Биыл кезекте тұрған 3 мыңнан астам адам әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілмекші. Бұдан бөлек әлеуметтік қорғалатын санаттағы кезекте тұрған 2 500 адам да баспаналы болған. Жеңіс Қасымбек әлеуметтік жалға берілетін және несиелік тұрғын үй беру қарқыны бір жылда 40%-ға өскенін атап өтті.
Облыс әкімі Қарағанды облысында 2021 жылы 14 жаңа өндірісті іске қосып, 2 600 жұмыс орнын ашудың жоспарда бар екенін айтты. Ал инвестиция көлемі 700 млрд теңгеден асады деген болжам бар.
Жақын арада Жәйремдегі байыту фабрикасы, ферроқорытпа зауыты және Qaz Carbon агломерациялық фабрикасы сияқты жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар екен. Саран қаласында қытайлық Yutong компаниясының қатысуымен автобустар мен арнайы техника шығаратын кәсіпорын іске қосылды және жақын арада шағын торапты құрастыру іске қосылатын болады. Сондай-ақ, биыл ресейлік «Татнефть» компаниясының қатысуымен шина шығаратын зауыттың құрылысы басталатынын хабардар етті облыс әкімі.
Қарағанды облысында биыл кәсіпкерлікті қолдауды қаржыландыру 2,5 есе өскен екен.
– 2020 жылы «Бизнестің жол картасы» бойынша жеңілдікті шарттармен облыстың 420 кәсіпорны өңір экономикасына 48 млрд теңге салып, өз жобаларын іске асыра алды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға бюджетте 7 млрд теңге қарастырылған. Ол өткен жылғыдан 2,5 есе артық, – деді облыс әкімі.
Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау 2 400 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген. Бір жыл ішінде өз ісін ашуға 1900 өтеусіз грант беріліпті. Облыс әкімінің жүз грантын жас кәсіпкерлер алды. Сондай-ақ түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылық қолдауды 3700 кәсіпкер пайдаланған. Бизнеске тегін оқыту курстарынан 2 800 адам өтті.