Аймақтар • 19 Ақпан, 2021

Түркістанда түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтеді

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында Елбасының тапсырмасына сәйкес наурыз айында өтетін түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін өткізуге дайындық жұмыстары басталды. Халық алдында берген есебінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл шара Түркістан қаласының туризмін жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал ететінін атап өтті.

Түркістанда түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтеді

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі» - деп атап көрсеткендей, баршаңызды облысымыз бен Түркістан қаласын қайта түлетіп, дамуы үшін өз үлестеріңізді қосуға шақырамын», деді облыс әкімі. Сондай - ақ, Өмірзақ Шөкеев есептік жиынында туризм саласын дамыту бағытында қолға алынатын жоспарлармен бөлісті. Биыл туристер ағыны мен келушілер саны 2 миллион адамға дейін артатынын айтты. Түркістан – Шымкент – Ташкент арасында жоғары жылдамдықты теміржол жобалары жүзеге асатынын жеткізді. Туризмді халықаралық деңгейде дамыту мақсатында Өзбекстан мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының форумы аясында Үкімет басшыларының қатысуымен Ташкент, Самарқанд, Бұхара облыстары мен Түркістан облысы құрамдастырылған турларды әзірлеу және оларды әлемдік нарықтарда ілгерілету бойынша төрт жақты келісімге қол қойылған. Қ.А.Ясауи кесенесінің айналасында ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр және мәдени демалыс орындары қызмет көрсетуде. Еліміздегі туризм саласындағы кадрлардың қажеттілігі және қалада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру ескеріле отырып, Түркістанда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылды.

«Облысымыз тарихи және мәдени нысандарға бай өлке. Өз кезегінде өңірде Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше  «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы іске асырылуда», деді Өмірзақ Шөкеев.

Қазіргі уақытта Түркістан қаласының тарихи орталығының аумағында жеке инвестициялар есебінен республикада теңдесі жоқ көпфункционалды «Керуен Сарай» туристік кешенінің құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі – 88 млрд теңге. Шығыс үлгісінде салынған бірегей кешенде қолөнершілері бар жабық базарлар, шығыс базары, сауда орталықтары, гандола қайықтарының жүзуіне арналған су арналары, ойын-сауық орталығы, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі қонақүйлер жұмыс істейтін болады.