Жиында негізінен жергілікті жұртшылықты жер, пәтер алу, кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекеттен несие алу сияқты мәселелер толғандырады екен. Сонымен қатар, жергілікті жұртшылық әкімге түрлі мәселелер бойынша да сұрақтарын қойды. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Нұрқасым Жұмаев облыс орталығына қарайтын «Шөлдала» шағынауданының жарық, су, жол мәселелерін көтерді. Бердібек Сапарбаев бұл үлкен мәселе екенін, ол мәселенің бәрін шешу үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы керек екендігін, алайда мәселе шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ, Тараз қаласының тұрғыны Құралай Сәбиеваның «Қаладағы «Барысхан» алқабынан мектеп салуға көмек берсеңіз», деген өтінішіне Бердібек Сапарбаев биылғы жылы Тараз қаласының өзінде біраз білім ошағының салынатынын, алайда «Барысхан» алқабындағы салынуы тиіс мектептің құжаты тым қымбатқа түскенін, оны қайтарып бергенін айтты.
Аудан тұрғындары да бейнебайланыс арқылы облыс әкіміне өз сауалдарын жолдады. Талас ауданы, Қаратау қаласынан Аягөз Жаңатай аталған қаладағы көп ғимараттардың жөндеу көрмей қаңырап тұрғанын, алайда баспанаға мұқтаж адамдар өте көп екенін жеткізді. Бұл орайда, Бердібек Сапарбаев бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, аудан әкіміне тапсырма берілгенін мәлімдеді. Ал, Мойынқұм ауданы, Қылышбай ауылының тұрғыны Еркін Сабыралыұлы ауылдағы ауызсу, газ мәселесін көтерді. «Облыстағы жалғыз ғана Мойынқұм ауданында газ жоқ. Сол себепті, Шу ауданынан Мойынқұм ауданына газ тарту керек», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, ауызсу мәселесіне орай, тиісті басшыларға тапсырма берілетінін айтты. Сонымен қатар, Шу ауданы, Төле би ауылының тұрғыны Әлімқұл Берданов аталған ауылда газ кіргізу құнының тым қымбат екенін, тіпті 500 мың теңгенің үстіне шығып кеткенін айтып шағымданды. Бұл орайда, Бердібек Сапарбаев аудан орталығы Төле би ауылындағы жағдайдың зерделенгенін, шынымен де бағаның шарықтап кеткенін айтып, мәселенің оң шешімін табатынына сендірді. Жиында өзге де тұрғындар әкімге көкейде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды.
Жамбыл облысы