Руханият • 22 Ақпан, 2021

Академик атындағы аудитория

376 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуразия Ұлттық университетінде «Салық Зиманов: азамат, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Академик атындағы аудитория

Конференцияны Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашты.

Құттықтауда «Бүгін аса көрнекті ғалым, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толды. Бұл – отандық заң ғылымы ғана емес, бүкіл еліміз үшін айтулы күн.

Салық Зиманұлы Тәуелсіз Қа­зақ­станның құқықтық негіз­дерін қалыптастыруға орасан зор еңбек сіңірді. Ол «Мемле­кеттік егемендік туралы» дек­ла­рацияны, «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» конституциялық заңды, алғашқы Ата Заңымызды әзірлеуге атсалысты. Сондай-ақ Қазақстандағы парламентаризм институтын дамытуға айрықша үлес қосты.

Әйгілі ғалым құқық сала­сы­ның қыр-сырына терең бойлап, тағылымды еңбектер жазып қал­дыр­ды. Әсіресе, еліміздің саяси және құқықтық даму тарихы, билер институты сияқты тың та­қы­рыптарды терең зерттеді. Оның мол мұрасы алдағы уа­қыт­та да ел игілігіне айнала беретіні анық.

Салық Зиманұлы ұлағатты ұстаз ретінде көптеген білікті заңгерді тәрбиелеп өсірді. Оның шәкірттері ел экономикасының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр.

Дүйім заңгер-ғалымдар қоғам­дастығына мәлім Салық Зи­мановтың мерейтойы Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Туған еліне қалтқысыз қызмет еткен Салық Зимановтың ғибратты ғұмыры – жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.

Конференцияның жұмысы табысты болсын! Егемен еліміз өркендей берсін!» делінген.

Өз кезегінде Премьер-Ми­нис­трдің орынбасары Ералы Тоғ­жанов академик С.Зимановтың еліміздің заң білімі мен заң ғы­лымының қалыптасуы мен дамуына және егемен, демократиялық мемле­кетіміздің өркендеуіне қосқан баға жетпес үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Салық Зи­ма­новтың Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесі зор. Қазақстанның ұлттық мем­лекеттілігінің қалыптасу тарихы саласындағы ірі зерттеу ең­бектері оның өз дәуірінің ірі тұлғасы екенін дәлелдейді. «Ол өзін ортақ іске салып, бар күш-қайратын өз елінің дамуына жұмсады, өз халқына адал және жанқиярлықпен қызмет етті және бүгінде жаңа ұрпақ үшін нағыз үлгі болып табылады», деді Ералы Тоғжанов.

Жиында Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры Ерлан Сы­дықов тәуелсіздіктің орны­­ғуына, құқықтық мемлекет болып қалыптасуымызға өлшеу­сіз үлес қосқан тұлғаның ғасыр­лық мерейтойы ұлттық универ­ситеттің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

Ғылыми-конференцияға онлайн қатысқан Сенат депутаттары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ал­тынбек Нұхұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұл­танов, Ұлттық ғылым акаде­миясының президенті Мұрат Жұрынов академик Салық Зима­нов­тың мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі даралығын айтып, ғалымның Қазақстан заңдарының негізін қалаудағы ерен еңбектерін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ басқосуда Консти­ту­циялық Кеңестің Төрағасы Қай­рат Мәмидің, Жоғарғы сот Төр­ағасы Жақып Асанов пен Әді­лет министрі Марат Бекетаевтың  құттықтаулары оқылды.

Республикалық конференцияда академик тура­лы сөз алған ғалымдар мен қонақтар Салық Зиман­­ұлының ел егемендігінің бастауында тұрған аса көрнекті қазақстандық құқықтанушы ғалым болғанын, оның қазақ­стандық құқықтану тарихы­ның негізін қалағанын, тың идеяларды іздестіруде шәкірттеріне шынайы үлгі бола білгенін жеткізді.

Конференция шеңберінде Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің заң фа­культетінде академик Салық Зиманов атындағы аудитория ашылып, ғалымның ғылыми еңбектері мен өмірбаянының фотоматериалдар көрмесі ұйым­дастырылды.