Руханият • 23 Ақпан, 2021

Хаттар, жылдар, тағдырлар...

1049 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит Мұқанов (1900–1973) ХХ ғасырда өмір сүрді, әдебиеттің барлық жанрында дерлік өнімді де өнікті еңбек етіп, соңына мол әдеби мұра, рухани қазына қалдырды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жыл­дарда да көптеген шығармалары қайта басылып, ХХІ ғасыр­дағы оқырмандарымен қайта қауышып жатқанына куәміз. 2020 жылы «Қазығұрт» баспасынан жазушының 10 томдық «Таң­дамалы шығармалары» мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді.

Хаттар, жылдар, тағдырлар...

Ғұмыры мен қаламгерлік бе­­лестеріне шолу жасағанда М.Әуе­зов «Жолы кең жазушы» деп бағалаған, Ғ.Мүсірепов «Бір өзі бір энциклопедия» деп сара­ла­ған, М.Мақатаев «Ол – қазақ­тың Бальзагі» деп даралаған Сәбит Мұқановтың эпистолярлық мұ­ра­сы да өте бай. Егде тартқан ша­ғында Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивіне хабарласып, өз қолымен тапсырған хаттары (1634-қор) жеке зерттеуді қажет етеді. Бірер дипломдық жұмыстар жазылғаны болмаса, бұл қазына қозғаусыз жатыр.

Қазақ жазушыларының арасында өзі жолдаған хаттарының қөшірмесін ұқыпты түрде жинап, өзіне келген хаттарды мұқият сақ­тап, оларды архивке табыс­тап отыр­ғандары некен-саяқ. 1965 жылы 30 сәуірде башқұрт жазу­шысы, досы Сәйфи Құдашқа жаз­ған хатында: «Менің «Хаттар мен хаттасулар» деген қалың кі­тап жасау ниетім бар. Сізбен жа­зысқан хаттардың біразын со­ған кіргізбекпін» деуіне қара­ғанда, дәл осы хаттарының жеке жинақ болып жарық көруін Сә­бең­нің өзі де армандап өткені бай­қалады. Біз Сәбеңнің осы арманын жүзеге асыру мақсатында көп жылдар бойы оның хаттарын жинақтап, жүйе­леп, сұрыптап бас­паға әзірлеумен айналыстық. Бұған музей кеше­нінің ғылыми қызметкерлері тия­нақты атсалыс­ты. Хаттар музей қо­рынан, архив­терден, мерзімді басылым­дардан, редакциялардың хатқоржындарынан, жеке адам­дардың қолынан алынды. Нәти­жесінде, «Мұқановтың хатханасы – Письмотека Муканова» атты хаттар жинағы (көлемі 25 баспа табақ) «Ақниет» корпоративтік қорының демеушілігімен 2018 жылы жарық көрді. Оған 300-ден аса хаттар енген.

Бұл кітапқа жинақталған хаттарды сол эпистолярлық мол мұ­раның сұрыпталған бір бөлігі ғана деп қабылдау лазым. Халық жазушысының хаттары және оған жеткен хаттар алғаш рет хро­нологиялық тәртіппен, қазақ жә­не орыс тілдерінде жазылған қал­пы сақталып, оқырмандар наза­рына ұсынылды. Бұл хаттарда тарих қойнауына кеткен жылдардың бояу-бедері де, уақыт табының іздері де, қоғамдық-саяси өмірдің тынысы да, жеке тұлғаның қалыптасу, есею кезеңдерінің суреттері де сақталған. Кейбір хаттарды тағдырлы деп тануға тура келеді. Мәселен, «Теңіз тепкісі» («Тулаған толқында») дейтін а­лғашқы әңгімесі Қызылордада кі­тап болып шыққанда, кітабына редак­тор болған С.Мұқановқа Ғ.Мү­сіреповтің 1928 жылы 18 сәуір­де жазған хатындағы мына бір ой­ларына назар аударайық­шы: «Мен әр бөлімді нығыз түймеген­дігімді білем. Бірақ онымның өзі­не бір баға бермекші едім. Көр­кем әдебиетте менің бір сүйе­тін нәрсем, жалғасы білінбей, көбі­несе, жалғасы келесі бөлімді оқып отырғанда ғана сезілсе екен деймін... Менің Гогольді сүйіп оқи­тынымды білетін едің ғой: кө­­бінесе ол, маған осы жағынан ұнай­ды. Қазіргі беталыста, жасы­рын жақтар аз болу керектігін біле тұрсам да, мен ұнат­қанымды іс­теп едім...». 26 жастағы Ға­бит­тің ал­ғашқы әңгімесін жазған тұстағы көр­кемдік ұстанымы оның бола­шақ қалам­герлік қуатының қалай болатынынан сыр аңғартып тұр­ға­нын байқаймыз. Жазу­шы мұра­ғатындағы құнды хаттардың бірі – осы.

1969 жылы Абайдың ізба­сар інісі, ақын Шәкәрім шығарма­шылығын саралауға, зерттеуге бай­ланысты арнайы ғылыми-үйлес­тіру кеңесі құрылып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутында талқылау өткізіліп жат­қанда: «Менде Шәкәрімнің ма­ған жазған хаты бар!» деп ко­миссия мүшелерін қайран қал­дырған С.Мұқанов, әрине, аласапыран заманда құртпай, жыртпай, өртемей сақ­тап қалған сол бір хаттың Шәкәрім қа­жының көзіндей болып, әлі күнге де­йін құны арта түсетінін сезген болар­ деп те ойға шомасың. «1931 жыл, 3 фе­в­-
­ральда Елсіздегі Саят қорада жазылды. Ардақты Сәбит бауырым! 11/ ХІІ-да жаз­ған хатыңызды жаңа ғана алдым. Бүгін Аягөзге жүрмек адамнан осы хат­ты асығыс жаздым. Қолымда бары­нан біраз ғана жазбамды жібердім. Олар: «Бәй­ше­шек­ бақшасы», «Нартайлақ әңгімесі», «Қазақтың түп атасы», жиырма бес жасымда жазған – «Бозбала мен кәрілік», отыз екі жасымда жазған – «Баламен айты­сып, жеңілгенім». Қолымда қаражаттық ақша жоқтығынан бұларды өзіңіз пош­та қаражатын төлеп алар деп доплатной қылдым. Бұрын басылған: «Қазақ айнасы», «Еңлік–Кебек», «Қалқаман–Мамыр» деген өлеңдерімді әр­бірінен өз қаражатыммен 1000 (экземпляр) дана бас­тырып елге таратып едім, «Қазақ, қырғыз, қалмақ, түрік шежіресін» де бір мың бас­тырып таратып едім. Соларды балалар­ға іздетіп, шежіренің бір жыртылып қалға­ны табылып; бұ­рынғы басылғанында қате бар, әм қосылмаған сөздер бар бол­ғандық­тан көшіріп жатырмын түзетіп» – деп тұңғиық сырлар тұнып тұрған Шәкәрім қажы­ның хатына қалай тебіренбейсіз. Бұл туралы «Шәкәрім қажының Сәбеңе жазған хаты» атты мақаламда («Егемен Қазақстан», 22.03.2006) таратыңқырап жазған болатынмын. Бұл хаттың түпнұсқасы Ал­матыдағы Орталық Мемлекетік ар­хивте сақтаулы.

Сәбең 1940 жылы 7 наурыз­да «Пет­ро­павл қаласының тұрғын­дарына» деп хат жазады. Қаланың тарихын арғы-бер­гіден қозғап, көптеген тың деректер келтіреді. Осы хаттағы: «...Абылай орыс пат­шалығымен дипломатиялық қа­­рым-қатынас жасап отырды. Қыс­қы театр ғи­маратының жа­нын­да, одан солтүстікке қарай, қа­ла­дағы ең көне екі қабатты үй тұр, оны қазақтар «Абылайдың ақ үйі» («Бе­лый дом Аблая») деп атаған» деп «тайға таңба бас­қандай» жазып қалдырғаны ке­йінгі өлкетанушыларға, тарихымызды жаңғыртушыларға көп кө­мектесті. «Бұл жерде бекіністен бас­қа ештеңе болмаған» деп бұра тартатындардың көмейіне құм құйылды. Бұрынғы Қызылжар қы­ра­тының үстінде «Абылайдың ақ үйі» музейі орналасқан. Алдында Абылай хан­ның ескерткіші бар. Қазақстанның сол­түстігінде ру­хымызды жаңғыртып тұр­ған қасиет­ті ғимарат. Сондай-ақ Пе­тро­павл қаласының бұрынғы атауы Қы­­зылжар екендігі туралы, жер­гі­лікті тұр­ғын­дар әлі күнге дейін Қызылжар деп атап келе жатқандығы туралы ол өзінің мақа­лаларында, хаттарында анық жазып қалдырған.

Жазушы С.Мұқановтың хат алыс­қан адамдарының арасын­да көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткерлері, шетелдік және қа­зақ­стандық ғалымдар, ақын­дар, жазушылар, баспагерлер, бұқара­лық ақпарат құралдарының басшылары, мәдениет және өнер қай­раткерлері, мұғалімдер, дәрі­гер­лер, жерлестері, туыстары, әртүр­лі мамандық иелері, т.б. көп­теп кездеседі. Өмір жолының әр­түр­лі кезеңдерінде біреулерімен жиі, екін­шілерімен сирек болса да хат алмасып, хат жазысып тұрған.

Кітаптағы оншақты хат қа­зақ журна­лис­терінің алғашқы ұстаз­дарының бірі, фи­лософ-ға­лым Үмітбай Балқашевқа ар­нал­ған. Біріншісі 1924 жылы жа­зыл­ған. Жастық шақтағы жанаяс­пас досы бол­ғанына хаттарды оқи отырып көз жет­кізесіз. «Үміт­бай! Фальсафаны былай қоя тұрғанда, сөзіңнің бәрі алтын. «Айту­лы дос­тың жаны бір» деген бұ­рынғының бір мақалы бар. Бұл сөз өте терең сөз һәм мысқалданып шыққан сөз. «Екі кісі шын дос бол­са, екеуінің жаны қосылады» деген сөз шығады. Екі жан бірге қосылса, екі адам көрініске екі басқа болғанымен, шынында – бір адам. Жаны қосылмаған адамда достық болмайды. Сенің мені сағынғаның, маған шын достығың екен. Мен өзім де солай едім... Қай­ран, жастық шақ! Мөлдір, таза дос көңіл-ай десеңші! Хат арқылы адам сырын да айтады, шынын да айтады деген осы шы­ғар... 1927 жылғы хатында былай дейді: «Алпамыс батырдың тайшұбары құлын күнінде көрген бақсыға кісенде, қолда тұрып: «Ол күнде қандай едім, бұл күнде қандаймын» депті деп оқитын едік. Ондай ауырлықта болмағаным­мен, сен көрген дәуір мен осы күнім­де көп өзгеріс болды ғой: алдымен менің қасымда сені танитын Рақима жоқ. Жаңадан алған әйелім Мәриям:«Үмітбайға хат жазып отырмын» десем: «Ол қайдағы жігіт?» дейді. Былтырғы жылы ұлым бар деп жазатын ұлым да жоқ. Көріспегелі аз-ақ жыл болып еді, қанша өзгеріс бол­ды. Былтыр басымнан ауыр, тұ­манды күндер өтті. Көрмеген қиын­шылықты көрдім. Өлім деген нәр­се оңай болғанымен, Рақима сынды адамды ашырқанбай көме қою оңай да емес екен. Оның үстіне Қазақстан жігінің кесірі маған да тиіп, Кадаленко сықылды жолдастар (Рақима өлейін деп бәлнесте жатқанда, Арыстан қолымда шырылдап жылап отырғанда) маған Атбасарға қызметке барасың деп 3 рет қаулы шығартты. 6 айлық жас бала мен аз күн тәтті өмір сүрген жолдасты өлімнің құшағына беріп, тым болмаса көзін жасырмай кету қиын жүк болды. Осының бәрінде Ғабит пен сен сықылды жолдасты кісі қалай аңсамайды». Мына хат Сәбеңнің «Өмір мектебі» рома­нындағы жазғандарын тағы да тия­нақтай түседі екен. Сондай-ақ біздің қолымызда Қази, Сәбит, Ғабит, Рақима – төртеуі түскен фотосурет бар. Оны Қани Қазиұлы тапсырған. Сарғайған сурет шертер сыр өз алдына бір әңгіме.

М.Жұмабаев пен С.Мұқанов өзара бірнеше рет хат алысқан. Соның бірі мынау: «Құрметті жол­дасым, Сәбит. Сіз менің Петропав­ловскідегі орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бе­ріп жүргенімнен хабардар бо­ларсыз. Январьдың басында мені қызметімнен босату туралы мә­се­ле қозғалғанымен де біраз уақыт­қа басылып қалған еді. Бірақ январьдың соңында бұл жай тағы әң­гіме болды да, мені жұмыстан шы­ғарып жіберді. Не себепті бо­сатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын. Декабрьде көркем әдебиеттердің қазақ баспасымен Толстойдың «І Петр», Некрасовтың «Декабристерін» аударуға келісімшартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын халде оралдым. Әсіресе, жұмыс­сыздығым жаныма жаман батады. Мен Қазақстанға жаңа жол­ға түскенімді өзімнің қалам ұшым­мен көрсетсем деген жалғыз тілек­пен оралдым. Қалай болғанда да орта­лыққа жетуім керек деп шеш­тім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүш­кілдігін айта отырып, Сізді де бір­демеге міндеттегім келмейді. Сіз­ге осылай жазуға қазіргі халім итер­мелеп отыр. Кешіріңіз. Бұл хат­ты қыдырып келген туыстарым жақтан, «Степняктан» жазып отыр­мын. Төрт-бес күннен соң қайта­мын. Құрметпен, Мағжан. 20 февраль, 1937 жыл». Жалпы Сәбит – Мағжан – Сәкен қарым-қатынастары туралы профессор Т.Кәкішев өзінің «Мағжан мен Сәкен» атты ғылыми эссе­сінде (Алматы, 1999) жан-жақты тоқталады және кейбір жандардың көкейінде жүрген күмәнді сауал­дарға бұлтақсыз, дәлелді жауап береді.

1943 жылы 27 сәуірде белгілі ха­лық ақыны, Қазақстанның ең­бек сіңірген өнер қайраткері, кере­кулік Нұрлыбек Баймұратұлы сау­да­мен айналысып жүр дегенді естіп, Сәбең оған хат жазады: «Сіз­ден тілейтінім – бұдан былай он­дай өткінші жұмысты кәсіп қыл­маңызшы. Сенімен мен саудасыз да күн көрсек қайтеді. Саудаға берген уақытты творчествоға беруіміз керек қой. Анада Н.Оңдасыновқа «Төлеген Тоқтаров туралы поэма жазам» деген көрінесің. Сол поэ­маң қайда? Біз күтуліміз. Қазірде елуге келіп қалдың. Енді елу жыл жүрмессің. Ойлан. Адам өмірге талантты болып келгеннен кейін кәкір-шүкірмен, дүние әуесімен емес, әдебиетпен айналысқаны жөн ғой! Сәлеммен Сәбит». Өзін өмір бойы шығармашылық жұ­мысқа арнаған Сәбеңнің бұл көз­қарасын түсінуге де болады. Шы­нында да Н.Баймұратұлы, осы қамшылаудың да әсері болған шығар, 1945 жылы «Ер Төлеген» дейтін поэмасын жазып, жария­латады. Оны Д.Снегин орыс тілі­не аударады. Поэма мек­теп оқулықтарына енеді. Жал­пы, Сәбеңнің қамқорлығын, кө­мегін, шапағатын көргендер өте көп. Көптеген хаттарды оқып отыр­ған­да бұған анық көз жеткізесіз.

Жазушының жауапкершілігі­не, жанкештілігіне, ұқыптылығы­на, керекті деректерді тірнектеп жинағанына дәлел болатын мақ­сатты хаттың бірі мынау: «Құр­метті Хакім! (Бекішев) Бұл хатты жазудағы мақсатым, біріншіден, амандық білдіру, екіншіден, кей­бір өтініштер айту. Сенің үйіңнің қасында Қоқыштың Зүбәйірі бар еді ғой. Содан өткен жаз жо­лық­қанда бір нәрсені жазып алуды ұмытып кетіппін, ол: Уәлі­нің Сы­рымбет тауына қай жақ­тан ке­луі, бәйбішесінің аты кім екендігі, бәй­бішесінің балалары­мен қай мекенде қалуы, Айғанымның кімн­ің қызы екендігі, оған үйленгенде Уәлінің неше жаста, Айғанымның неше жаста екендігі, міне, осы мәліметтер ма­ған өте тығыз түрде керек. Сондықтан сен­ осы хатты алған күні Зүбәйірді тап та, бі­летін әрпімен (мүмкін арабша бо­лар) табан аузында жазды­рып, бір күн­нен қалдырмай авиа­почтаға салдыр. Міне,­ осы өті­нішті өте тез орындауыңды ­сұ­рай­­мын.Құрметпен Сәбит. 16.ІІІ.1962 жыл. Ал­ма­ты.» (Хакім Бекішев – Сәбеңнің жерлес інісі. Отставкадағы подполковник. 1978 жылы Алматыдағы С.Мұқанов­тың музей-үйі ашылғанда, алғашқы ­директоры болған. Ә.Қ.)

Әрине жазушының көптеген хаттары өзінің шығармасының басқа тілдерге аударылып басы­луына қатысты. Өзбек жазушысы Насыр Фазыловқа жазған ха­тынан осыны аңғарамыз: «Құр­метті Фазылов жолдас! «Менің мектептерім»-ді аудару туралы жаз­ған хатыңызды алдым. ...Бұл күнге шейін менің ешбір шы­ғармам өзбек тілінде басылған емес. Сондықтан егер, өзбек туыс­тарды қазақтың ақ шашты бір жазу­шысымен таныстырамын десеңіздер, түгел басуларыңыз мақұл болар еді... Ақылдасып хаба­рын айтуыңызды өтінем...Жол­дастық сәлеммен: (Сәбит Мұ­қа­нов),
5 май, 1952 жыл. Алматы».

Абайдың Санкт-Петербургте шыққан тұңғыш өлеңдер жина­ғының бір данасын Абай музе­йіне С.Мұқанов өз қолымен тап­сырғаны туралы тарихи дерек бар. Соған мына хат та куәлік береді: «Құрмет­ті Сәке! – деп сәлем жолдайды Қайым Мұхамедханов,– Сіздің хатыңызды алдым. Шың­ғыстың тобымен түскен су­ретін, Жетісу қазақтарының, ұйғыр­ларының (ру басыларының) суре­тін жібердім. Сіз Москваға ат­тан­ғанша жетіп үлгерсе, жақ­сы болар еді. Жанайдардың Мей­рамының (қазақ үйінің сыртына әкесінің сауыт-сайманын іліп қойып түскен) суреті бар еді. Та­былмады. Шыңғыстың суреті ба­сылған кітаптарды (4 том) кө­руіңіз хажет. Роман жазсаңыз, аса қызықты мағлұматтар бар. Ол кітаптар мұнда бар еді. Аман ба, жоқ қолды болды ма, әзірге білгенім жоқ. Абай музейінде жи­налған бағалы кітаптарды, соның ішінде сіз тартқан 1909 ж. Абай өлеңдері, 900-дей томын таратып жіберіпті. Өзім әзірше ½ ставкамен Пединститутқа орналас­тым. Басқа қызмет болмай тұр. Алма­тыда шаруаларым бар еді, аман­шылық болса, алдағы күзге болмаса, баруға мұрша болмай тұр. Өзіңіз Москвадан қайтқан соң хабарласармын. Жолыңыз болсын! Мына суреттер қолыңызға аман тисе, хабар етерсіз. Ініңіз Қайым, Семей.12. ХІ.1955 жыл».

Жазушының әрбір жаңа шы­ғар­­масы оқырмандары тарапынан зор қызы­ғу­шы­лық туғызып оты­р­ған. Жазушы іні­сіне ­жол­да­ған тағы да бір хаты мынадай: «Жолдас Нұршайықовқа. Құрметті Әзілхан. Ұлы Отан со­ғы­­сының қанды күн­дерінде май­дан­нан келіп танысқаныңды әнеу­күнгі «Қызыл ту» газетінде жаздың. Аралас-құраласымыз аз болғанмен, содан бері жүректің жылы түкпірінде жүретін сен, менің 60 жылдығым тұсында інілік, туысқандық, жолдастық көңілмен, тойға көп атсалыстың. Сол қызметтеріңе алғыс ретінде, 40 шақты жыл бойына әдебиет майданында атқарған күрестердің бір елесі сияқты мына «Өсу жолдарымызды» жіберіп отырмын. Бұдан бәлкім ертерек жібермек ем, өзіңе мәлім «ымшық-шымшық» бөгет жасады. Кешіктіргеніме ке­шірім өтініп, аз сыйды көпке ба­лап алуыңды өтінем. Жаңа – 1961 жылың құтты болсын. Үй ішің­мен сау, өмірлі, бақытты бол.Туысқандық, ағалық кө­ңіл­ден С.Мұқанов. 2-І-1961. Алматы».

С.Мұқанов әр жылдарда рес­публика басшыларына бірнеше рет хат жолдаған. Соның бірі 1955 жылдың 18 сәуірінде Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төр­ағасы Д.А.Қонаевқа жазған хаты. Бұл кезде Мұқанов Жоғарғы Кеңестің депутаты. Хат қазіргі тілмен айтқанда ресми депутаттық сауал. Онда қазақ халық шығармашылығының көрнекті өкілі, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың 70 жасқа толар қарсаңдағы жай-күйі баян­далады. Жамбыл облысының Отар стансасында тұратын әншінің ауру-сыр­қаулығы, баспанасының нашарлығы, төрт баласының жас екендігі, отбасының асыраушысыз, қартайғанда қамқор­­лық­сыз қалғандығы айтылып келеді де: ме­рейтойы қарсаңында мемлекет тарапы­нан үй мәселесін шешу, таңдамалы жыр кітабын және нотасымен әндерінің жинағын шығарту, зейнетақысын өсіру, санаторийде ем-дом алуына жағдай жасау, әншіге халық композиторы атағын беру туралы ұсыныстарын санамалап жеткізеді. Хат орыс ті­лінде жазылған. Мазмұнының ұзын-ырғасы осындай. Осы талап-ұсыныстар толығымен орындалады. Министрлер Кеңесі арнайы қаулы қабылдайды. Кененге Қордайдан тамаша бес бөлмелі үй салынады (қазір музейі), жетпіс жылдық мерейтойы дүркіреп өт­кізіледі. Сол бір қиын тұста мем­лекет тарапынан қамқорлық жа­салуына зор ықпалы болған депу­тат Мұқановқа деген алғыс се­зімдерін Кенекеңнің балалары Төрткен де, Бақытжан да өздерінің мақалаларында, сұхбаттарында ұдайы ризашылықпен еске алып отыратындарын байқаймыз.

Музейде жазушының шығар­мала­ры аударылған және өзінің сапарлап бар­ған елдерінің картасы жасалған. Онда әлемнің 46 елі көрсетілген. Солардың бірі – Моңғолия. Енді мына хатқа үңі­ле­йік: «Құрметті Ш.Жамлиха жол­дас! Сіздің маған жолдаған ха­тыңыз, мен ескі жылдың аяғына дейін үйде болмағандықтан, жа­тыңқырап қалған екен. Сондықтан жауапты кешірек қайтаруыма рен­жімеуіңізді өтінем! «Ботагөзді» туыс­қан моңғол халқының тіліне аудар­ғаныңыз үшін сансыз рахмет! Аудармаңыз өткен 1972 жы­лы Улан-Баторда кітап болып ба­­сыл­ған екен. Жақын арада, редак­торы Г.Ахмет жолдас бір данасын маған жеткізіп берді, жақсы қа­ғазға әдемі болып басылған. Оған да рахмет. ...Сізге бір сұрау: «Жам­­лиха» сіздің атыңыз ба? Фа­ми­лияңыз ба? Хатыңыздан да, кі­­тап­тан да оны ажыратуға бол­май­­ды... «Аққан жұлдыз» рома­ны­ның (Шоқан Уәлиханов туралы) қа­зақша екі кітабы жарияланған, орыс­ша аудармасы жасалуда. Соң­­ғы үшінші кітабын жасау үс­тін­­демін. Сізге саулық, бақыт ті­­леп, туысқандық көңілден – Сә­­бит Мұқанов.15/І-1973 жыл.» (Қосым­ша дерек: Жамлиха Шал­ұлы (1939–2008), жазушы, аудар­ма­шы. 1992 жылы Атажұртқа орал­ған. Шығармаларын моңғол тілінде жазған. 20-дан аса қа­зақ қалам­герлерін моңғол тілінде сөй­леткен. Ә.Қ.).

Міне, «Жол таптым бар қазақ­тың жүрегіне, Осы да жетті деген тілегіне!» деп өзі жазғандай, халқына қалаулы, ардақты, сү­йікті болған Сәбит Мұқановтың көркем туындыларымен бірге, бұл хаттарының да, оған жазылған хаттардың да жылдар парақта­рын аударып қарағанда, адамдар тағ­­дырларынан сыр шертетін мыз­ғымас ескерткіш болып қаларына кәміл сенеміз.

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

Алматыдағы С.Мұқанов пен
Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемо­риал­дық музей кешенінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты