Аймақтар • 24 Ақпан, 2021

Алматыда су тасқыны кезеңіне дайындық барысы хабарланды

616 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы қаласының су тасқыны кезеңіне дайындығы туралы онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ерлан Әлібеков айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда су тасқыны кезеңіне дайындық барысы хабарланды

Су тасқыны жағдайы бақылауда, қажетті күштер мен құралдар дайын тұр. Таулы аймақта қазіргі уақытта қардың биіктігі 19-58 см (Үлкен Алматы көлі) құрайды. Жауған жауын-шашынның жалпы мөлшері (2020 жылдың 1 қазанынан 2021 жылдың 20 ақпанына дейін) 98 мм құрайды (норма 237 мм), ылғал қоры 42 мм (норма 85 мм), ал қаладағы топырақтың қату тереңдігі 41 см құрайды, былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 см төмен (2020ж. - 52 см). Қала өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты.

Жалпы, қар төменгі таулы аймақта наурыз айына дейін, орташа таулы аймақта сәуір-мамыр айларына дейін, ал жоғарғы таулы аймақта маусым айына дейін жауатын болады.

Наурыз айына берілген ауа райының болжамына сәйкес осы айдағы орташа ауа температурасы +4,4оС болады, бұл нормадан 1оС жоғары (норма: +3,4оС). Жауын-шашынның мөлшері нормаға сай болады деп күтілуде (норма: 76 мм).

Өткен жылы Төтенше жағдайлар департаменті жиі су басатын 20 учаскені есепке алған болатын. Оның ішіндегі бір учаскеде (Алатау ауданы, Саялы шағын ауданы, №4, №92) Әкімдік резервінің қаражатына арық желісі салынып, қауіп толығымен жойылды.

Қалған учаскелер (Алатау-6, Медеу-2, Түрксіб-7, Наурызбай–1, Жетісу-3) Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасымен «Алматы қаласы бойынша 376 шақырым арық желісін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу» жобасына енгізілді. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуда, наурыз айында мемлекеттік сараптамаға жіберілетін болады. Бұл жобаны іске асыру 2021-2023 жылдарға жоспарланған.

Сонымен қатар өткен жылы қалада 30 шақырым арық желісі салынған болатын. Бұдан бөлек, «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы шаралар кешені» Жол картасы бойынша үш жерде жұмыстар жүргізілуде:  Кіші Алматы өзені арнасының жекелеген учаскелерін қайта жаңғырту (су бөлгіштен Мақатаев көшесіне дейін, жалпы ұзындығы 8,9 шақырым) – қазіргі уақытта жұмыстар 60 пайызға орындалды; Тіксай және Жарбұлақ өзендері арнасының жекелеген учаскелерін қайта жаңғырту (жалпы ұзындығы 7,15 шақырым) – қазіргі уақытта жұмыстар 60 пайызға Тіксай өзенінде, 40 пайызға Жарбұлақ өзенінде орындалды. Есентай өзенінің арнасын қайта жаңарту (су бөлгіштен Жамақаев көшесіне дейін, жалпы ұзындығы 4,2 шақырым) – қазіргі уақытта жұмыстар 40 пайызға орындалды.

Осы үш шара осы жылдың соңғы тоқсанына дейін орындалады. Жол картасының төртінші іс-шарасы "су қорғау белдеуінің учаскесін және Үлкен Алматы өзенінің арнасын бөгеттен №1 тұндырғышқа дейін қайта жаңарту" (5,5 км). ЖСҚ әзірленуде, іске асыру мерзімі 2022 жыл.

Жалпы атап өту қажет, яғни соңғы бес жылда қалада 497 шақырым арық желісі салынып, 40 шақырымнан астам өзен арнасы нығайтылды, бұл шаралар су басуы мүмкін учаскелердің санын 3,5 есеге азайтуға мүмкіндік берді.

Биылғы жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында 5 ақпанда Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті, онда қаланың барлық органдарына тиісті шараларды атқаруға тапсырмалар берілді.

Былтырғы жылдың күзінде су тасқынына дайындық барысында 400 шақырым арық желісі мен 10 шақырым өзен арналары қоқыстардан тазартылды.

Осы жылы қыс басталғалы бері 987 шақырым арық желісі мен 30 шақырым өзен арналары тазартылды. Көшелер мен аулалардан 110 мың текшеметр қар шығарылды.
Алматы аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары жаңартылды.

Су басуларға жедел әрекет ету мақсатында нөсерлі жаңбыр болжанған жағдайда су басу қаупі бар учаскелерге алдын-ала күш пен құрал жолданатын болады.

Алматы қаласының азаматтық қорғау қызметі дайындыққа келтіріліп, жалпы саны 5126 адам, 746 бірлік техника, 7 бірлік жүзу құралдары, сондай-ақ 73 бірлік мотопомпа мен 99 бірлік автономды электр станциялары қарастырылған күш пен құралдар топтамасы құрылды.

Азаматтық қорғау қызметтерінде 10 мың дана қаптар, 508 тонна инертті материалдар, 42 тонна дизель отыны мен 31 тонна бензин дайындалды.

Қосымша, наурыздың 4 мен 5 аралығында «Көктем-2021» Республикалық командалық-штабтық жаттығуын өткізу жопсарлануда және аталған шара барысында қаланың 8 ауданында өзен арналарының проблемалық учаскелерінде практикалық тазалау жұмыстары жүргізілетін болады.

Республикамыздың басқа өңірлерінде су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда, Алматы қаласынан жалпы саны 55 адам, 9 бірлік техника, 4 жүзу құралы мен 10 мотопомпа қарастырылған күш пен құралдар жасалды.

Қала әкімдігінің резервінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қажетті қаражат қарастырылған.