Ақтөбе мұнай-газ колледжін бітірген соң бірден туған ауылына оралып, кәсіпкерлікпен айналысуды жөн көреді. Бадамша елді мекенінде үй жиһаздарын жуып-тазалайтын цех ашқысы келген жас өткен жылдың көктемінде кәсіпкерлік негіздеріне үйрететін курста оқып, бизнес-жобасын даярлайды. Тынымсыз ізденісі арқылы 550 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізген соң осы қаржыға бірден жиһаз тазалайтын жабдықтар сатып алды. Бастапқыда Бауыржанға ата-анасы, туыстары қолұшын беріп, шаруасының жүріп кетуіне жан-жақты қолдау көрсетті.
Өткен жылдың көктемінен басталған карантиндік шектеулер мен локдаун кезінде жұмысын кібіртіктеп бастаған жас кәсіпкер осы кезге дейін жұмысын бірқалыпты жүргізді. Қазір оның Бадамшадағы шағын цехында 3 адам еңбек етеді. Өзі бос уақытында көлік жөндеумен де айналысады.
Елге келген індет кеселін тигізбесе, ауылда қызмет көрсету орындарын ашу тұрақты табыс әкелетін жұмыс. Алдағы уақытта кәсіпкерлік аясын кеңейтіп, Бадамшада көлік жуатын орын ашуды да жоспарына енгізген Бауыржан Нұрмағанбетов мемлекеттен қайтарымсыз грант түрінде алған әрбір теңге мақсатты түрде жұмсалуы тиіс екенін жеткізді. «Кәсіпкерліктің бастауында әрдайым тәртіп пен жауапкершілік тұрады. Қаржы мақсатты түрде жұмсалса ғана біраз уақыттан соң еселеніп қайтады. Сонда ғана жаңа жұмыс орны ашылып, бастапқы қаражат мемлекетке салық түрінде қайтып оралады. Ол үшін жастар ерінбей еңбек етуі тиіс». Ауыл жастары кез келген шаруаны қолға алып, пайдалы іспен шұғылдануы тиіс деген ұстанымын жеткізген жас кәсіпкер қалауын тапқан адамға ауылда да жұмыс жеткілікті деген пікірде.
Ақтөбе облысы