Қазақстан • 23 Ақпан, 2021

Жайылым мәселелері алаңдатады

847 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

 

Жуырда Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы заңының іске асырылуы туралы» тақырыбына арналған кеңейтілген отырысы өтті. Парламент депутаттарын республикадағы жайылымдық жерлердің жеткілікті болғанымен ауыл тұрғындарына қолжетімсіздігі алаңдатады.

Жайылым мәселелері алаңдатады

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлі шаруашылығы – жайылымды мал шаруашылығы. Өкінішке қарай, жайылымдардың бүгінгі хал-ахуалы қиын жағдайда. Қазақстан әлемде жайылымдық жер ресурстарының көлемі жөнінен Аустралия, Ресей Федерациясы, ҚХР, АҚШ және Канада елдерінен кейінгі 5-орынға ие. Мал шаруашылығын дамытуда еліміздің жер қорының 70 пайызын құрап отырған жайылымдық жерлерді, оның ішінде шалғайдағы жайылым алқаптарын қолданысқа енгізу бүгіннің талабы. Осыған байланысты Парламент депутаттарының бастамашылығымен  2017 жылдың ақпан айында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Сондай-ақ 2020 жылдың ақпанында Сенат қабырғасында өткен депутаттық тыңдау барысында «Жайылымдар туралы» заң практикалық тұрғыда жүзеге асырылмай жатқанын атап өтіп, Үкіметке берілетін қорытынды-ұсынымда осы бағытта атқарылар мақсатты жұмыстар жүргізу белгіленді және наурыз айында осы заңның атқарылуы туралы Үкіметке депутаттық сауал жолданды.

Дегенмен, заңды орындау бойынша уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың тарапынан заңның нормаларын орындау формальды сипатқа айналған. Ал жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, ауыл тұрғындары тарапынан наразылық жиі айтылады.

2019 жылдың 14 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде Үкімет мүшелеріне және аймақ активтеріне арнаған сөзінде «Біз, адал, еңбекқор фермерлер мен шаруалардың жұмыс істеуге, мал жаюға жері жоқ күйін көретін күнге жеттік» деп атқарушы органдарды өткір сынға алды.

Депутаттардың өңірлерде сайлаушылармен кездесу нәтижелері, ауыл тұрғындары жергілікті өзін өзі басқару субъектісі ретінде өзінің аталған заңнан туындайтын құқықтары мен мүмкіндіктері туралы білмейтіндігін көрсетеді. Оның себебі, бүгінге дейін заңнаманың нормаларын іске асыру бойынша халық арасында тиісті әдістемелік, консультативтік іс-шаралар және заңды түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеуіне байланысты болып отыр. Бұл уәкілетті және жергілікті атқарушы орган жауапты қызметкерлерінің немқұрайлығынан деп ойлаймын. Осы орайда «Жайылымдар туралы» заң мал басының өсуіне, өзіндік құны арзан әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін арттыруға, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуын тоқтатуға, ең бастысы, еліміздің байлығы болып саналатын 184,3 млн гектар жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға бағытталғанына қарамастан, оның толық орындалмай отырғаны алаңдатады. Сондықтан жауапты органдар заңда бекітілген міндеттерін тиісті деңгейде орындаумен қатар, өз жауапкершілігін арттыра отырып, «Жайылымдар туралы» заңның орнықты жүзеге асырылуы қамтамасыз етілуі керек деп ойлаймыз.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда жайылым көлемі 184,3 млн га құрайды. Қолданыстағы 96,4  млн га жайылымның 75,6 млн га ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне (АШТӨ), шаруа қожалықтарына (ШҚ) және 20,8 млн га елді мекендердің жайылымдары болып бекітілген. Статистика жөніндегі ұлттық бюро мен Жер ресурстарын басқару комитетінің деректері бойынша, АШТӨ, ШҚ-дағы қолда бар 5,4 млн шартты бас ауыл шаруашылығы малы үшін 43,2 млн га жайылым қажет, резерв 32,4 млн га құрайды. Елді мекендердің жайылым алқаптары бар болғаны 20,8 млн га, халықта бар 6,2 млн бас шартты ауыл шаруашылығы малына 50 млн га жайылым қажет, тапшылық 29,2 млн га жуық.

Барлық облыстар бойынша жайылым тапшылығының орнын босалқы жер (71,9 млн га) және АШТӨ-нің жайылымдық алқаптары резерві есебінен толықтыруға болады (резерв 32,4 млн га). Қазақстанда жайылым белгіленген нормамен 30 млн мал басына толық жеткілікті. Бұл бір қарағанда қарапайым арифметикалық цифрлар болып көрінуі мүмкін. Алайда малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылады. Сондықтан ауыл маңайындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнімділігі жыл сайын төмендеп, қолданыстағы 96 млн гектардың 27 млн гектары деградацияға ұшыраған. Мал жайылымы кезеңдері мен жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормаларын бұзу, мал жаю ережелерін мүлдем елеусіз қалдыру салдарынан ауыл маңайындағы жайылымдар тақыр жерге айналып отыр. Өкінішке қарай, бұл бүгінгі күннің ащы шындығы.

Осы орайда кеңейтілген отырыстың тақырыбы бойынша комитет мүшесі Сұлтан Дүйсенбинов «Жайылымдар туралы» заңды жүзеге асыру барысындағы атқарылып жатқан жұмыстарды талдап, оның өзекті проблемалары туралы баяндама жасады. Ол «Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендегі жайылымдық жер тапшылығы барлық облыста байқалып отыр. Малдың 80%-ға жуығы ауылдық елді мекен маңайында және оның айналасында жайылады. Осыған байланысты бұрын жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін бөлінген 21 млн га жуық жайылымдық жерлер қатты тозып кетті», деді. Баяндамашы жайылым саласындағы атқарылған мақсатты жұмыстарды, жалпы «Жайылымдар туралы» заңның орындалу барысындағы кемшіліктерді де өткір сынға алды. Ол орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардағы үйлесімді жұмыстың өз деңгейінде еместігін және жүйелі де мақсатты іс-әрекеттің жоспары жоқтығын да қадап айтты.

Талқылауға қатысқан баяндамашылар Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ж.Құрбанов, облыс әкімдерінің орынбасарлары, аудан әкімі өз кезектерінде республикада, облыстарда, аудандарда жайылым мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары талқыланып отырған мәселеге пікірін білдірді.

Десек те, талқылауды ой елегінен өткізіп күдік пен күмәнға ілінген, әлі де күрмеуі қиын күрделі мәселенің бары және оның нақты жұмыстарды қажет ететініне көз жеткіздік. Өкініштісі, заңды жүзеге асыратын атқарушы органдардың жауапты қызметкерлері «Жайылымдар туралы» Заңның мән-мағынасына, мақсат-міндеттеріне жеткілікті түрде өз деңгейінде зерттеп-зерделеп жұмыс жүргізбейтіндігі. Нәтижесінде заңның қабылданғанына төрт жыл уақыт өткеніне қарамастан,  республика бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарында «Жайылымдар туралы» заңның  14-бабының 1-тармағына сәйкес жайылымды басқару және оны пайдалану  жоспарымен  жайылымдарды пайдалануға беру жүзеге асырылмаған.

Тағы да тоқталатын өзекті мәселе – заңға сәйкес жергілікті ауыл округі және аудан әкімдігі өзін өзі басқару органымен бірлесе отырып, мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес «жайылым пайдаланушылар бірлестігі» деген ұйымдар құруға құқылы. Мәселен, бір ауылдағы бірнеше отбасының малын біріктіру арқылы жайылымды пайдалануға болады.

Бірақ комитеттің кеңейтілген отырысында кейбір жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен «жайылым пайдаланушылар бірлестігін» құруды  міндеттеу туралы пікірлер айтылды. Жайылым пайдаланушылар бірлестігінің қызметін ұйымдастыруды міндеттеу жер иелері мен жайылым пайдаланушыларының заңды құқықтарына шектеу жасалып, наразылық тудыруы мүмкін. Бұл ұйым ерікті, келісіліп құрылатын болғандықтан, оның нормалары еліміздің Азаматтық кодексінде айқындалған.

Келесі көтерілген мәселелердің бірі – жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарды жобалау мекемелері арқылы жасау жергілікті атқарушы органдардың заңда бекітілген құзыреттеріне шектеу қоюмен қатар, бюджеттік шығындарға әкеп соғады. Сондықтан заңға сәйкес бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдары жергілікті өзін өзі басқару органдарымен бірлесіп әзірлеп, жергілікті өкілді органында бекіту тиімді әрі қолайлы.

Сондықтан заң жобасы бастамашыларының түсіндірме жазбасы бойынша және қабылданған заң аясында еліміздің 2 271 ауылдық округінің әрқайсысы өз жерінің табиғи-климаттық ерекшеліктерін, тарихи қалыптасқан мал жаю дәстүрін ескере отырып, ауылдық округ және аудандық әкімдіктермен, жергілікті өзін өзі басқару органдарымен бірлесіп жайылымдарды басқару және оны пайдалану жөніндегі жоспарды жасайды. Жоспарда ауыл округінің мал жайылатын жайылымдарының көлемі анықталады, оның нормадан тыс пайдаланылатын жерлерін, жері бар, бірақ мал бағылмай бос жатқан жердің иелерін анықтап, сол арқылы жайылымдық жерлерді, жайылым пайдаланушылар мен жер иелері арасындағы жағдайды реттеп, нормативтік талаптарға сәйкестендіреді. Жоспар жергілікті өзін өзі басқару органында және аудандық мәслихаттың отырысында қаралып бекітіледі. Бұл құжат әділет органдарында тіркелуден өтіп, құқықтық акт болып саналады. Осылайша ауылдық округтердегі жайылымдық жерлерді игеруде әр өңірдің өз жоспарына сай заңнамалық нормалар жұмыс істейтін болады.

Әрбір жайылым пайдаланушы жоспарды әзірлеуге қатыса алады, яғни ауылдық елді мекендердің аумағында өзіне жетерліктей жайылымдық жерді пайдасына асыру мәселесін шешу оның өз қолында деген сөз. Барлығы жергілікті жерде, яғни ауылдық округ және аудан әкімдіктерінің құзыреттерінде толық қарастырылады. Ал егер ауылдық елді мекендердің аумағында жайылымдар жетпей жатса, онда жайылымдар ауыл округінің шегінде беріледі. Бұл мәселе аудан әкімі шешімімен жүзеге асырылады. Сол сияқты жер, аудан көлемінде жетіспей жатса, облыстық деңгейде шешіледі. Бұған қолданыстағы заңымыз нақты мүмкіндіктер берген. Яғни, ауданаралық мәселелер облыс әкімдерінің араласуымен, ал облысаралық жайылымның түйіні уәкілетті органның ұсынысымен Үкіметтің атсалысуымен тарқатылады. Заң жүзінде жайылымдарды пайдалануға беру қысқаша осылай жүзеге асады.

Шалғайдағы мал жайылымдарын жайылымдық жерлерді пайдалану ретінде қолдануға болады. Алайда оған мал бағуға әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты қарапайым шаруаның күші жетпейді. Сондықтан заңға сәйкес жергілікті ауыл округі және аудан әкімдігі өзін өзі басқару органымен бірлесе отырып, мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес «жайылым пайдаланушылар бірлестігі» деген ұйымдар құруға мүмкіндігі бар. Мәселен, бір ауылдағы бірнеше отбасының малын біріктіру арқылы жинақтау көзделеді. Басқа малдың түрлерін де осылайша бірлесе белгілі бір жайылымда бағуға болады. Әрине бұл жерде барлық жұмыс зооветеринарлық талаптарға сәйкестендіріле ұйымдастырылса, шалғайдағы жайылымдарды қолдануға мүмкіндік туады. Бұл ауылдарда кооперативті ұйымдарды және шағын орта бизнесті жандандыруға жол ашады.

Ал жайылымдық жерді қайтару, шаруа қожалықтарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында меншікті жайылым жерлерді мемлекет қажеттілігіне сатып алу, мақсатсыз және тиімсіз пайдаланған жайылымдық жерлерге қолданылатын шаралар «Жайылымдар туралы» заңмен реттелмейді. Бұл нормалар Жер кодексінде қарастырылған.

Талқылау соңында комитет мүшелері өз ойларын ортаға салды. Жалпы, Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында комитет төрағасы Ә.Бектаевтың жүргізуімен жайылым мәселесі және өңірлердегі жайылымдардың тапшылығы кеңінен қызу талқыланып, келелі ойлар ұтымды ұсыныстармен қорытыланды.

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ,

Сенат депутаты