Қазақстан • 22 Ақпан, 2021

Тоғызқұмалақтан Дастан Абдықановқа арналған турнир өтіп жатыр

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күні кеше қазақтың ұлттық ойыны Тоғызқұмалақтан ересектер арасында республикалық ашық онлайн және  1-10 сынып оқушылары арасында қалалық офлайн турнирі шымылдығын түрді.

Тоғызқұмалақтан Дастан Абдықановқа арналған турнир өтіп жатыр

Аталған турнир қатерлі індетке байланысты елімізде жарияланған Төтенше жағдай кезінде өзінің қызметтік міндетін лайықты орындап, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қапыда қаза тапқан полиция қызметкері, ІІІ дәрежелі «АЙБЫН» орденінің иегері Абдықанов Дастан Маратжанұлының ерлігін жас ұрпаққа насихаттау және еске алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Батыр есімін ұлықтаған ашық біріншілік 21 ақпан күні Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00-де playok.com платформасында басталған болатын. Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 247 спортшы қатысты. Жарыстың сайттағы нәтижесіне сәйкес 1-5 орын алған спортшылар жарыс демеушісінің арнайы қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.

Зияткерлердің шеберлігін шыңдаған бәсекеде Қызылордалық Дамир Ахметов 1-орынды жеңіп алса, Ақтөбелік Медет Хусаинов 2- орынға ие болды. Ал жүлдеді 3-орынға Павлодарлық  Бауыржан Абылайханов табан тіреді. Тағы бір Қызылордалық Біржан Елеусінов 4-орыннан көрінсе, үздік бестікті Ақтөбелік Гүлжанат Алдабергенова түйіндеді.

Жарыс әлі де жалғасып жатыр. 23 ақпан күні 1-5 сынып оқушылары (ұлдар,қыздар) арасында, 26 ақпан күні 6-8 сынып оқушылары (ұлдар, қыздар) және 27 ақпан күні 9-11 сынып оқушылары (ұлдар, қыздар) арасында сағат 10:00-16:00 аралығында алматы қалалық турнир өтеді.

Оффлайн жарыстың нәтижесіне сәйкес 18 ойыншы: І орыннан - 3 жүлде,  ІІ орыннан - 3 жүлде,  ІІІ орыннан - 3 жүлде,  ІV орыннан - 3 жүлде, V орыннан - 3 жүлде,  VІ орыннан - 3 жүлде  жарыс демеушілері тағайындаған қаржылай сыйлықтарымен, медальдарымен және арнайы Мақтау қағаздарымен марапатталады. Марапаттау рәсімі Алматы қаласы «Alatau Creative Hub» ғимаратында  27 ақпан күні 17:00 де өтеді. 

Тәуелсіздік алған жылдардан бері бір ғана алматының өзінде 70-тен астам полиция қызметкері жұмыс бабында қаза тауыпты. Олардың ерен ерлігі мен антына адалдығы ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Ауыр желдің өтінде жүріп арманынан алыстап қалған Дастан Абдықановтың есімі де ел есінде.