Қоғам • 24 Ақпан, 2021

Азаматтар зейнетақы қаржысын жеке компанияларға бере бастады

498 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына азаматтардан зейнетақы портфелін басқарушыға аударуға байланысты 87 өтініш келіп түскен. Аударымның жалпы сомасы 218,6 млн теңгеден асады екен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Азаматтар зейнетақы қаржысын жеке компанияларға бере бастады

«Салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына: салымшының БЖЗҚ-дағы нақты зейнетақы жинақтарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін» делінген қор хабарламасында.

Зейнетақы жинақтарын аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет, оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез-келген өңірлік бөлімшесіне барып беруіне болады. 

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы үш ИПБ-мен шарт жасалған. Олар туралы ақпараттармен танысып, инвестициялық декларациялардан хабардар болу үшін қор сайтындағы  «Қызметтер» - «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару» бөліміне кіру керек.

2021 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша уәкілетті операторлардан («Отбасы банкі» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ, «Банк ЦентрКредит» АҚ) тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға 163 662 өтініш түскен.

«Жалпы сомасы 579 млрд теңге болатын 108 444 өтініш орындалды. Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,3 млн теңгеден асады» делінген мәлімдемеде.