Туризм • 24 Ақпан, 2021

Ұлттық туристік өнімді әзірлеу жөнінде Жол картасына қол қойылды

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәдениет және спорт министрлігі, «Атамекен» ҰКП мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бірлесіп, 2021 жылға арналған ұлттық туристік өнімді әзірлеу жөніндегі үшжақты Жол картасына қол қойды.

Ұлттық туристік өнімді әзірлеу жөнінде Жол картасына қол қойылды

Бұл Жол картасы ұлттық туристік өнімді әзірлеу, жекелеген туризм түрлерін (балалар-жасөспірімдер туризмі, медицина және сауықтыру туризмі) және қолөнерді дамыту, елдің туристік әлеуетін арттыру бойынша елеулі іс-шараларды қамтиды.

Жол картасы шеңберінде қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыру еліміздегі туристік өнімнің әзірленуінің механизмдерін жан-жақты талдау және өзектендіруге, қолөнер шеберлерінің жұмысын ретке келтіру және түйткілді мәселелерді шешуге, туризм түрлерін дамытудың тұжырымдамалық шешімдерін анықтауға мүмкіндік береді.

Жиында Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов бұл Жол карта туризм саласын жандандыруға сепін беретінін, инфрақұрылым мәселесін және өзге де мәселелерді шешуге жол ашатынына сенім білдірді.

«Жол картасы саланың даму механизмін дайындауға зор мүмкіндік береді. Мысалы, өткен жылы дәл осындай Жол картасы тиімділігін көрсетіп, нарықта қолдау тапты. Осы арқылы біз туризм саласының деңгейін пандемияға басталғанға дейінгі кезеңге жеткізіп, дамытуға жағдай жасағымыз келеді»,-деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Айта кетейік, осыған ұқсас Жол картасы 2020 жылы «Атамекен» ҰКП мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ арасында жасалған болатын. Жол картасы ұлттық туристік өнімді қалыптастыруға бағытталды. Жол картасы шеңберінде санатория, курорт нысандарын түгендеу бойынша ауқымды жұмыс, қолөнер және агротуризм бойынша кешенді экспедиция жүргізіліп, оқушылар үшін білім беру экскурсияларын ұйымдастыру бойынша «Жанды сабақтар» қанатқақты жоба іске асырылды. Сонымен қатар танымал тур бағыттар бойынша қажет инфрақұрылым айқындалды. Осы орайда ұлттық туристік өнімді қалыптастыру үшін бірігіп жұмыс істеу жөніндегі бастама нарықта оң бағасын алғанын атап өткен жөн.