Қоғам • 19 Ақпан, 2021

Топтан озды тоғыз ақын

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ASSYL DOMBYRA республикалық ақындар айтысының алғашқы кезеңі өтті. Бұл сөз сайысы бұған дейін жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген «Алтын домбыра» аламанының жалғасы іспетті.

Топтан озды тоғыз ақын

ASSYL DOMBYRA деп айдар таққан айшықты аламан төрт кезеңге созылмақ. Жылдар жылнамасында төл өнерімізді төрге сүйреп келе жатқан айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойын арқау еткен алғашқы топта аузымен құс тістеген 16 ақын өнер көрсетті. Аламан доданың екінші тобы сәуір айының 10-жұлдызында, үшінші топ маусымның 5-нде Ақсуатта айтысады деп жоспарланған. Осылайша, барлық үш кезеңнің қорытындысы бойынша сайдың тасындай іріктеліп шыққан 24 ақын қыркүйек айында финалдық кезеңде бақ сынамақ. ASSYLTAS қоғамдық қоры демеушілік еткен айтысты елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты көрермен қауым ASSYLTAS TV youtube арнасынан тікелей эфирде тамашалады.

Асанәлі Әшімов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Светқали Нұр­жанов, Қойлыбай Асанов, Серік Құ­санбаев, Әнуар Омар, Аманжол Әлтаев, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы сынды өнер майталмандары мен ақын­дар қазылық еткен сөз сайысында ұлттық құндылықтар ұлықталып, қо­ғамдағы өзекті мәселелер қаузалды. Айтыс десе арқасы қозатын көптің кө­ңілін, шөп­тің шөлін қандырған ақ жаңбырша жадыратқан жыр додасында 8 жұп өнер көрсетті. ASSYL DOMBYRA айтысының талабына сай жеңіске жеткен сегіз ақын қыркүйектегі шешуші додаға жолдама алуы тиіс еді, дегенмен сайыста бір-біріне дес бермеген керекулік Аспанбек Шұғатаев пен оралдық Жансая Мусина қазылар алқасының шешімімен финалға қатар өтті. Топтан озған тоғыз ақынның қа­тарында Мейірбек Сұлтанхан (Қы­зыл­орда), Шалқарбай Ізбасаров (Аты­рау), Рүстем Қайыртайұлы (Ал­маты), Айтбек Тұрсынбаев (Тараз), Тө­леген Жаманов (Қарағанды), Ер­жан Әміров (Қызылорда), Айбек Жеңіс­қазиндер (ШҚО) бар.

Жыр аламанына қатысқан барлық 16 ақынға демеушілер тағайындаған 150 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы мен домбыра табысталды. Бас­ты сыйлық – асыл тастармен көм­керілген домбыраның иесі енді екі топ­тағы ақындар айтысы өткеннен кейін қыр­күйекте шымылдығын түретін соңғы сында анықталмақ.

– Жөргегінде жыр қасиетін еміп, «сөз құдіретін өз құдіретім» деп таныған қазақ үшін ұлтымыздың ұлы мұрасына баланатын айтыс өнерінің орны бөлек. Сондықтан болар, сұлу сөзге сусап келген тыңдарманды сүмбіле жырдың суатына сүйрей жөнелетін айтысымыздың бәсіресі сәтке де болса биіктен құлап көр­ген емес. Алматы – азаттықтың алтын бесігі ғана емес, сұлу жырдың салтанат құрған аяулы шаһары. Ұлт өне­рін қолдау бәрімізге ортақ борыш, – дейді Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов.