Әлем • 22 Ақпан, 2021

ДСҰ-ның жаңа басшысы сайланды

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Женевадағы Дү­ние­­жүзі­лік сауда ұйымының бас ке­ңесі ұйымның басшысы қызметіне Нигерия өкілі Нгози Оконджо-Ивеаланың кандидатурасын мақұлдады.

ДСҰ-ның жаңа басшысы сайланды

Нигерияның бұрынғы қаржы министрі жаңа қызметіне 1 наурыздан бастап кіріседі. Ол, ең алдымен, әлемдік сауданың коронавирус пандемиясынан кейін қайта қалпына келуіне ерекше мән бермекші.

Жаңа төраға Дүниежүзілік сауда ұйымының қазіргі уақытта көптеген проблемамен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Оның сөзіне сенсек, ұйымдасқан нәтижелі жұмыс бұл ұйымды әлдеқайда қуатты, бүгінгі күнге бейімделген белсенді етеді.

«Бұл жол өте ұзақ, ауыр және белгісіздікке толы болды. Бірақ жаңа күн туды, енді нағыз жұмысты бастауға болады. Бүгінде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше-мемлекеттер тарихты өз қолымен жасап отыр. Ұйым құрылған 73 жылдан бері алғаш рет әйел адам, Африка өкілі басшылыққа келді. Бұл – нағыз серпіліс. Мен жақсылыққа сенем», деді Нгози Оконджо-Ивеала.

Жаңа төрағаны Еурокомиссия басшысы Урсулуа фон дер Ляйен құттықтады. Ол өз сөзінде осы сәттің тарихи маңызын ерекше атап өтті. У.Ляйеннің айтуынша, Еуроодақ Дүниежүзілік сауда ұйымының реформасын жақтайды және ережеге негізделген көпжақты сауда жүйесін қорғауға көмектеседі.

Айта кетейік, ұйым басшысының лауазымы өткен жылдың 31 тамызынан бері бос тұрған болатын. Соңғы төраға Роберту Азеведу сол күні басшы­лық уақыты аяқталмаса да, қызметінен кеткен еді.