Аймақтар • 19 Ақпан, 2021

Қарағанды облысының әкімі ел алдында онлайн режімде есеп берді

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы жыл сайынғы дәстүрлі есебін биыл онлайн режімінде берді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысының әкімі ел алдында онлайн режімде есеп берді

Айта кету керек, есеп беру кездесуін облыстың барлық телеарналары тікелей эфирде көрсетті. Сонымен бірге облыс әкімдігінің ресми аккаунты Instagram Akimat09, Saryarqa TV YouTube-арнасы, еkaraganda.kz сайты да онлайн-есептен ақпарат таратты.

Облыс басшының айтуынша, бір ай ішінде барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен 423 кездесу өткізіпті. Оған 44 мыңға жуық адам қатысқан.

Атқарушы биліктің алдында тұрған мағызды міндеттің бірі – тұрғындарды жұмыспен қамту. Осы орайда өңір басшысы былтыр мемлекеттік бағдарламалардың арқасында облыста 35 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын мәлім етті. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,6% көрсеткіш мұғдарында ұстап тұруға мүмкіндік берген.

Онлайн-есептік кездесуде Жеңіс Қасымбек денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне кеңінен тоқталды.

– Өткен жылы Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Нұра ауданының Шахтер ауылында жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаториялар салынды. Абай және Шет аудандарында орталық аудандық ауруханалар жөнделді. Осы жылы Ақтоғай мен Нұрадағы орталық аудандық ауруханалар да осындай өзгерістерді күтіп отыр. Ақадыр кентіне жұмыс сапарымен барғанымда ақсақалдар аурухана ғимаратын жөндеу туралы өтініш айтты. Биыл міндетті түрде ол жұмысты бастаймыз, – деді ол.

Сондай-ақ өңір басшысы онкологиялық диспансердің Жезқазғандағы филиалын ұйымдастыру мәселесін шешуге уәде берді. Сондай-ақ Қарағандыда ересектерге арналған облыстық көпбейінді аурухананың, облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық корпусының құрылысы басталғанын атап өтті. Сәулелік диагностика және терапия орталығы үшін ғимарат салу жоспарда бар. Ұзақ уақыт кідірістен кейін облыстық балалар ауруханасының құрылысын аяқтау да кезек күттірмейтін міндеттің бірі екенін тілге тиек етті.

– Жиһазбен және қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған қызметтік пәтерлерді беру есебінен дәрігерлер мен жас мамандарды тарту мәселесін шешеміз. Екі жыл ішінде 227 дәрігер баспанамен қамтылды. Алдағы екі жылда біздің облысқа жұмыс істеуге келген кем дегенде 300 маман пәтер алады, – деді ол.