Министр алғашқы күні өңір басшысы Ғали Есқалиевпен бірге «Оралагрореммаш» зауытындағы өрт сөндіргіш автомобиль техникасын шығаратын цехты аралап көріп, осында жасалатын автоцистерналар, сыйымды-құю техникасы, өрт сөндіру техникасы, тез тұрғызылатын ғимараттарға арналған металл конструкцияларымен танысты.
Бұдан кейін Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында жедел жағдай және су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша облыс аумағында орналасқан ТЖД аумақтық бөлімшелерімен кеңес өткізілді.
Жұмыс сапарының екінші күні министр Ақсай қаласындағы модульдік өрт сөндіру бөлімінің құрылысын тексерді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеевпен бірге өңірдің бірнеше елдімекендерін аралады. Аталған елдімекендердің аумағында өрт қауіпсіздігі саласын дамыту үшін өрт деполарын салу және жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі бар. Осы мәселелерге қатысты жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берілді.
Бөрлі ауданы техногендік сипаттағы сейсмикалық қауіпті аумақ саналады. Сондықтан аумақта болуы мүмкін ауқымды техногендік төтенше жағдайларға ден қою және оның салдарын жою бойынша басқару органдары, азаматтық қорғау авариялық-құтқару қызметтері бейқам болмауы керек. Осы сапарда Юрий Ильин және Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының өкілдері «Қазавиақұтқару» ТЖМ авиациялық бөлімшесінің МИ-8 тікұшағымен Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларының оқу-жаттығуын бақылады. Жаттығу барысында арнайы құрылғылармен құтқарушылар мен зардап шеккендерді түсіру және қабылдау және ТЖ болжанатын ауданнан зардап шеккендерді эвакуациялау бойынша тәсілдер пысықталды.
Бұдан кейін Юрий Ильиннің төрағалығымен өткен жұмыс кеңесіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев, Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Жасұлан Жұмашев, Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымы Бас хатшысының орынбасары Андрей Кудинов, ХАҚҰ халықаралық департаментінің директоры Салтанат Ташматова, ХАҚҰ Орталық Азия өңірі елдеріндегі өкілі Жанұзақ Токушев және облыс аумағында жұмыс істейтін ірі шетелдік мұнай-газ компанияларының басшылары қатысты.
Кеңес барысында Қазақстанның батысында – мұнай-газ саласының әлеуетті-қауіпті нысандары шоғырланған жерінде Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымымен бірлесіп халықаралық өңірлік тренинг-орталығын құру секілді бірқатар өзекті мәселе қаралды.
Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының құрамында қазіргі таңда 59 ел мүше болса, 16 мемлекет бақылаушы статусында екен. Ұйымның мақсаты апат кезінде халықты қорғау мен көмек көрсету, сондай-ақ дүлей және антропогендік апаттар жағдайында мүлік пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін құрылымдар құруға жәрдемдесу. Ұйымға қатысушы елдердің азаматтық қорғаныс қызметтері біріге қимылдап, тұрғындар үшін оқу және ақпараттық бағдарламаларды әзірлейді.
- Екі күндік сапарының қорытындысында министр Юрий Ильин төтенше жағдайлар бойынша халықаралық өңірлік тренинг-орталығын құрудың маңыздылығын ерекше атап өтті, дейді Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Бәкизат Мағзенова.