Әдебиет • 24 Ақпан, 2021

Түркістанда «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» кітабының тұсауы кесілді

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің IV пленумында «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» кітабының тұсауы кесілді. Облыс басшылығының қолдауымен жарық көрген кітапта ардагерлер туралы соңғы деректер толық қамтылған, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» кітабының тұсауы кесілді

Жиынға аудан, қалалардан бейнебайланыс арқылы аудандық, қалалық және бастауыш ардагерлер ұйымдарының өкілдері, әжелер алқасының төрайымдары, зиялы қауым, аудан, қалалық Жастар ресурстық орталығының басшылары қосылды.

«Біз келер ұрпақтың Тәуелсіздікке құрметпен қарауын қаншалықты қалайтын болсақ, соншалықты оның қадірін түсіндіре білуіміз керек. Ол әрине, өздеріңіздің көмектеріңізбен жүзеге асады. Осы орайда баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясындағы маңызды шараларға атсалысып, жастардың санасына оның қадір, қасиетін сіңіруге бір кісідей атсалысуға шақырамын», деді отырыста сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Ал облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов  елімізде, соның ішінде облыс көлеміндегі діни ахуал тұрақты болғанымен, бүгінгідей ақпараттар ағыны шектен тыс таралып жатқан уақытта арқаны кеңге салмау қажеттігін айтты.

«Сондай-ақ әлемде, елімізде орын алған пандемияға байланысты жақындарымыздан көз жазып қалған оқиғалар аз емес. Кей жерлерде жаназа күндері адамдардың көп шоғырлануымен қатар, ас-сулардың ысырапқа ұшырап жатқандығына қоғам куә. Сондықтан алдағы уақытта облыстық «Ардагерлер кеңесі», зиялы қауым өкілдері мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігімен бірлесе отырып, осы мәселені реттеудің тиімді тәсілі ретінде жер-жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», деді Ж.Мәуленқұлов.

Облыс көлемінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 750 мешіт-филиалдары жұмыс атқаруда. Бұл республикадағы мешіттердің 3/1 құрайды. Жастар арасындағы түрлі жат қылықтардың алдын алу, ұлттық әдет-ғұрыптарды сақтау мақсатында «Ардагерлер кеңесі» жанынан құрылған «Әкелер мектебі» тиісті шараларды қолға алуды көздеуде. Жиында, сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесі 2021 жылға жоспарлаған негізгі іс-шараларды жүзеге асыру міндеттері айтылды. Кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салды.