Аймақтар • 22 Ақпан, 2021

Батыс Қазақстанда жол апатынан алты адам қаза тапты

5155 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақпанның 22-сі күні Атырау-Орал тасжолының 259 шақырымында, Атамекен және Алмалы ауылдарының арасында жантүршігерлік жол апаты болды.

Батыс Қазақстанда жол апатынан алты адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, ақпанның 22-сі күні 15.00. сағат шамасында Тойота Каролла және Лада Приора маркалы екі автокөлік бетпе-бет соғылып, алты адам сол жерде қаза тапқан. Жарақат алған бір адам Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізілді. Жол апатының себептері тексерілуде.

Облыстық Төтенше жағдайлар депаартаменті баспасөз қызметі қаза тапқандар – екі көліктің жүргізушілері мен «Лада Приора» автокөлігінің 4 жолаушысы екенін хабарлады. Ал «Тойота Королла» автокөлігінің жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Марқұмдардың денесін мыжылған автокөлік ішінен құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен алып шыққан.

«Осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, қылмыстық іс аясында транспорттық және трассологиялық сараптама жасалып, тиісті шешім шығарылады» дейді облыстық полици департаментінің өкілі Болатбек Белгібеков.,

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 29 жол апаты болып, 14 адам қаза тапқан, 61 адам жарақат алған.