Мәселен, Алматы облысында коронавирус індетіне шалдыққандардың жалпы саны 9 781 адамға жетті. Оның ішінде 3 976 науқастың қауіпті вирусты тасымалдаушы екені анықталды. Қуаныштысы, дер кезінде жасалған шаралар індеттің жаппай таралуына тосқауыл болып, науқастардың сауығып шығуына жәрдемін тигізді. Осы жерде жетісулық дәрігерлер мен санитарлық қадағалау қызметі мамандарының еңбегіне ерекше ризашылық білдірген орынды.
Қазір өңірдегі эпидемиялық жағдай тұрақты. Облыс «жасыл аймақта». Соңғы екі апта аралығындағы індеттің анықталу деңгейі 0,8 пайыздан төмендеп, 0,6 пайызды құрады. Жағдайдың тұрақтануы шектеу шараларын жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.
– Мешіттердің 30 пайызға дейін жамағат жинауына рұқсат етілді. Яғни құлшылық орындарында 100 адамнан аспайтын топпен намаз оқуға болады. Оның ішінде ауылдық жерлерде жұма намазы оқылады, бірақ адам саны 150 келушіден аспауы тиіс деген талап бар. Ал карантин талаптарына сәйкес орын саны 50-ден аспайтын қоғамдық тамақтану нысандары жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар аялдамалар мен қоғамдық көліктерде азаматтардың жаппай жиналуын болдырмау мақсатында адам саны 250 жұмысшыдан асатын жұмыс орындарына қызметкерлерді тасымалдау үшін мекеменің қызметтік көлігін пайдалану ұсынылады. Штат кестесінде 30-дан асатын қызметкер болса, олардың 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Біз осындай шара арқылы індеттің таралуын тоқтата аламыз, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Шарапиев.
Коронавируспен күреске жаппай жұмылған облыс дәрігерлері туралы айтқанда ауылдағы ақ желеңді абзал жандардың еңбегіне ерекше тоқталуымыз керек сияқты. Өйткені пандемия кезінде шалғайдағы емханалардың мүмкіндігі мен мамандардың біліктілігі бірінші сынға түскені белгілі. Бұл емханалардағы жағдай орталықтағыдай жоғары деңгейде болмаса да, науқасқа көмек беру тұрғысынан алғанда ерлікке бергісіз еңбек жасалғаны анық. Сондай ұжымның бірі – Талғар ауданы Панфилов ауылындағы аурухананың дәрігерлері. Індеттің бірінші толқынында провизорлық орталық қызметін атқарған медицналық мекеме қазір инфекциялық бөлімше ретінде жұмысын жалғастыруда. Мұнда 60 төсектік орын бар. Осы сәтте коронавирус індетіне шалдыққан 49 науқас ем қабылдап жатыр.
– Біздің аурухана бір жыл бұрын коронавирус індетімен күресу мақсатында қайта жасақталып, жедел қызмет көрсетуге кірісті. Демек, ауылдағы аурухана ретінде тоқтаусыз жұмыс істеп, жылға жуық уақыт бойы қауіпті вируспен күресіп келеміз. Былтыр наурыз айынан бастап қыркүйектің ортасына дейін провизорлық бөлімше болдық. Одан бері инфекциялық бөлімше ретінде науқастарды емдеудеміз. Бүгінде бөлімшедегі 49 науқасқа вирусты өкпе қабыну деген диагноз қойылып, ем-шара жасалуда. Олардың арасында 7 науқастың ПТР талдауының қорытындысы оң нәтиже көрсетті, олар оқшауланған. Ал жағдайы ауыр 5 науқасты аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жөнелттік, – дейді Панфилов ауылдық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Зухра Тілепбергенова.
Бұл бөлімшеде алғашқы көмек көрсетуге қажетті медициналық құрал-жабдықтың барлығы бар. Мұнда өкпені жасанды желдететін 3 аппарат пен 8 оттегі конденсаты іске қосылған. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Бөлімшедегі 8 білікті дәрігер мен 12 мейірбике адам жанына араша түсуге әрқашан дайын. Жалпы, осы шағын бөлімшеде өткен мерзімде 619 науқас емделіп, індеттен құлан таза айығып шыққан екен.
Алматы облысы