Аймақтар • 23 Ақпан, 2021

Шыңғырлау мен Жәнібекте карантин күшейеді

224 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдай толық бақылауда. Дегенмен шекаралық Шыңғырлау және Жәнібек аудандарында сақтық шаралары күшейтіліп, 19 ақпан-5 наурыз аралығында кейбір шектеулер енгізілді.

Шыңғырлау мен Жәнібекте карантин күшейеді

Мәселен, Жәнібек аудандық бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен 2021 жылғы 19 ақпан мен 5 наурыз аралығында Жәнібек ауылында сенбі-жексенбі күндері барлық базар, сауда үйлері мен азық-түліктік емес дүкендер жабылады. 9-11- сынып оқушыларынан басқалары қашықтан оқиды. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлері ұжымдағы адам санына байланысты кемінде 80, 50, 30%-ын онлайн режімге ауыстырады.

Дәл осындай шектеулер Шыңғырлау ауданында да енгізілді. Жоғарыдағы талаптарға қоса, мұнда діни нысандардағы барлық бұқаралық іс-шаралар, фитнес, жаттығу залдарының жұмысы тоқтатылды.

Облыстық денсаулық басқармасы басшысы­ның міндетін атқарушы Арман Қалибековтің айтуына қарағанда, облыс «сары аймақта» тұр. Бүгінге дейін өңірде 12 473 адам індетті жұқ­тырса, 10 031 адам жазылып шыққан. Өкінішке қа­рай, 199 адам коронавирустық инфекциядан көз жұмған. Соңғы деректер бойынша 195 төсектік орынға арналған 4 карантиндік стационар­да 19 науқас жатыр. Ал 591 төсектік орын 7 ин­фекциялық стационарда 312 адам емделуде. Ауруханалар толымдылығы 52,7%-ды құрайды. Инфекциялық стационарлардағы 62 реанимациялық төсектік орында 18 науқас емделуде. Ауруханалардың тең жарымы бос. Әдет­тегідей, жансақтау бөлімінде жатқан нау­қастардың 61 па­йызы – жасы 60-тан асқан егде жандар. Олардың ішінде 13 науқастың бұрыннан ілес­пелі ауруы бар екен. Дәрігерлер қазіргі таңда өкпені жасанды желдету аппаратына – 4 науқас, оттегі концентраторына – 11 науқас, орта­лықтандырылған оттегі көзіне – 98 науқас қосылғанын хабарлады.

Пандемия күрт күшейген жағдайда қамсыз болмау үшін облыста қосымша 1 986 төсектік орын резервтік қор дайындалған болатын. Оның 1 221 төсектік орын – инфекциялық стационарларда, 765 төсектік орын карантиндік стационарларда орналасқан.

Орал қаласындағы әр емханада COVID-19 және пневмония симптомдары бар пациенттерді, созылмалы аурулары бар адамдарды, сондай-ақ көрсеткіштер бойынша жүкті әйелдер мен балаларды үйде бақылау үшін 124 мобильді бригада жұмыс істеуде. Мобильді бригада тәулігіне орта есеппен 350 мәрте шақыруға барады, оның ішінде 65-і – COVID-19 бойынша қоңырау екен.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев 1 ақ­паннан бері COVID-19 жұқтырған 1 354 жағдай анық­талғанын хабарлады. Науқастармен қарым-қаты­наста болған 1 990 адам медициналық бақы­лауға алынған.

– Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 15,7%-ға төмендеді, – дейді Мұхамғали Қайыржанұлы.

Сараптамаға қарасақ, науқастардың 31,9%-ы­ – жұмыс істейтін адамдар. Дегенмен ауру жұқ­тырғандар арасында зейнеткерлер мен жұмыс­сыздар да аз емес, тиісінше 26,8% (364 адам) және 23,1% (313 адам) болып тұр. Оқу жылы басталғалы COVID-19 мектепте дәстүрлі форматта оқитын – 212, қашықтан оқитын – 209, барлығы 421 оқушыда анық­талған. Ал 11 қаңтарда басталған үшінші тоқ­санда 207 оқушы вирус жұқтырған. Оның 114-і – дәстүрлі форматта, 93-і қашықтан оқиды екен. 12-18 ақпан аралығында Орал қалалық және тиіс­ті аудандардың бас мемлекеттік санитарлық дәрі­гер­лері қаулысымен 4 мектеп карантинге жабылған.

Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, салынған тыйымдарды бұзып, көпшілік шаралар өткізетін, басқа да талаптарды бұзатын мекеме-ұйымдар, жекелеген адамдар азаймай отыр. Арнайы құрылған мониторингтік топтар 1 қаңтардан бері өңірде 916 мәрте рейд жүргізген. Осылайша 7 925 нысан тексерілген кезде, 25 нысанда бұзушылықтар анықталған. Бұған байланысты 79 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 5 090 165 теңге айыппұл салынды.

 

Батыс Қазақстан облысы