– Статистикаға сүйенсек, алаяқтық әрекет көбейіп отыр. Азаматтар алаяқтардан сақтанбай, көңілі қалағанын заңсыз жолмен алу үшін әп-сәтте сақтанудың қажет екенін ұмытып кетеді. Сондай істердің бірі №2 Атырау қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған азаматшаға қатысты қаралды. Сотта күдіктінің материалдық жағдайын жақсартуды көздегені анықталды. Осы мақсатын іске асыру үшін алаяқтық ниетпен жәбірленушінің сеніміне кіріп, банктен 50 млн теңге несие алып беремін деп жалған айтқан. Сөйтіп танысының 2 млн 300 мың теңгесін иемденіп алған, – дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев.
Сот отырысында күдікке ілінген азаматша кінәсін мойындап, процестік келісім жасауға өтініш білдіріпті. Бірақ сот үкімімен күдікті тағылған айыпқа сәйкес кінәлі деп танылыпты. Дегенмен, алаяқтық әрекеті дәлелденген азаматшаның онша ауыр емес санаттағы қылмысты жасағаны ескеріліп, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Ал жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылды.
Бұл – сотта қаралған көп істің бірі. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Болат Көшқалиевтің мәліметінше, былтыр өңірде 1230 алаяқтық қылмысы тіркеліпті. Рас, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 59 қылмысқа немесе 4,6 пайызға төмендеді. Алаяқтық қылмыстың арасында интернет желісінде жасалған 640 дерек бар. Бұрнағы жылы осындай 466 дерек тіркелгенін ескерсек, мұндай қылмыстық әрекет 37,3 пайызға өсіп отыр.
– Полиция департаментінің қызметкерлері интернеттегі алаяқтық қылмыстардың алдын алу үшін үш арнайы бейнеролик дайындап, әлеуметтік желілер арқылы таратылды. Сонымен қатар, тұрғындар көп шоғырланатын орындар мен қоғамдық автокөліктерге буклеттер ілініп, интернет алаяқтықтан сақтанудың жолдары насихатталып келеді, – дейді Болат Көшқалиев. – Өйткені интернеттегі алаяқтықтың көп кездесетін түрі – пәтерді жалға беру, онлайн несиелер рәсімдеу, «Доходный бизнес», «Колеса КЗ» парақшаларында автокөліктің қосалқы бөлшектерін сату, жұмысқа орналастыру. Бұған қоса, алаяқтар Instagram, Facebook, Olx парақшаларында түрлі киім-кешек сату, ұтыс ойындарын ойнату, жұмысқа орналастыру, ақшаны екі есе көбейтіп беру жөнінде жарияланған жарнамамен алдайды.
Оның айтуынша, осындай жалған мазмұндағы жарнамаға алданған 122 дерек анықталыпты. Ал OLX.kz-те пәтерді жалға беру немесе сату, ұялы телефон, ноутбук секілді электроникалық заттарды, тон, былғары тон және өзге де киімдерді сатуға қатысты 89 дерек тіркеліп отыр. Kolesa.kz сайтында автокөліктерді немесе олардың бөлшектерін сататын 62 жалған ақпарат жарияланыпты. Krisha.kz-те – 7, WhatsApp мессенджерінде түрлі чаттар ашып, ақшаны екі есе көбейтіп беруге уәде еткен – 98, Telegram-да – 8, Вконтакте парақшасында – 14, Qiwi әмиянда 57 дерек тіркеліпті. Тіпті микрокредиттік ұйымдар арқылы басқа тұлғаның атына 16 несие рәсімделіпті. Бұлардан өзге интернет желісінде алаяқтық жасау бойынша 167 дерек белгілі болып отыр.
– Алаяқтық қылмысқа қатысты қиын мәселенің бірі – орта дәрежедегі алаяқтық қылмысын жасаған қылмыскерлердің қоғамнан оқшаулауға жатпайтын негізбен жауапкершілікке тартылуы. Ішкі істер министрлігі осыны ескеріп, Бас прокуратураға Қылмыстық кодекстің 190-бабындағы «бірнеше мәртелік» белгісін ауыр қылмыс санатына жатқызу бөлігіне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс берді. Осыған орай 2019 жылғы 21 қаңтарда Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіліп, сол жылғы 2 ақпанда заңды күшіне енді, – дейді Б.Көшқалиев.
Қоғам болған соң қылмыс жасалмай тұрмайды. Алайда, қылмыстың алдын алудың пәрмені қандай? Полиция департаменті басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, былтырғы ақпан, тамыз, қазан айларында облыс аумағында ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, ашу, сондай-ақ, еркін айналымда тыйым салынған өнімдерді заңсыз даярлайтын, көбейтетін, тарататын адамдарды анықтау мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізіліпті. Алайда, тіркелген қылмыстық істердің ашылуына кедергі келтіріп отырған жайт та бар. Мәселен, алаяқтық қылмысы анықталған күдіктілердің кейбірі еліміздің өзге облыстарынан, тіпті көршілес Ресей Федерациясынан болып отыр. Былтыр ел аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты іссапарларға шығуда қиындықтар кездесіпті.
– Былтыр алаяқтық құқық бұзушылық жасағаны үшін 208 күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 85 күдіктіге қатысты қозғалған қылмыстық істер сотқа жолданды. Ал 123 адамға қатысты қылмыстық істер ақталмайтын негіздермен тоқтатылды, – дейді Б.Көшқалиев.
«Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, алдау-арбаумен «табыс» табатын алаяқтардың араны ашылып барады. Алаяқтар құрбанын аз ақшаға емес, миллиондарды құрайтын қаржыға «отырғызады». Мәселен, полиция қызметкерлеріне былтырғы 22 желтоқсанда Атырау қаласының 29 жастағы тұрғыны алаяққа алданғаны туралы шағым түсіріпті.
– Шағымданушы 3 бөлмелі пәтер алып беремін деген 38 жастағы азаматшаның сөзіне сеніп, 2 млн теңге қаражатын берген. Нәтижесінде пәтерден де, ақшасын қайтарудан да үмітін үзген жәбірленуші алаяқтың торына түскенін аңғарған. Полиция қызметкерлері жедел-тергеу іс-шарасын жүргізіп, аталған қылмысты жасады деген күдікпен 38 жастағы азаматшаны ұстады. Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, – дейді полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Гүлнәзира Мұқтарова.
Жалпы, былтыр алаяқтық қылмысынан тек аса ірі мөлшерде келтірілген залал түріне қатысты 10-ға жуық дерек тіркелді. Мәселен, сол жылғы ақпанда өңір полицейлері салымшыларды алдаған «НұрАлиКапитал» ЖШС құрылтайшысына халықаралық іздеу жариялаған екен. Ал маусымда күдікті Алматы қаласында ұсталды.
Желтоқсанда Полиция департаментіне тұрғындардан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің директорына қатысты 40-тан астам арыз түсті. Арыз берушілер оның ай сайынғы пайыздық мөлшерлемемен ақша қаражатын (активтерді) айналысқа салуды ұсынған алаяқтық әрекеті туралы шағымданды. Директордың жәбірленушілерге 300 млн теңгеге жуық материалдық залал келтірілгені анықталыпты. Сондай-ақ, полиция департаментінің тергеу басқармасы «QI-Trade Kazahstan» ЖШС-не қатысты қаржы пирамидасын құру дерегімен қылмыстық істі тергеп жатыр.
Міне, Атырауда өзгенің ала жібін аттамаған ақкөңіл жандарды алдап, тақырға отырғызған алаяқтық әрекеттердің бір парасы осылай өріліп отыр. Құқық қорғау органдары ардан аттаған алаяқтарды ұстағанмен, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, жеңіл табыс табуға құныққан арсыздардың қарасы азаяр емес.
Атырау облысы