Қазақ елі тәуелсіздік алғалы Риддер қаласының әкімі болып біраз азамат қызмет атқарды. Олардың арасында әртүрлі ұлт өкілдері болды. Сол әкімдердің қолдауының, басқаруының арқасында қаламыз өркендеп, барлық ұлт азаматтары бір атаның баласындай болып, берекелі өмір сүрудеміз.
«Шаңырақ» мектебінің ірге бекітуіне қала тізгінін ұстағандар мол үлес қосты. Сол әкімдер (Ю.Кудинов, В.Шипитильников, В.Бугтугутов, Ш.Снеговский, Н.Тілемісов, Д.Кавригин, М.Сапарғалиев) аталмыш жексенбілік мектептің бастауыш, орталау, орта мектеп-гимназиясына айналуына көп септігін тигізді. Сөйтіп, ата-аналардың арман-мақсаты іске асты.
*Жанайқай
Қазақ елі тәуелсіздік алғалы Риддер қаласының әкімі болып біраз азамат қызмет атқарды. Олардың арасында әртүрлі ұлт өкілдері болды. Сол әкімдердің қолдауының, басқаруының арқасында қаламыз өркендеп, барлық ұлт азаматтары бір атаның баласындай болып, берекелі өмір сүрудеміз.
«Шаңырақ» мектебінің ірге бекітуіне қала тізгінін ұстағандар мол үлес қосты. Сол әкімдер (Ю.Кудинов, В.Шипитильников, В.Бугтугутов, Ш.Снеговский, Н.Тілемісов, Д.Кавригин, М.Сапарғалиев) аталмыш жексенбілік мектептің бастауыш, орталау, орта мектеп-гимназиясына айналуына көп септігін тигізді. Сөйтіп, ата-аналардың арман-мақсаты іске асты.
Енді қазіргі қала әкімінің аузынан мынандай сөз шыққанына таңғалып отырмыз. Ол былай дейді: «Я вообще за смешанную школу, чтобы поддержать дружеские отношения между нациями». Әкімнің осы сөзі қолымызға еріксіз қалам алуға мәжбүр етті. Осындай айтылған сөздің астары оның ой-байламынан хабар береді.
Мемлекеттік тілде оқытатын мектептің ұлттар арасындағы достық қарым-қатынасқа кедергі келтіргенін естідіңіздер ме? Әлде бұл өзге ұлт өкілдерінің арасында «жалған бедел» жинаудың амалы ма? Мұндай сөз қазақ ұлты өкілдері ғана емес, қала жұртшылығы арасында түсінбеушілік, таңғалушылық туғызуда. Ел тәуелсіздік алғалы Елбасының қолдауымен мемлекеттік тілдегі мектептердің саны біртіндеп артып, халқымыздың ұлттық сана-сезімі оянып келе жатқанда, қала әкімінің аузынан шыққан осы сөз риддерліктерді ойландырып қана қоймайды. Мемлекеттік тілдегі мектептің дамуына, Елбасының еліміздегі бірлікті қуаттаған саясатына нұқсан келтіре ме деген ойдамыз.
Қаламызда әлі күнге дейін қазақ балабақшасының болмауынан қазақ мектебіне балалар дайындықсыз келеді. Орыс балабақшаларында қазақ топтары бар делінгенмен, балаларымыздың тілдері дамымай, шорқақ болып қалуда. Тіпті, кейбіреулері қазақшасын ұмытып, орысша сөйлейді.
Қазақ балабақшасын ашамыз деген әкімдіктің сөзіне үміттеніп едік. Қазір 12 топтың екеуі ғана қазаққа бұйырды. Кезекте тұрған, баласын балабақшаға орналастыра алмай жүрген ата-аналар қаншама? Қазақ балабақшасы болса, басқа ұлт өкілдері де балаларын сонда берер еді.
Қаладағы мемлекеттік тілде оқытатын мектеп екі ғимаратқа бөлінген. Сол аралықта оқушылар сабылып жүреді. Бұл оқу-тәрбие процесіне үлкен кедергі келтіреді. Мәселені шешемін деп, мемлекеттік тілдегі білім ұясын аралас мектепке айналдыру қазақ тілінің болашағына балта шабу деп білеміз. Жиырма екі жыл бойы қалада мектеп салына бастаса, мемлекеттік тілде білім беретін мекемеге береміз деген Риддер қаласы әкімдерінің уәдесі кейіннен ұмытылып қала беретіні қалай? Қалаға жаңа әкім келгелі бір мектеп жабылып, енді аралас мектеп ашу қамын ойластырғаны лайықсыз іс. Әкім мен халықтың ойы бір жерден шығып жатса, құба-құп болар еді.
Енді өркендеп келе жатқан мектепті аралас мектепке айналдырғанда не ұтамыз? Ата-ананың тілегін, оқушылардың үмітін кім ақтайды? Бұрын да қаламызда аралас мектеп аз емес еді. Біздер, үйіміз қаланың шет жағына орналасса да, балаларымызды мемлекеттік тілдегі мектепке еріккеннен, не болмаса ойсыздықтан беріп отырғамыз жоқ. Ата-аналар өз баласын қай мектепке оқытуын таңдауға құқы бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратовтың мұнысы несі?!
Мемлекеттік тілдің, яғни қазақ тілінің киесін естен шығармасақ дейміз. Біздің бұл айтқандарымыздан оң шешім болады деген үмітіміз бар.
Ата-аналар атынан:
Ж.Ж.Тауасарова, А.К.Гусапова, А.К.Улькуева, Ж.Ж.Садолова, Б.Т.Сағатбаева, В.А.Зинченко, Е.А.Ярич, Т.В.Притчина, т.б.
барлығы – 100 адам қол қойған.
Шығыс Қазақстан облысы.