Көрме мақсаты – танымал суретші Т.Байғалиевтің қағаз бен кенеп бетіне өрнектелген туған өлкеге арналған шығармаларын өнерсүйер қауымға кеңінен насихаттау.
Жиында беташар сөзді Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатов сөйледі.
«Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап бейнелеу өнрінде де көптеген суретшіміздің шығармашылық табыстарға қол жеткізгені баршамызға аян. Солардың бірі де бірегейі – қазақ бейнелеу өнерінің қылқалам шебері, суретші Төлеуғазы Байғалиев. Оның еңбегі көл-көсір. Оның туындылары естияр көрермендердің жүрек төрінен орын алып, көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамын», деді С.Гиззатов. Одан кейін қылқалам шеберінің жетістіктерін жіпке тізді.
Автор – пейзаж, графика, тарихи жанрларда табиғатпен үндесе жұмыс істейтін санаулы суретшілердің бірі. Өнер иесі жыл бойы табиғат түстерінің өзгерісін адамның көңіл күйімен үндестіре отырып, оны күнделікті қағаз бетіне түсіріп отырады. Оған «365+1» картиналар сериясы дәлел. Автордың туындыларынан туған жерге деген ерекше сүйіспеншілігін көреміз. Ол өзінің картиналарында туған жерінің тамаша табиғатын суреттеп қана қоймай, Алаштың алыптары А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов сынды даналарымыздың кіндік қаны тамған топырақты әлемге таныта білді.
Шара барысында Көркемөнер академиясының вице-президенті Ерлан Сақыпов, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Динара Нөгер суретшінің картина жазу мәнері мен техникасының ерекшелігіне, тұлғалық қасиетіне тоқтала келіп, Суретшілер одағының атынан Алғыс хат табыстады.
Экспозицияға суретші Т.Байғалиевтің 100-ге жуық көз тартар сұлулығымен ерекшеленетін пейзажы мен терең тарихтан сыр шертетін өнер шығармасы қалың жұртшылық назарына ұсынылды.