23 Сәуір, 2010

БАУЫРЖАН БАҒАЛАҒАН БАЛТАБЕК

674 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Соғыстан кейінгі жылдары өмір­ге келген ұрпақтың соғыс ойы­нын ойнап өскені рас. Одан қала берді соғыс тақырыбына жазылған кітап­тарды таласып, тармасып оқи­­тын­быз. Сол шақта батыр Бауыр­жан, мәрт Мәлік, партизан Қасым шы­ғар­ма­лары қолға әзер тиетін. Үлкен­­дер жа­ғы да бізге осын­дай қас ба­тыр­лардың кітап­тарын оқытып қо­йып, ондағы қилы оқиғаларға орай бастарын шайқап, разы болып отыратын- ды. Содан бір мезгіл олардың аузы­нан “оу, мынау өзіміздің Балтабек қой” деген сүйсініске толы сөздер шығып қалып жататын. Бауыржан мен Мәлік ағаларымыздың, соның ішінде, әсіресе Бәукеңнің шығар­маларында батыр тұлғалы Балта­бек­тің қарулас жолдастарға қиын сәттерде қоң етін кесіп беретіндей адалдығы, соған орай бет-беделі, аңқау да ақжарқын мінезі туралы зор сүйіспеншілікпен баяндалатын. Сөйтіп жүргенде, қызық болды. Қызық болды дейтінім сол, жай­лауда отырған біздің ауылға батыр Бауыржан бағасын беріп тастаған әлгі Балтабек келе жатыр екен деген әңгіме шықты. Бұл алпы­сын­шы жылдардың басы болатын. Іле сол сөз расқа айналып, Балтабек ағ­а­мыз жайлау төрінде отырған біздің ауылға келе қалды. Бала болсақ та байқап тұрмыз, шын­­дығында ағамыз еңгезердей тұлғалы адам екен. Сонсоң мақтан сөзге жоқтығы, қарапайым да кіш­пейіл қасиеті бірден аңғарылып тұрды. Еңселі болғанмен, бойын жинақы ұстайтын көрінеді. Міне, содан бері де жарты ғасыр­ға жуық уақыт өтіпті. Сол шақта қадір­менді ағамыздың жасы елудің орта­сына да келмеген болса, ал бүгінде ол кісі­нің өмірден озып кеткеніне қан­шама жылдың жүзі өтті. Жуырда тілші қосына жергі­лікті шежіреші-этнограф Молдабек Жанболатов аға­мыз келе қалды. Айта келген жаңалы­ғы да тың, оны айғақтайтын құжаты да мығым. Сөйтсек, біздің бүгінгі кейіп­керіміз 1942 жылдың жазында Кеңес Ода­ғы­ның Батыр­лығына ұсынылған екен. Соған орай сол жылдың 23 шілде­сінде марапат­тау қағазы толтыры­лыпты. Өкі­нішке қарай, бұл құжат сол шақта тиіс­ті жеріне жет­пей жоға­лып ты­нып­ты. Алайда, 1967 жылы еліміз­дің Бәу­кең бастаған, ішінде генерал Пан­фи­лов­­т­ың қызы В.Пан­филова, Кеңес Ода­ғының Батыры М.Ғаб­дул­лин, рес­пуб­лика Жо­ғары Кеңесі­нің депутаты Х.Әбдіра­шитов, тағы бір депутат-жазу­шы Д.Сне­гин, академик А.Нүсіпбеков және доцент А.Куз­нецов сынды бір топ ел ардақ­тылары сол кездегі Қазақ­стан Компартиясы Орталық  Ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев­тың атына хат жазып, Балтабек Жет­піс­­баевқа бай­ланысты тарихи шын­дықтың сал­танат құруына жәрдем­десуін өтінеді. Бұл хаттың жазылуына екі түрлі жағдай себеп болған секілді. Ең бас­­­ты­сы сол, қазіргі тілмен айт­қан­да, бастамашыл топ ара­да пәлен жыл өткенде Б.Жетпісбаевты жо­ға­ры атаққа ұсыну жөніндегі құ­жатты КСРО Қорға­ныс ми­нистр­лігінің ар­хивінен тауып алады. Екін­шіден, дәл осы жы­лы аға­мыздың жасы алпысқа толған көрі­неді. Ал ол кез­де ерлігі мен еңбегі­не байла­ныс­ты мерей­той иелері­не құрмет көрсе­тіліп жата­тын. Соның айғағын­дай, осы хатта арада ши­рек ғасыр өткенмен тарихи шындық­тың қал­­пына келтірілуі сұрал­ған. Хатта сондай- ақ Балтабек Жетпіс­баевтың өмір жолы мен ерлік өне­гесі туралы қысқа да нұсқа баяндалған. Яғни, Балтабек Жетпісбаев 1907 жылы Семей қаласының жанын­дағы Мұрат ауылында кедей шаруа­ның отбасында өмірге келген. 1931 жылы әскер қатарына шақырылған. Онда қатардағы жауынгерден қазақ атты әскер полкінің кіші коман­диріне дейін көтерілген. Соңынан Ташкент­тегі Ленин атындағы әс­кери учили­щені оқып бітірген. Ал соғысқа дейін республика­­мыздың қорғаныс саласын­да басшы қызметтер атқар­ған. Ал соғыс басталғанда Ал­ма­ты­да жасақталған, кейіннен И.В.Пан­филов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияға айнал­ған 316-шы диви­зияның 1075-ші атқыштар полкінің комсоргі болып тағайындалған. Ал сол полк­тегі жауын­герлердің алпыс пайызы комсомол жастар болатын. Солар­дың ішінде атақты 28 панфи­лов­шылардың ерлігі бүкіл әлемге әйгілі. Олардың да тең жарымы ком­сомол мүшесі екен. Мұның сыр­тын­да Төлеген Тоқтаров сынды жекеле­ген жауынгерлердің Мәскеу түбінде қаһармандық үлгісін көрсеткені тарихтан белгілі. Осын­дай жаппай ерлікке ұласқан қаһар­мандық үлгісі­не генерал Панфилов бастаған, Бауыр­жан Момышұлы қостаған командир­лердің ұйымдас­тыру­шылық қабі­летіне жастар жетек­­шісі Балтабек Жетпісбаев та өзінің өлшеусіз үлесін қосқан секілді ғой. Мұны бір десеңіз, екіншіден ол мұнан кейін жеке басының айрық­ша ерлік үлгісімен көзге түседі. Бұл кезде майор Жетпіс­баев 3-ші гвар­­­дия­лық артил­ле­риялық диви­зия құра­мын­дағы гаубицалық  артил­лериялық диви­зион коман­дирі екен. Бір шай­қаста тосқауылда жатқан мұның дивизионына қар­сы фашис­тердің 60 танкісі мен 20 броне­тран­спортері күтпеген жерден лап қо­йып, шабуылға шығады. Сон­да дивизион коман­дирі саптан шы­ғып қал­ған көздеушілердің орны­на өзі тұра қалып, екі бір­дей зең­бірек­тен снарядты қарша бора­тып, немістің “Пан­те­ра” деп аталатын екі танкі­сін бірден істен шығара­ды. Екі сағатқа созылған шайқаста фа­шистер 24 танкісінен айрылып, кейін шегі­нуге мәжбүр бо­лады. Олар­дың бұл ерлігі ту­ра­лы әскери тілші Ва­дим Кожев­ни­ков одақ­тық “Правда” газе­ті­нің 1944 жылдың 3 тамызындағы нөмі­рінде жазыпты. Соны Жеңістің – 65, Бәукең­нің 100 жылдығы қарсаңында кейінгі ұрпақ біле жүрсін деп қолға қалам алған едік. Сөз соңында кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсы­ны­лып, бірақ та оны түрлі себеп­тер­­­мен ала алмай қалғандар биыл­­ғы Жеңіс мерекесі қар­са­ңын­­­да егемен елдің құрметіне бөле­ніп жатса, ар­тық болмас еді деген де ұсынысы­мыз жоқ емес. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. СЕМЕЙ.