Экономика • 22 Ақпан, 2021

Табыс һәм ең төменгі күнкөріс деңгейі

1015 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жалақысы жақсының жағдайы да жақсы. Бірақ айлық мәселесіне келгенде Қазақстанның жағдайы көңіл көншітерлік емес. 2021 жылдың басында әлемдегі ең төменгі жалақы рейтингін жариялаған Picodi халықаралық сервисі біздегі жалақыны 56 елдің ішіндегі ең төменгісі деп бағалапты.

Табыс һәм ең төменгі күнкөріс деңгейі

Былтыр пандемияға байланысты жұмыссыз қалған азаматтарға ел Үкіметі  артық-кемі жоқ 42500 теңгеден қаржылай көмек көрсеткені белгілі. Кейбіреулер «бұл қайдан келген сан?» деп түсінбей жүрді. Министрлік ақшаның көлемін ойдан алған жоқ. Мемлекеттегі ең төменгі жалақы көлемі осындай еді.

Иә, Қазақстандағы ең төменгі номиналды айлық мөлшері өзгеріссіз қалып отыр. Тіпті сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты былтырғыдан да азайып қалған.

Зерттеушілер рейтингті түзген кезде азық-түлік бағасы мен ең төменгі айлық көрсеткішін салыстыруды да ұмытпапты. Сонда өткен жылмен салыстырғанда Қазақстанда азық-түлік себетінің құны 14%-ға өскені белгілі болды, яғни ең төменгі еңбекақының 58,7%-ы азық-түлікке жұмсалады. Бұл – елімізде азық-түліктің бағасы шарықтаса да жалақы өспеген деген сөз.  

Елдегі еңбекақының аздығын айтып, Үкімет басшысына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Айбек Паяев айлығы шайлығынан аспайтын тұрғындардың тұрмысы нашарлағанын алға тартты. «Сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты ең төменгі жалақы мөлшері азайған жалғыз ел Қазақстан болып отыр. Бұл – сын көтермейтін мәселе. Жағдайды түзеуге ұмтылуымыз керек. Әлемдік стандарттарға сәйкес азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын нақты шығыстарды көрсете отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін өзгерту қажет. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін төменгі жалақы орташа еңбекақымен ғана емес, өмір сүрудің нақты құнымен де өлшенуі тиіс», дейді депутат.  

Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев Қазақстанда ең төменгі жалақы көлемі елдегі орташа айлықтың 20%-ын құрайтынын, бұл өте төмен көрсеткіш екенін жеткізді. «Ең төменгі айлық көлемін мемлекет реттейді және оның мөлшері республикалық бюджет туралы заңнамада бекітілген. Қазақстанда жалақы тым төмен. Айлық жағынан біз ЕАЭО елдерінің  ішінде Қырғызстаннан ғана озып тұрмыз. Бұл – елдігімізге сын. Әлбетте, кез келген мемлекеттің жалақысы сол елдің экономикалық жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан алдымен экономиканың нақты секторындағы ахуалды жақсартып алуымыз керек. Дегенмен де Үкімет 2023 жылға қарай ең төменгі номиналды айлық көлемін орташа жалақының 30%-ына жеткізуді қарастырып отыр. Олай болса, ең төменгі жалақы қазіргіден екі есеге көп болады» дейді О.Ордабаев. Әртүрлі салаға шолу жасап, статистикалық мәліметтер беріп отыратын finprom.kz сайтының дерегінше, 2020 жылдың соңғы тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы көлемі 14,3%-ға жоғарылап, 233,1 мың теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылға қарай өсуі әбден мүмкін. Егер Үкімет сөзінде тұрып, ең төменгі жалақының көлемін орташа жалақының 30%-ына жеткізсе, онда елдегі ең төменгі айлық шамамен 70 мың теңгеден асады деген сөз.

О.Ордабаевтың айтуынша, бюджеттік саланың өзінде ең төменгі айлық алатын адамдардың саны 1,2 млн-нан асады. Сондықтан халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жалақыны көтеру маңызды. Оның пікірінше, айлық көбею үшін алдымен жұмысшыға жалақы төлейтін жұмыс берушінің жағдайына қарайласу керек. «Былтыр желтоқсан айында кәсіпкерлердің алдағы жоспарын білу мақсатында арнайы сауалдама жүргіздік. Оған бас-аяғы 42,3 мың бизнес өкілі қатысты. Сонда бизнесмендердің 34,0%-ы мемлекеттік қолдауға жүгінгелі отырғанын жеткізді. Ал 32,4%-ы ішкі шығындарды азайтатынын, 11,2%-ы жұмыскерлерді қысқартатынын, 10,4%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшетінін, 9,8%-ы кәсібін жабатынын мәлімдеді. Осыдан түйгеніміз, қазіргідей сын сағатта кәсіпкерлерді, жұмыс берушілерді қолдап жіберсек, олар да жұмыс орындарын сақтауға, жалақыны ұлғайтуға ұмтылып, қызметкерлеріне жағдай жасауға мүдделі болар еді», дейді О.Ордабаев.

Сарапшылар сондай-ақ айлықтың аздығынан азаматтар зейнетақы қорына жеткілікті қор да жинай алмай отырғанын алға тартты. Мысалы, ел азаматтарының 721 мыңы ғана зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін пайдалана алады. Бұл – жалпы халықтың 4%-ға жетер-жетпес бөлігі. Демек, отандастарымыздың басым көпшілігі аз айлықпен күн көреді. Қазақтың табыс деңгейі қандай деңгейде екенін осыдан-ақ бағамдауға болады.

Жақында Премьер-Министр Асқар Мамин 2023 жылға қарай жалақы көлемі екі есеге артатынын айтып, қуантып тастады. Бірақ Үкімет тек мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығын ұлғайту мәселесін көтерді. Бұйырса, екі жылдан кейін педагогтердің жалақысы 330 мың теңгеден асады. Ал медициналық қызметкерлердің айлығы 2,5 есеге өсіп, 561 мың теңгеге дейін жетпек.

Жалпы finprom.kz мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде елдегі ең жоғары жалақыны тау-кен саласында жұмыс істейтіндер алады. Одан кейінгі орында қаржы және сақтандыру саласының мамандары тұр. Ал ең аз жалақы алатындар – сумен қамту және ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Сондай-ақ мұғалімдердің жалақысы көтерілсе де мектепте жұмыс істейтін педагогтен басқа мамандардың айлығы өспей отырғаны да ескеретін жайт.