Аймақтар • 24 Ақпан, 2021

Ақ боранның азаптары

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

СҚО-да ақпанның соңғы күндері ақырып кетті. Кеше қара боран түні бойы дүрілдеп, өкірді де тұрды. Таңертең тұрсақ қарды да үйіп тастапты, қаланың шеткі көшелері түгіл орталық көшелерінің өзін басып қалып, автомашиналар зорға қозғалып жатты. Бүгін күні бойы жүзден артық қар тазалау техникалары бір тынбай жұмыс істеді.  

Ақ боранның азаптары

Полиция қызметкерлері күшейтілген режімде жұмыс істеді. Қар кептелістернен апаттарды болдырмау және адамдардың үсіп қалмауы үшін барлық бағыттардағы автожолдар мен трассалар бақылауға алынды. Жол қызметтері бораннан түк көрінбейтін жағдайда адамдар мен батып қалған техникаларды құтқару операцияларын жүргізді.

Тайынша ауданы Теңдік ауылының бір тұрғыны «Нива» автокөлігімен аудан орталығындағы ауруханаға үш жасар қызын апара жатқан. Салонында жеті жасар баласы да болған. Машинасы Тайыншадан 6 шақырым жерде батып қалып, ер адам «102» телефонына хабарласады. Полицейлер медицина қызметкерлерін ескертіп, аудан кәсіпкерлерінен көмек сұрайды. Ауа райының қолайсыздығынан арнайы техниканың өзі әзер жұмыс істеді. Үш техниканың біреуі кюветке кетіп, екіншісі сынып қалған. Үшіншісі батып тұрған «Нива» автомашинасына қарай «жедел жәрдем» көлігіне жол ашып, үш жасар қызды ауруханаға жеткізуге мүмкіндік берді.

Осы аудан полиция бөлімінің жеке құрамы мен тұрғындары жоғалып кеткен жылқышыны іздеуге жұмылдырылды. Жылқышы әйеліне хабарласып, өзінің қай жерде жүргенін білмейтіндігін айтқан. Жалғыз-ақ белгі -  қамыстардың болуы. Оны жергілікті ЖШС-нің төрт тракторымен іздеген. Көп ұзамай жылқышы табылды деген хабар келді. Астындағы есті ат іздеу техникасының ізіне түсіп, иесін үйіне жеткізіпті.

Аққайың ауданында да бір бір жылқышы адасып, оны учаскелік инспектор мен жергілікті тұрғындар трактормен, қарда жүргіш техникамен іздеп, зорға тапты.  Ал Есіл ауданының тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен ауылдықтар салт атпен кетіп, үйіне оралмаған 17 жасар жігітті іздеді. Әйтеуір оны жергілікті тұрғындар Александр Метринский мен қарда жүргіш техникада бірге болған Әділбек Болатов тапты.

Салонында 9 адам, оның ішінде бір бала бар үш автокөлік Жамбыл ауданындағы Рождественка ауылынан 3 шақырым жердегі жергілікті маңызы бар автожолда қар құрсауында қалған. Оларды аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов бастаған полицейлер мен «Стройтрест 17» ЖШС қызметкерлері құтқарды. 5 сағаттық іздеудің нәтижесінде адамдарды эвакуациялап, жылыту пунктіне жеткізді. Дәл сол күні аудан полицейлері ішінде жолаушылары бар сынып қалған «ВАЗ 2110» автомашинасын сүйреп шығарған. Қас қарайған кезде Әйімжан және Пресновка ауылдарының ортасында екі жеңіл көлік тұрып қалған. Жүргізушілер мен жолаушылар жылыту пунктіне жеткізілді, олар түнеу орнымен және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Мамлют ауданында қар құрсауынан «DAF» жүк көлігін сүйреп шығару қажет болды. Тағы 48 жүк көлігі және 5 жеңіл көлік аудан орталығы Мамлюткадағы «Челябі-Новосібір» тас жолы бойындағы тұрақпен қамтамасыз етілді. Аудан әкімі Владислав Лукин, аудан прокуроры Самат Төлегенов, аудандық ПБ және ТЖ басшылары жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және оларды орналастыруды, мамлюттіктерді тұрғылықты мекенжайларына жеткізуді ұйымдастырумен жеке айналысты.

«Ауа райының қолайсыздығынан барлық жол қызметтері барынша ыждаһатты жұмыс істеуде. Республикалық маңызы бар автожолардағы жүргізушілер ыстық тамақ ішетін және жылынатын орындарда 136 машина тыныстады. Трассаларды және облыс орталығындағы жол желілерін қардан тазалау жұмысы күшейтілген режімде жүргізілуде. Петропавлдық автокөлік иелеріне қазіргі жағдайға түсіністікпен қарап, коммуналдық қызметтерге жолдарды қардан тазартуға кедергі келтірмейтіндей, жол жиегіне қойылған көліктерін алу қажеттілігін ескертеміз», - дейді ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев.