Руханият • 22 Ақпан, 2021

Парасат биігіндегі профессор

364 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның қаржы саласындағы, салық жүйесіндегі шоқтығы биік шоғырдың ішінен Алданыш Нұрымовтың есімі ерекше естіледі. Әсіре айтқандық емес. Әсілінде, Алданыш Арыстанғалиұлының тәуелсіз Қазақстанның қаржы, салық қызметінің іргесін қаласқан ірі ғалым, ұтқыр ұйымдастырушы екенін жұртшылық жақсы біледі.

Парасат биігіндегі профессор

1995 жылы Қазақстан Республи­касының алғашқы Салық кодексі қа­былданды. Құнды құжат авторлары­ның қатарында біздің бүгінгі кейіпкері­міз А.Нұрымов та бар. Алданыш Арыс­танғалиұлы Қазақстанның қаржы сала­сының, салық жүйесінің іргесін қаласып қана қоймай, оның қабырғасын да көтерісіп, еңсесін тіктеуіне күш-жігерін, білім-білігін, тәжірибесін сарқа жұмсады. Отанға қалтқысыз қызмет ету деген осындай болса керек.

Экономика ғылымдарының докто­ры, профессор, Еуразия халықара­лық экономикалық академиясының ака­демигі, Қазақстан ұлттық жараты­лыстану ғылымдары академия­сы­ның академигі А.Нұры­мов – Қы­­зылорданың тумасы. Арал ауда­нының Сексеуіл кентінде кіндік қаны тамған. Жазушы Дулат Исабековтің бір кейіпкері: «Біз бала болдық, бірақ бізде балалық шақ болған жоқ», деген екен. Алданыш Арыстанғалиұлының балалық шағы да сұрапыл соғыспен, одан кейінгі мылтықсыз майданмен тұс­па-тұс келді. Соған қарамастан, ерек те зерек бала Алданыш қатарының алды болуға ұмтылды. Оны Мәскеу теміржол инженерлері институтына жетелеп апарған да осы бір ұмтылыс болатын. Бұған темір жол бойын мекен еткен әке-шешенің де әсер еткені даусыз.

А.Нұрымовтың еңбек жолы 1965 жылы Қазақ темір жолының Жамбыл бөлімшесінде басталды. Нор­малаушы, инженер-экономис­тен ғылыми жұмысты ұйымдастыру зерт­ханасының басшысы лауазымы­на дейінгі барлық сатыдан өтті. Кейін Жамбыл жеңіл және тамақ өнер­кәсібі технологиялық институтына (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университеті – автор) ауыс­ты. Бұл жерде негізін өзі қалаған Бух­галтерлік есеп және шаруашылық қыз­метті талдау кафедрасын басқарды. Сонымен қатар институт жанындағы Оң­түс­тік Қазақстандағы есеп-экономика факультетінің іргесін қаласты. Фа­куль­теттің алғашқы деканы да өзі болды. Сөйтіп, біліктілігі жоғары эко­номистерді даярлауды қолға алды.

Өзі де үнемі ізденіс үстінде жүр­ді. Бұл сөзімізге оның әр жылдары Ұлы­британия, Түркия, АҚШ, Жапо­ния, Оңтүстік Корея елдерінде білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтауы дә­лел. Алданыш Арыстанғалиұлының Қазақ­станды айтпағанда, Мәскеу, Сеул, Бу­дапешт, Ташкент, Бішкек, Орынбор секілді қалаларда ұйымдастырылған түр­лі конференцияларда жасаған баяндамалары ғылыми қауымдастық тарапынан өте жоғары бағаланды.

Профессор А.Нұрымовтың жетек­шілігімен түрлі оқулықтар мен оқу құралдары дүниеге келді. Бүгін­де олар­дың бәрі елдегі жоғары оқу орын­дарында, экономикалық білім беру мекемелерінде кеңінен қол­да­ны­лады. Сондай-ақ ол 300-ге жуық ғылыми еңбектің, 18 монография мен кітаптың авторы. Банк ісі, қар­жы және салық, бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметті талдау бағы­тындағы еңбектері болашақ эконо­мис­тер­дің игілігіне қызмет етіп келеді. Келе­шекте де көптің кәдесіне жарары даусыз.

Ол Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде табысты еңбек етті. Қазір Қаржы ми­нистрлігіне қарасты Қаржы академиясында қызмет атқарады – Қаржы және кеден ісі кафедрасының профес­соры. А.Нұрымовтың 50 жыл­дан астам еңбек өтілінің жартысынан көбі ғылыми-педа­гогикалық қызметпен, ел экономикасына қажетті кадрлар даяр­лау ісімен тікелей байланысты. Оның жетекшілігімен бір экономика ғылы­мының докторы, 10 ғы­лым кандидаты, 2 Phd доктор, 80 магистр даярланды.

Жалпы, А. Нұрымовтың өмір жолын екі үлкен кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірі – ғылымдағы ғибратты жолы да, екіншісі – мемлекет­тік, қоғамдық қызметтегі мәртебелі биігі. Алданыш Арыстанғалиұлының мем­лекеттік қыз­меттегі жолы да жемісті өрілді.

1980 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық инс­титуты партия комитетінің хатшысы қызметіне кірісті. Кейін Қазақстан ком­партиясы Жамбыл облыстық коми­тетінің өнеркәсіп-көлік бөлімінің мең­герушісі болып ауысты. Ал 1987 жылы Жамбыл облыстық атқару ко­митеті төрағасының орынбасары болды. Арада екі жыл өткенде Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің ап­паратына қызметке қабылданды. Әлеу­меттік-экономикалық бөлім мең­герушісінің орынбасары ретінде жаңа қырынан танылды. 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі іс басқа­ру­шысының орынбасары – Өңірлік д­аму және табиғатты қорғау бөлімінің мең­герушісі болды. 1991 жылдан През­и­дент Аппаратының Өңірлік даму рефе­рентурасына жетекшілік етті.

1991-1996 жылдар аралығында Қазақ­стан Республикасы Бас мемле­кеттік салық инспекциясы бастығының орынбасары, Қаржы министрлігі Бас салық инспекциясы бастығының орынбасары, Жамбыл облысы бойынша салық инспек­циясының бастығы болып қызмет атқарды. Бұл кезең егемен еліміздің өмі­ріндегі аса маңызды оқи­ғамен – рес­публиканың нарықтық экономикаға кө­шуімен тұспа-тұс кел­ді. Соған байланысты елде са­лық тура­лы көптеген заң мен Салық кодек­сі әзірленді. Оның бел орта­сын­да А.Нұрымов жүрді. Әріп­тестері – мемлекет қайраткерлері Е.Дербісов, М.Оспанов, А.Пав­лов, М.Есенбаевпен бірге Қазақстан Респуб­ликасының са­лық қызметін қалып­тастырып, дамы­туға үлкен үлес қосты.

Ол жиырма жыл Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жө­нін­­дегі есеп комитетінің мүшесі бол­ды. Бүгінде «Қазақстан Салық қыз­меті ор­гандарының ардагерлері» бірлес­тігінің пре­зиденті ретінде қоғамдық жұмыстың ортасынан табылып жүр.

Екінші дәрежелі салық қызметінің мем­лекеттік кеңесшісі, Жамбыл облы­сының Құрметті азаматы А.Нұ­рымовтың көп жылғы еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол әр жылдары «Құрмет» орденімен, бірнеше медальмен марапатталды. Қазақ­станның мемлекеттік басқару орган­дарындағы ұзақ жылғы еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қос­қан елеулі үлесі үшін «Алтын барыс» төс­белгісін иеленді.

Ғылымда өшпес ізі, мемлекеттік қыз­метте өлшеусіз өнегесі бар А. Нұрымов өмірдің кезекті белесіне қадам басты. Парасат биігіндегі профессордың қазаққа көрсетер қызметі таусылмасы анық. Өйткені ғалымның аты да, хаты да – мәңгілік.