Аймақтар • 19 Ақпан, 2021

Түркістан облысында отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ахуалы талқыланды

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арыс қаласында  Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша  Департаментінің бастамасымен өткен «дөңгелек үстелде»  облыс аумағында орналасқан отбасы үлгісіндегі балалар ауылының бүгінгі ахуалы мен проблемалық мәселелері  ортаға салынды. 

Түркістан облысында отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ахуалы талқыланды

Тәрбиеленушілердің бүгінгі тұрмыс-тіршілігі кең көлемде талқыланған алқалы жиынға Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек,  Департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев және облысқа қарасты балалар ауылының директорлары, сондай-ақ  бейнебайланыс режимі арқылы Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова қатысып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндердің  қалауы мен  ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Балалар ауылының директорлары бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтсақ, түркістандық тәрбиеленушілерді Түркістан қаласына  тіркеп,  үй алу кезегіне тұрғызуда туындайтын мәселелерді шешу, балаларды жазғы демалыс кезінде Көкшетау, Қапшағай қалаларындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагеріне жіберу, 2002 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын  көрмеген «Бауыржан отбасы үлгісіндегі  балалар ауылын» жаңарту, «Төле би отбасы үлгісіндегі балалар ауылына» тиесілі 10 гектар жер телімін игеруге ықпал ету мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды кезең-кезеңмен қысқарту үшін тәрбиеленушілерді асырап алуға, патронатқа, қомқоршылыққа алуға киелі мекендегі азаматтарымыз ықылас білдірсе деген жанашырлық ниеттерін жеткізді. Облыс бойынша жалпы саны 175 жеткіншек тәрбиеленіп жатқан 3 балалар үйінің бүгінгі әлеуетінен кең мағлұмат алған Әлия Әбсеметова аталған ұсыныс-тілектерді алдағы уақытта Мәжіліс отырысында назарға салатынын айтты.