Өнер • 22 Ақпан, 2021

Жамбыл тойына дайындық барысымен танысты

718 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толмақ. Осы орайда елімізде жүз жасаған ақынның мерейтойын атап өту шарасы қолға алынды. Руханият пен мәдениет саласындағы ілкімді іс Алматы облысынан бастау алмақшы. Әрі бұл ақынның кіндік қаны тамған Жетісу өңірі үшін үлкен жауапкершілік болып отыр.

Жамбыл тойына дайындық барысымен танысты

Жамбыл жылының межесінде атқарылар жұмыстың бір парасын бағамдап, ақын туған аудандағы мерейтойға дайындықты пысықтау үшін Алматы облысына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев келді. Оның жұмыс сапары Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінен басталды. Қонақтар алдымен музей алдына қойылған ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бүгінде жыр алыбының өзі тұрған үй музей ретінде жабдықталған. Қырымбек Көшербаев музейдің ішкі бөлмелерін, ақынның тұтынған бұйымдарын, музей қабырғасына жағалай ілінген өмірі мен творчествосы туралы жәдігерлерді тамашалады. Ал облыс әкімі Амандық Баталов қонақтарға әдеби музей кейінгі жылдары кеңейтіліп, қосалқы ғимаратпен толықтырылғанын айтып, мерейтойға дайындық жұмысынан хабардар етті. Құрметті қонақтарға жаңадан басылған Жамбыл мен Мұқа­ғалидың жыр кітаптарын сыйға тартты. Бұдан кейін қонақтар Жамбылдың рухани ұстазы Сүйінбай Аронұлының және композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекеніне барып, аруақтарға тәу етті. 

– 28 ақпан – жыр алыбының туған күні. Соның қарсаңында мерейтойлық іс-шаралар Нұр-Сұлтан қаласында басталып, Қазақстанның барлық өңірінде және шетелде жаппай өтетін болады. Бүгін біз Елбасының және Президенттің тапсырмаларымен Алматы облысына арнайы келіп, Жамбыл атамыздың басына тәу етіп, іс-шаралардың алғашқы қада­мын бастап отырмыз. Өткен жылы хакім Абайдың 175 жылдығын атап өтсек, биыл Жамбыл бабамыздың мерей­тойы. Екеуі де бір дәуірде, бір за­манда өмір сүрген – алыптар. Жам­был ақынды айтыс өнерінің шыңын­да тұр десек, оның сондай биікке өрлеуіне ықпал еткен, өзі «пірім» дейтін – Сүйінбай Аронұлы. Сондық­тан XXI ғасырдың түрлі үн қату­ларына лайықты жауап беру үшін біз осындай үлкен сабақтастық пен игі дәс­түрді жалғастыра отырып, өзіміз­дің рухани бастауларымызды, ұлы тұлғаларымызды танып-білуіміз керек, – деді сапар барысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.

Жал­пы, Жетісу өңірі Жамбыл Жабаев­тың мерейтойына байланыс­ты бірқатар іс-шара жоспарын әзірлеп отыр. Оның ішінде ақын туралы биографиялық фильмнің түсірілімі, өмірі мен шығармашылығына қатысты кітаптар шығару, ақындар айтысын өткізу, мәдени ескерткіштер орнату, суретшілердің халықаралық плэнерін өткізу сияқты ауқымды міндеттер атқарылмақ. 

Сондай-ақ Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Мемлекеттік хатшысы Қы­рымбек Көшербаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі «Ру­хани жаңғыру» бағ­дар­ла­масының жүзеге асу барысымен танысты. Қара­сай және Жам­был аудандарындағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысанды аралауға Мемлекеттік хатшымен бірге Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы Ұлық­бек Есдәулет те қатысты.

Қонақтар алдымен Үшқоңыр ауы­лында ашылған Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Президенті – Елба­сы­ның «Атамекен» тарихи-мәде­ни орта­лы­ғына атбасын тіреді. Мұнда Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақ­стан­ның Тәуелсіздік жо­лын­дағы та­ри­хи рөлін айшықтайтын музей экс­по­зицияларымен танысты. Музей­дің ар­найы тілек кітапша­сына Мемле­кет­тік хатшы өз қол­таң­басын қал­дыр­ды. Келесі кезекте Мем­лекеттік хат­­шы «Рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сы аясындағы «Туған жер» жобасы­мен са­лынған «Үшқоңыр» дене шынық­тыру-сауықтыру кешенінін аралап, көрді.

 

Алматы облысы