Бокс • 19 Ақпан, 2021

Солақай Сонни

176 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

1970 жылдың 30 желтоқсанында Сонни Листон қапияда көз жұмды. Ол өз дәуірінің ең мықты боксшыларының бірі әрі бірегейі еді. 1962 жылы Чикагода өткен жарыста қарсыласын кескен теректей сұлатып салып, аса ауыр салмақта әлем чемпионы атанғаннан кейін көпшілік солақай Сонниді енді ешкімнің тоқтата алмайтынына күмән келтірмеді. Бірақ бәрі керісінше болды. Көп ұзамай атышулы боксшы алтын белбеуден айырылып қана қоймай, жылдар бойы тірнектеп жиған абыройдан да жұрдай болды.

Солақай Сонни

Болашақ бокс жұлдызы 1932 жылдың 8 мамырында АҚШ-тың Арканзас штатында дүниеге келді. Сол кездегі барлық қара нәсілділер секілді Листондар отбасы да кедейліктің азабын әбден тартты. Әкесі Тобидің екі әйелі болды. Алғашқысы 15 нәрестені дүниеге әкелсе, екіншісі 10 бала тапты. Сонни сол шаңырақтағы 24-нші перзент. Олардың барлығы да өз беттерінше өсті. Өйткені ішімдікке әбден салынған Тобидің оларды бағып-қағуға мұршасы болмады. Ол араққа сылқия то­йып алып, әйелдерін алма-кезек сабайтын. Әкелерінің қаһарынан қорыққан ұлдары мен қыздары көп жағдайда үйдегі жылы төсекте емес, мал қорада немесе далада ашық аспан астында түнейтін. Осындай азапқа шыдай алмаған екінші әйелі екі-үш баласын жетектеп, Миссури штатында орналасқан Сент-Луис қаласында тұратын туған-туыстарына көшіп барады.

Содыр әкесінен көп таяқ жеген Сон­нидің де шыдамы таусылады. Бір күні ол анасын іздеп, Сент-Луиске сапар шегеді. Үлкен шаһарға келген кезден бастап, бозбала теріс жолға түседі. Қылмыстық топ құрып, ұрлық істейді, пәтерлер мен түрлі мекемелерді тонайды, төбелес кезінде суық қару қолданып, қарсы келгендер­ге тапанша кезенді. Ақыры істі болып, 17 жа­сында 2,5 жылға түрмеге қамалады.

Темір тор жас жігітті тәрбиелей алма­ды. Бостандыққа шыққаннан кейін де ол жаман әдетінен арылған жоқ. Кері­сінше, өжеттігі, бірбеткейлігі, сал­қы­н­­­қан­дылығы, батылдығы және қаты­гез­ді­гімен көзге түскен Листонның қыл­мыс әлемінде беделі күрт артты. Сент-Луис­тің небір баукеспе ұрылары мен бас­бұзарларының барлығы да Соннимен санасатын. Тіптен ол атақты гангстер Фрэнки Карбоненің өзімен дос болған де­ген де сыбыс бар.

Түрмеден шыққан бетте Сонни тағы да ұрынады. Бірде такси тоқтатып, үй­іне бара жатқанда көлікті полицейлер тоқтатады. Құжаттарды тексеру барысында тәртіп сақшысы жүргізушіге жөн-жосықсыз килігеді. Сонни мүсәпірге ара­­ша түспек болған еді, заң қызметкері оның ар-намысына тиетін сөздер айтады. Листон әуелде үндемеді. Ал полицей қояр емес. Ол оны «қара нәсілді қарақшы» деп балағаттайды. Сол кезде Соннидің сол жұдырығы сақшының иегіне сақ ете қалды. Екі бүктетіліп түскен сақшы қара жолдың бойында ұзақ уақыт бойы ес-түссіз жатты. Сөйтіп Листон екінші рет темір торға жабылады.

Түрменің өзінің жазылмаған заңы бар. Ол өте қатал заң. Темір қапаста кім мықты, сол үстемдік жүргізеді. Осалдар мықтылардың бұйрығын бұлжытпай орындауы тиіс. Сонни де көптің бірі бо­лып қалғысы келмейді. Күш-қуаты бо­йына сыймай жалындап тұрған жас жігіт те қасындағыларға әмірін жүргізгісі кел­ді. Сол мақсатына жету үшін қара жұмыстан босағанда қап ұрып, темір-терсек көтеріп машықтанды. Денесі кә­дім­гідей ширығып, соққан жерін ойып түсіретіндей деңгейге жетті. Әсіресе, оның сол қолының жойқындығы таңдан­дыратын. Соннидің солақайының дәмін татқан талай тарланбоз есінен талып жатқанын көзі қарақты көрермендер әлі ұмыта қоймаған болар.

Екінші мәрте түрмеге түскен Лис­тон­ның өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгереді. Сол кезде ол өзінің бойындағы бұла күшті бекер босқа сарқығанша, спорт­пен айналысудың әлдеқайда тиімді екенін түсінді. Өйткені шаршы алаңға тек қарсыласыңды ұрып-соғу үшін ғана шықпайсың. Әр жекпе-жекте жеңіске жетсең, сыйақы аласың. Сол арқылы мате­риалдық жағдайдыңды да түзеуге мүм­кіндік бар. Соны қаперіне мықтап түйген Сонни түзеу мекемесінде қызмет етіп жүрген дін қызметкері Алоис Сти­венстің қол астында жаттығып, жұды­рықтасу өнерінің қыр-сырына қанығады.

1952 жылы түрмеден босаған Сонни білікті бапкер Джонни Тако жетекшілік ететін бокс залына келеді. Сол жерде жат­пай-тұрмай жаттықты. Алғашында то­маға-тұйық жүретін жігіт бірте-бірте бап­керіне сыр ашатын болды. Оңашада өзінің балалық шағы, әкесінен көрген азабы, басынан кешкен оқиғалары туралы Такоға тәптіштеп тұрып әңгімелеп беретін. Иә, Джонни де Соннидің «тегін жігіт» еместігін іші сезетін. Дұрыстап баптасаң, дап-дайын чемпион. Тек тілін тауып, оң бағыт беру керек. Осы жайттың барлығын ой елегінен өткізген Тако оған бар білгенін үйретеді.

Қырағы бапкер қателеспеген екен. Алғашында әуесқойлар арасында күш сы­насқан Сонни қысқа ғана мерзім ар­а­­­-
лығында елеулі табыстарға қол жет­кізеді. Атап айтсақ, 1952 жылы Чикаго­да дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Алтын қолғап» турнирінде бас жүлдені олжалады. Финалдық сайыста ол анау-мынау емес, Хельсинки Олимпиадасының жеңімпазы Эдвард Сандерстің өзінен басым түсті. Сондай-ақ түрлі халықара­лық турнирлерде АҚШ чемпиондары Джу­лиус Гриффин мен Лу Графф, Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері Герман Шрайбауэр сынды саңлақтарды сабайды.

1953 жылдың күзінде Сонни Листон кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін өткізіп, Дон Смитті бірінші раундта-ақ ұрып жығады. Бір жылда сегіз жекпе-жек өткізген ол жеті рет жеңіске жетті. Листон тек Марти Маршалға ұпай санымен есе жібереді. Есесіне одан кейін АҚШ боксшысы қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып, сан миллион жанкүйердің назарын өзіне аударды. Бір кереметі, 1955-1963 жылдар аралығында қатарынан 29 рет рингке көтерілген ол барлық бәсекені өз пайдасына шешті. Және де бұл жеңістердің бірде-біреуі еш күмән туғызған жоқ. Осы орайда «Бұрындары мен көшеде адам­дарды соққыға жыққаным үшін талай рет істі болып, түрмеге қамалдым. Қарабет болып, елдің қарғысын алдым. Ал қазір рингте адамдарды оңдырмай сабағаным үшін әжептәуір ақша аламын. Сонымен қоса, мақтау сөздер естіп, елдің алғысына бөленіп жүрмін. Міне, өмір деген осы!», деп Соннидің әзілдегені бар.

Листонның даңқы шартарапқа тез таралғанымен, жанкүйерлер оған бір­ден жылы қабақ таныта қоймады. Жан­күйерлер оған түрлі лақап аттар қоюдан жалықпады. «Гангстер», «Кинг Конг», «Жыртқыш», «Қара маймыл», «Тас дәуі­рінің адамы» деген атаулардың барлығы да Сонниге қаратылып айтылды. Бірнеше рет түрмеге түсіп, қылмыс әлемімен бай­ланысы бар адамның зор беделге ие болып, үлде мен бүлдеге ора­нуын қоғам қа­былдай алмады. Ал бокс­шының өзі ондай алыпқашпа әңгі­мелерге аса мән бер­мейтін. Оның ойы – тек чемпиондық тәжді иелену еді.

Айтқандай-ақ, әрбір жеңіс оны алтын белбеуге жақындата түсті. Ақыры, 1962 жылы Сонни Листон әлем чем­пионы Флойд Паттерсонмен күш сынасу құрметіне ие болды. Қос тарланның айқасы Чикагода ұйымдастырылды. Алайда бұл көріністі «айқас» деп айтуға да келмейді. Алтын белбеу сарапқа са­лынған сайыста Паттерсон оған қарсылық көрсетіп те жарытпады. Кездесу бірінші раундта-ақ аяқталды. Әлем чемпионын тұ­ғырдан тайдыру үшін небәрі 126 секунд жеткілікті болды. Сөйтіп аса ауыр салмақтың алтын белбеуі Сонни Листонға бұйырды.

Араға бір жыл салып, қарымта кездесу ұйымдастырылды. Бірақ Лас- Вегаста өткен кездесудің Чикагодағы жекпе-жектен еш айырмашылығы болмады. Бірінші раунд бел ортаға жеткен тұста Паттерсон тағы да жер құшып жатты. Бұл бәсеке бар-жоғы 130 секундқа созылды. Сол сәтте спортсүйер қауым «Арканзастың аюын» алдағы бес-алты жылда енді ешкім тоқтата алмайды деп топшылады.

Алайда ол сәт ұзақ күттірмеді. Алтын белбеуді иеленгеніне жарты жылдан енді асқанда сойқан соққылы Сонниді сабасына түсіретін саңлақ табылды. Ол – кәсіпқой бокстың болашақ королі Кассиус Клей еді. Листонның даңқы дүркіреп тұрған шағында Луисвилдің тумасы чемпионды сан мәрте жекпе-жекке шақырды. Өз-өзін жарнамалауды ұнататын жігіттің бұл әрекетін жан­күйерлер авантюрлік қадам деп есептеді.

Алға қойған мақсатын жүзеге асырмай тыным таппайтын Клей ақыры Лис­тонмен айқасу мүмкіндігіне ие бол­ды. Қос саңлақ 1964 жылдың 25 ақпа­нында Майами-Бичте күш сынасты. Көп­ші­лік Сонни жеңеді деп жорамалдады. Бірақ алтыншы раундтан кейін «қолым кө­тертпейді, көзім көруден қалды» деген желеумен әлем чемпионы жекпе-жек­ті жалғастырудан бас тартты. Сөйтіп Листон алтын белбеуден айырылды...

Кейіпкеріміз 1970 жылдың 30 жел­тоқсанында 39 жасқа қараған шағында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Бірер күн төркінінде қонақта болған әйелі үйіне оралған бетте күйеуінің өлі денесін кө­ріп, дереу полицияға хабарлайды. Бірақ әйгі­лі боксшының неден немесе кімнің қолы­нан өлгені әлі күнге дейін анықталған жоқ. Осы оқиға жайында күні бүгінге дейін сан түрлі әңгімелер өрбуде. Біреулер «Листон есірткі заттарды мөлшерден тыс пайдаланған. Содан жүрегіне салмақ түсті» десе, енді біреулер «Соннидің түбіне жеткен өзінің сыбайластары. Оны өлтірген мафияның мүшелері» деген уәжді алға тартты.

Міне, 1953-1970 жылдары шаршы алаң­ды шайқаған АҚШ-тың атақты бокс­шы­сының тағдыры осындай.