерлер мен майя­лар арасындағы ежелгі өрке­ниет­тердің пайда болуынан қазіргі заманға дейінгі адамзаттың жолын қарастырады. Табиғи апаттар мен ғарыштық апаттар біздің өркениетімізді жоюға қауіп төндіреді, бірақ жас ұрпақ үшін жаңа планеталарға жол ашық екенін көрсетеді. Осы серияның әр туындысында қара шеңбер жасырынған ғарыш объектілерін білдіру арқылы суретші бұл біз әлемде жалғыз емес екенімізді сезіндіргісі келеді.

Бір анығы, Батухан Әбдіке­рім­ұлы Бәймен– линогравюра техникасының көркемдік мүм­кіндігінде шек жоқ екенін бүгінгі күні толық және түпкі­лікті дәлелдеп шыққан сақа су­ретші. Туындылары гума­нис­тік құштарлыққа, туған жерге, сүйіспеншілікке және хал­қы­ның болашағына деген се­німге негізделген суретшінің шы­ғар­машылық қайнары әлі сар­қылған жоқ. Техникалық жағы­нан күрделі өнер жанры болып табылатын графика саласында танылған суретші-графиктің алдағы уақытта да өз көрерменін қуанта беретініне күмән жоқ.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ