Аймақтар • 23 Ақпан, 2021

Түркістанда кәсіпкерлерді жемқорлықтан қорғау мәселесі талқыланды

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті және кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен  «Бизнесті және инвестицияны қорғау» тақырыбында мәжіліс өтті.

Түркістанда кәсіпкерлерді жемқорлықтан қорғау мәселесі талқыланды

Бизнес ортадағы өзекті мәселелер талқыланған алқалы жиынға агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысы Хаким Көшқалиев, облыстағы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахипбеков, жергілікті атқарушы және аумақтық органдар мен бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысты. Отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау  барысында пайда болатын проблемалық мәселелер талқыланған алқалы жиында Х.Көшқалиев  ел экономикасына инвестициялардың келуін жеңілдету, бюрократия тәртіптерін және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмау мақсатында Агенттіктің бастамасымен «Protecting Business and Investments» жобасы қарқынды жүзеге асырылып жатқандығын баяндады. Жоба аясында бүгінде департаментпен жалпы сомасы 621 млрд теңге болатын 49 инвестициялық жоба сүйемелдеуге алынғандығын жеткізді. Сондай-ақ департамент  басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай аталған жоба шеңберінде түркістандық жеке кәсіпкердің 13 жыл бойы шешілмей жүрген шаруасы 7 күн ішінде шешімін тапқандығын және былтыр жалпы саны 15 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, шағын және орта кәсіпкерлік бизнесіне заңсыз араласудың 18 дерегі әшкерелену арқылы жергілікті атқарушы органдардан 10 лауазымды тұлға сот үкімімен сотты болғанын мәлімдеді.

Жиын соңында кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін өзекті проблемалық  мәселелер мен карантин режимінде сақталуы тиіс негізгі шектеулер ортаға салынып, өңірдегі кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.