Театр • 22 Ақпан, 2021

Әртістердің аты әзірге құпия: «Астана Балет» мерекелік гала-концерт өткізеді

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана Балет» Театры Халықаралық әйелдер күніне орай, қазақстандық балет жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өткізбек, деп хабарлайды Egemen.kz

Әртістердің аты әзірге құпия: «Астана Балет» мерекелік гала-концерт өткізеді

Наурыздың алтысы мен жетісі күндері көрермен қауым еліміздің үздік балет театрлары солисттерінің орындауында классикалық хореография жауһарларымен қатар, қазіргі заманғы өзекті эксперименттермен де таныса алады.

«Астана Балет» театрының сахнасында өнер көрсететіндер: Фархад Бөриев, Қазбек Ахмедияров, Татьяна Тен, Айжан Мұқатова, Сүндет Сұлтанов («Астана Балет» театрының жетекші солисттері), Бахтияр Адамжан («Астана Опера» театрының премьері), Жанел Төкеева, Мәлика Елшібаева, Рахым Дайыров (ҰАОБТ жетекші солисттері) және т.б.

«Гала-концерттің бағдарламасы, қатысатын әртістерің құрамы өте мұқият  таңдалады. Бұл үздіксіз шығармашылық үрдіс болғандықтан, бағдарламаның мазмұнын, оған қатысатын әртістердің есімін соңғы сәтке дейін құпия ұстаймыз. Әрине, театрымыздың сахнасында еліміздегі балет өнерінің саңлақтары өнер көрсететіні біз үшін зор мақтаныш. Көрерменіміз үшін, бұл — дарынды жұлдыздарды көзбен көру мүмкіндігі ғана емес, сан-алуан спектакльдердің үзінділерін тамашалау бақыты, дер едім», деп атап өтті, «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Аталған іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында елордалық театр тағы екі бағдарламаны ұсынбақшы: 12-13 наурызда «Вальпургиев түні» және «GAIA» бір актілі спектакльдері, ал, Наурыз мейрамына орай, 20-наурызда «Ұлттық балет кеші» өтеді.