Қазақстан • 24 Ақпан, 2021

Мәжіліс көрнекі ақпарат мәселелеріне қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар заң жобалары мақұлданды.

Мәжіліс көрнекі ақпарат мәселелеріне қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының мақсаты орфография нормаларын және мәтіндердің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу арқылы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіру болып табылады. Заң жобасы деректемелер мен көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде орналастыру тәртібін құқықтық реттеуді арттыруға бағытталған.

Осыған байланысты, заң жобасында Қазақстан Республикасының 13 заңнамалық актісіне өзгерістер енгізу ұсынылады. Сонымен қатар жалпы отырыста Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдаyды. Олар:  Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы адамдарды ұстап беру мен сотталған адамдарды беру және өзара құқықтық көмек туралы шарттарды ратификациялау туралы заң жобалары.

Солтүстік Македония арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартқа сәйкес, тараптар ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе сот үкімін орындау үшін өздерінің аумақтарында жүрген іздеудегі адамдарды бір-біріне ұстап беруге міндеттенеді.

 Шартты ратификациялау екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады.

Ал, Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт жобасы құқыққа сыйымды болып табылады. Өйткені ол халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына, Қазақстан мен Солтүстік Македонияның ұлттық заңнамасына толық сәйкес әзірленген және жасалған.

Депутаттар екінші оқылымда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және сот жүйесін жаңғырту мәселелеріне түзету енгізу туралы заң жобаларын мақұлдады.

Отырыс барысында депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасына Сенат енгізген өзгерістен келісті.

Сондай-ақ, алдағы жалпы отырыста Мәжілістің комитеттері біршама заң жобаларын жұмысқа алады. Атап айтқанда, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері, ЕАЭО туралы шартқа Арменияның қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау,  сондай-ақ ЕАЭО туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялауға қатысты заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Ф.Қаратаев, А.Платонов, А.Жамалов, Б.Дүйсенбинов, Е.Смайлов,А.Милютин, А.Нұркина,  Ф.Каменов, Ю.Ли, А.Қоңыров, Е.Өмірғали, С.Накпаев, С.Ерубаев, Д.Закиева, Н.Раззак, А.Әбілдаев, А.Сқақова, Е.Смышляева.