Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында әрбір өңірде, қала мен ауданда жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін нақты нысаналы индикаторлар мен мерзімдер белгіленіп, сондай-ақ оған жауапты орындаушылар айқындалды.
Сонымен, партияның орталық аппаратының баспасөз қызметі биыл еліміздің солтүстік өңірлерінің тұрғындары үшін қолға алынатын жұмыстар туралы мәлімдеді.
Ақмола облысында алдағы 5 жылда 1948 көрсеткіш пен 5175 іс-шараны орындау көзделген. 2021 жылы Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы 16,4%-ға, 2022 жылы – 38,3%-ға, 2023 жылы – 59,9%-ға, 2024 жылы – 80,3%-ға және 2025 жылы 100%-ға орындалатын болады. Биылдың өзінде 27 медициналық нысанның 14-і, 119 мектептің 37-сі, 21 балабақшаның 5-еуі, 60 спорт нысанының 22-сі салынады. 5 жыл ішінде 3,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 80 мыңнан астам жұмыс орны ашылады және басқа істер атқарылады.
Қостанай облысында 2215 көрсеткіш пен 6491 іс-шараны орындау жоспарланған. 2021 жылы өңірлік сайлауалды бағдарлама 20,1%-ға, 2022 жылы – 40,1%-ға, 2023 жылы – 60%-ға, 2024 жылы – 79,9%-ға, ал 2025 жылы толығымен жүзеге асырылады. Осы жылдың соңына дейін 2803 км автожолдың 480 шақырымы, 923 км сумен жабдықтау құбырының 160 шақырымы, 207,6 км газбен жабдықтаудың 44,4 шақырымы салынып, реконструкцияланады. Жалпы, 80 мың жұмыс орнын құру, 42 жаңа кәсіпорын ашу және кеңейту, 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Қостанай қаласында 1750 орындық студенттерге арналған 4 жатақхана салу, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға несие беру, көтерме жәрдемақы беру және тағы басқа арқылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 1500-ден астам білікті жас маманды әлеуметтік қолдаумен қамту жоспарлануда.
Павлодар облысында Жол картасы аясында 2691 көрсеткіш пен 1888 іс-шараны орындау көзделген. 2021 жылы партияның сайлауалды бағдарламасы 16%-ға, 2022 жылы – 34%-ға, 2023 жылы – 58%-ға, 2024 жылы – 73%-ға және 2025 жылы 100%-ға іске асырылады. 2021 жылдың өзінде 14 000 пәтердің 2 444-і, 3 медициналық нысан, жастарға арналған бір жатақхана, 5 мектептің 2-еуі, 28 спорт нысанының 5-еуі салынады. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 364 нысанның 161-і қайта бейімделеді. 5 жыл ішінде 69 мың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ Nur Otan партиясы жеңілдетілген несие беруді, келісімшарттық қаржыландыру тетігін, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша техника, жабдықтар лизингін кеңейту арқылы дихандарға барынша қолдау көрсетуге ниетті. Егіс алқаптарын кеңейту, көтерме-тарату орталықтарын салу сияқты тағы да басқа істер көзделіп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында 2078 көрсеткіш және 1134 іс-шара бекітілді. 2021 жылы Nur Otan сайлауалды бағдарламасы 21%-ға, 2022 жылы – 47%-ға, 2023 жылы – 74%-ға, 2024 жылы – 88%-ға және 2025 жылы 100%-ға орындалатын болады. Осы жылы 2,7 мың км автожолдың 394 шақырымы, 489,7 км сумен жабдықтаудың 127 шақырымы, 80 км жылумен жабдықтаудың 17 шақырымы, 280,8 км су тартудың 58,7 шақырымы салынып, реконструкцияланады.
2025 жылға дейін 65 мың жұмыс орны ашылып, 8,9 мың пәтер, 11 медициналық нысан, 96 спорт нысаны, 2 мектеп және жастарға арналған 5 жатақхана салынады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін Мәжілістегі Nur Otan фракциясының отырысында партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша республикалық Жол картасы бекітілген. Барлық сайлауалды уәделермен nurotan.kz және nurotan2021.kz.сайттарынан танысуға болады.