Әдебиет • 19 Ақпан, 2021

Сапар Байжановтың «Архив-Айғақ» кітабының тұсаукесері өтті

670 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Egemen Qazaqstan» редакциясында жазушы, ғалым, көсемсөз шебері Сапар Байжановтың «Архив-Айғақ» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сапар Байжановтың «Архив-Айғақ» кітабының тұсаукесері өтті

Кітап тұсаукесерінде Сапар Байжановтың көзін көрген, қызметтес болған әріптестері Сайраш Әбішқызы, Жұмагүл Солтиева, Жанат Елшібек, Сауытбек Әбдірахманов, Сұлтан Оразалин, Серік Негімов және жары Күләш Бейсенбіқызы қатысты. Жиын барысында қаламгердің өзі басқарған газетке қосқан елеулі еңбегі мен ұстаздық ұлағаты, тәлім-тәрбиесі ерекше аталып өтті.

6

Жиында бас басылым басшысы Дархан Қыдырәлі кітап мазмұнын,  көсемсөз шеберінің адамгершілік қасиеті мен рухани болмысын ерекше ілтипатпен әңгімеледі.

«Өздеріңіз білесіздер, газетімізде жылдардың жаңғырығындай жақсылардың сөзін, озық мақалаларды, көне құжаттарды кітап етіп бастыру, цифрлы форматқа көшіру сынды жақсы дәстүр бар. Мысалы, Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы», Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы» жарық көріп оқырман игілігіне айналды. Өткен жылы Сапар Байжановтың «Архив-Аймақ» кітабы жарық көрді. Карантин жағдайына байланысты дәл уақытында кітаптың тұсаукесерін жасай алмадық. Кітаптың таныстырылымын өткізудің сәті енді түсіп, реті бүгінге келіп тұр екен», деді ол.

Бұдан соң, Сұлтан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов, Күләш Бейсенбіқызы және Дархан Қыдырәлі салтанатты түрде кітаптың лентасын қиды.

9

Әрі қарай Күләш Бейсенбіқызына «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойға арнайы дайындалған төсбелгісі табыс етілді.

1

Жиын соңында тұсаукесерге жиналған қауым Сапар Байжановтың өмірі мен шығармашылығындағы сәттерді сөз етіп, қаламгер жайында түрлі естеліктерін айтты.

Айта кетейік, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықтар достығы орденінің иегері Сапар Байжанов 1973-1983 жылдар аралығында «Egemen Qazaqstan» газетін басқарды. Өткен жылы қаламгердің 90 жылдық мерейтойы аясында жер-жерде мәдени іс-шаралар мен конференциялар өткен еді.