Руханият • 21 Ақпан, 2021

Мемлекеттік тілді қайтсек меңгереміз?

823 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 30 жылдан асты. Бір қарағанда мемлекеттік тілді меңгергендердің қарасы аз емес, күн санап көбейіп келе жатыр дейміз. Бірақ мемлекеттік тіліміз мінбер биігінен көріне алып жүр ме деген сауалға келсек күмілжитініміз рас.

Мемлекеттік тілді қайтсек меңгереміз?

Тіл үйренуге 50 жаста да кеш емес

Тәуелсіз Қазақстанда тіл саясатын кезең-кезеңмен іске асыру жолға қойылғалы бері, мемлекет тарапынан қам­қорлықтың аз жасалмағандығын мына деректер айғақтайды. Белгілі журналист Есенгүл Кәпқызының зерт­теуінше, мемлекеттік тілді дамытуға бюд­жеттен 2001 жылы 0,1 млрд, 2008 жылы 5 млрд, 2011-2013 жылдары 19,1 млрд теңге бөлінген. 2013 жылы бөлінген 1,7 млрд теңгеден баспа өнімдеріне 1 017 млн теңге, тілді ин­тер­активті оқытуға 121 млн, форумдар мен конференциялар өткізуге 113 млн, тіл орталықтарын аккредитациялаудың методологиялық жүйесін жасауға 95 млн, www.til.gov.kz порталын қолдауға 43 млн, конкурстар өткізуге 31 млн тең­ге бөлінген.

Бюджеттен тіл саласына бөлінетін қы­руар қаржының қаншалықты орынды жұмсалатындығы, я тиімсіз іс-шаралар өткізуге кететіндігі беймәлім. Бір анығы, VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының ант беру рәсімінде 26 сөзден тұратын ант мәтінін ежіктеп оқи алмай міңгірлеген депутаттардың немкеттілігі мен білдей министрдің қазақ тілін білмей сынға ұшырауы екі­ұдай ойға қалдырған. «Бұл – қазақ тілін көпе-көрінеу менсінбеу ме әлде ра­­сымен тіл үйрену қабілетінің кемшін­дігі болғаны ма, апыр-ай», дескен жұрт қозғалақтасып қалған. Сонымен мем­лекеттік тілді мемлекеттік қызметкерге қалай үйретеміз? Қазақ тілін үйрену мүмкін бе? Мүмкін болса адам қанша уа­қытта тілді меңгере алады? Осы орайда қазақ тілін нөлден бастап үйреніп қа­на қоймай, үйретіп жүрген тіл мамандарын сөзге тарта отырып, осы сауалдарға жауап іздеуге тырыстық.

Қазақ тілін үйрету әдістемелерінің авторы Қанат Тасыбеков өзінің жеке тіл үйрену тәжірибесінен алынған, екі бөлімнен тұратын «Ситуативный ка­захский» кітабының авторы. Кітап дүкендерінде топ ондықта сатылған кітапты өз тұсында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та назарға алып, «Қазақ тілін үйренуге және барлық азаматтарымызды жақындастыруға бағытталғандықтан «Ситуативный казахский» жобасы мен «Мәміле» клубын атап өтуді маңызды деп санаймын», деген еді.

Мамандығы кәсіби филолог емес автордың өзі қазақша үйренуді 50 жас­тан соң ғана бастаған және тіл үйренуге ешқашан кеш емес деп біледі.

– Мен туған 1959 жылы Кеңес кезінде халық саны аз, қазақ саны 29 пайыз ғана болған. Өзім орыс тілді қазақпын. Елуге келген адам ел ағасы атанып, жұртқа жол көрсететін еді. Мен болсам әлі қазақша дұрыс сөйлей алмаймын. Бір жерге бара қалсаң «О, Қанекең келді» деп төрге отырғызады. Алдымен сөз беріп, артынан бата сұрайды. Сондай кездерде қазақша ойымды дұрыс жеткізе алмай, қиналып қаламын. Содан қолыма қалам алып әр жағдайға қазақша мәтіндер жазып дайындалып, жаттап жүрдім. Қазақ тілін осылай әр жағдайға мәтін құрап жүріп меңгеріп алдым. Қарасам жазған-сызғаным әжептәуір дүниеге айналыпты. Сөйтіп кітап жазуға тура келді, – дейді ол. Оның айтуынша, мемлекеттік тіл саясаты бағдары ауқымды міндеттерді іске асыруды көздегенмен, әйтсе де сол іс-шараларды іске асырушы ұйым жұмыстары көңіл көншітпейді.

– Кез келген мәселеде жақтаушылар, қарсы шығушылар және бейтарап қалушылар болады. Біздегі Тіл саяса­ты комитеті тек жақтаушы топпен ғана жұмыс істегенді жөн көреді. Тілді үй­реніп жүрген адамдар арасында кон­курс өткізіп, одан қалса өзге ұлт өкіл­дерін көрсетіп қоя­ды. Бұл мәселені ше­ш­пейді. Комитет бас­шылығына қа­зақша майын тамызып сөйлейтін адам емес, тіл методикасының жүйесін бі­летін маман келуі керек. Министрлік құ­рамындағы ақын-жазушы басқаратын кішкентай департамент емес, билігі жү­ретін құзырлы ұйымға айналуы тиіс, – деген ол азаматтық бастама көтеріп жүрген топпен құзырлы ұйымдар арасында бірлескен талқы, мәміле жүруі тиіс деп біледі. Сондай-ақ қазақ тілін өз­дігінен үйренудің тәжірибесі мен тіл­дік ортаның мәдениеті жайында сөз қоз­ғаған әуесқой лингвист мемлекет қыз­меткерлеріне қазақ тілін білуді мін­деттеу керек екендігін айтады.

– Демографиялық процестер мен өзге елдерден қандастарымызбен то­лығуымыздың нәтижесінде қазақ ті­лінің қолданыс аясы кеңіп жатыр. Халық қазақша сөйлейді, ал халықты басқаратын Үкімет орысша сөйлейді. Мен осыны айтудан шаршамаймын. Қа­зақ үшін екі қасиетті дүние – жер мен тіл мәселесі, дәл осы дүниеде аса мұқият болуымыз керек, – деді Қанат Тасыбеков.

 

Тілді бір айда меңгеруге болады

Өзбекстан тумасы Владислав Тен қазақ тілін өз бетінше меңгеріп алған­дардың бірі. Он шақты жыл бұрын Қа­зақстан астанасына көшіп келген соң дәрігер болып жұмыс істеп, кейінірек тіл оқыту орталығын ашқан. Қысқа уақытта қазақ тілін қалай үйренгенін әңгімелеп берген ол елдегі тіл мәселесі жайындағы ойларымен бөлісті.

– Бірнеше тіл үйренуден тәжірибем болғандықтан, шет тілдерін жеңіл үйренудің жолын жақсы білемін. 2017 жылы ағылшын тілін үйретуге бел буып, тіл оқыту орталығын ашқан кезде қазақ тіліне шындап кірістім. Осылайша қазақ тілін шет тілі ретінде бір жылда оңай меңгеріп алдым. Байқауымша, қазақ тілі мұғалімдері қазақ тілін ана тілі ретінде үйретеді, бұл қиынға түседі. Кезінде өз аталарымыз да корей тілін білмегеніміз үшін бізге көп ұрсатын. «Корейше үйреніңдер», «корей емес, мәңгүртсіңдер» дейтін. Сондықтан тіл мәселесін, онда да қазақ тілі мәселесін өте жақсы түсінемін, – дейді ол. Оның айтуынша, ниет болса тіл үйренудің ешқандай қиындығы жоқ, бастысы тілдің схемасын түсініп алу керек.

– Дәл қазір Ресейден келген қазақ қы­зы біздің орталықта тіл үйреніп жатыр. Негі­­зінен нөлден бастаған оқушы менімен күн­де бір сағат жаттықса қарапайым дең­гей­де сөйлеп шығуы үшін бір ай жетеді. 2017 жылы ашылған орталықта ең басында 90 пайыз ағылшын тілін үйретуді бас­таған едік. Қазір қазақ тілі мен ағылшын ті­лін үйренетіндердің саны теңесті. Жеке 200 студент, топпен мың­нан көп студент қазақ тілін үйреніп жатыр. Қазақ тілін то­лық үйретемін деп кесіп айту қиын, өйт­кені түрлі жеке бас мәселесіне қатысты үй­­ренуші бар­лық назарын сала алмай жа­­тады,­ – дейді Владислав Тен. Оның ай­туын­­ша, қазақ тілін үйрене алмадым деу сыл­тау, мен­­сін­беушілік қана. Ал мектептер­де қазақ ті­­лін үйрететін мұғалімдерге құлшыныс ке­рек.

– Мұғалімдерді жазғыру орынсыз. «Бір ай ішінде он студентті қазақша сөйлете алсаңыз, еңбекақыңызға осынша үстемеақы төленеді» деген шарт қойылса жанын салып оқытар еді. Қазақстандықтардың көбі қазақша сөйлегісі келеді, сөйлегісі келмейтіндер әлдеқашан кеткен. Әділдік тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақ тілінің кең қанат жаюын қолдаймын. Біз Ресейде емес, Қазақстанда тұрамыз, – дейді ол.

 

«Қазақша жаз» еріктілер қозғалысы

Қазақ тілінің аясын кеңейтуді көз­­дейтін «Қазақша жаз» еріктілер қоз­ғалысының табанды жұмысы аз уақытта нәтиже көрсетуімен тез танылды. Ерікті топтың талап-тілегінен кейін еліміздегі «KFC», «LG», «Mechta.kz», «Sаmsung», «Glovo», «Huawei» және осы тектес көп­теген компания әлеуметтік желідегі парақшаларына қазақ тілінде ақпарат бере бастады. Еріктілердің қатарында дизай­нер, программист, журналистер мен күнделікті қоғам­да болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамайтын адамдар бар.

– Қазақстанда тіл жағынан кемсітуге ұшы­рап отырған жалғыз ғана топ бар, ол Қазақстандағы ең ірі топ – қазақ­тіл­ді адамдар. Біз соның кішігірім бір бөлігі болғымыз келмейді. Қазақ ті­лін дамытқыңыз келсе, қазақша біл­мей­тін адамдарға «Қазақша сөйле!» деп айқайлағаннан гөрі, қарапайым тұ­ты­нушы құқығын қазақша талап ете бас­тау керек. Қазақстандағы ең ірі топ өз тілінде ақпарат алуға құлықты болмауынан, ниет танытпауынан, өзінің тұ­тынушылық құқын білмеуінен де тіл да­мымай отыр. Осы себептен, Қазақ­стан­­ға келген халықаралық компаниялар да, жергілікті компаниялар да, тіпті мем­лекеттік органдар да аккаунттарын қазақша жүргізгісі келмейді, жүргізбей-ақ қойғанды жөн санайды. Бәріне солай ыңғайлы. Тіпті қазақша білетін адамдардың өз­деріне де солай ыңғайлы болып тұр, – дейді олар.

Қазақ тілін қазақ әдебиетінің нысаны ғана етумен шектелмей, қоғамның бар саласында шынайы сұранысқа ие болуы қашанда өзекті мәселе ретінде аталып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қазақ тілін білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы» деген барша қазақстандықтарға үндеуі нақты іске, шешімге ұласса деген үміт тудырғаны анық. Сөз соңын қазақ тілін екі айда меңгерген аустралиялық Иуан Смиттің мына бір пікірімен түйін­дегіміз келеді: «Менің ойымша, шет тілін үйрену уақыт пен күшті қажет ете­ді. Бірақ адам басқа елде тұрса, сол елдің тілін үйренуге ты­рысуы керек. Жақында қазақ тілін үй­ренуді бастағандарға айтар кеңесім: сізді қызық­тыратын тақы­рыпты тауып, содан бас­таңыз». Бәлкім, қа­зақ тілін үйренуі тиіс һәм үйренгісі келе­тіндер үшін бір кәдесіне жарап қалар?!