Аймақтар • 23 Ақпан, 2021

Түркістан облысында жайылым көлемі 742 мың гектарға артады

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы аумағындағы жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритм жобасы әзірленді. Яғни халық пайдаланатын жайылым жердің көлемі 742 мың гектарға немесе 21% артады.

Түркістан облысында жайылым көлемі 742 мың гектарға артады

Облыс әкімінің тапсырмасымен дайындалған алгоритм бойынша жайылым тапшылығы орын алған 152 елді мекен маңындағы халықтың мұқтажына алынатын учаскелер анықталып, басымдылық берілді.

Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте айтылды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазановтың баяндауынша, биыл І-жарты жылдықта 66,4 мың гектар, ІІ - жарты жылдықта 63,2 мың гектар, жалпы 130 мың гектарға жуық жайылымдық жерлерді халықтың мұқтажына алу жоспарланып отыр. Алынатын учаскелер нақтылануда. Нәтижесінде жыл соңына дейін халықтың пайдаланатын жайылым көлемі 742 мың гектарға артпақ. Жалпы Түркістан облысында 3 млн 200 мың гектар жайылымдық жер бар.

Жайылым жерлер елді мекендер шегіне енгізу жолымен ауыл округтері әкімдерінің тікелей жауапкершілігіне беріледі. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар халық жайылым жермен толық қамтылғанша тұрақты бақылауда болады.