«Допинг» жедел - алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері түрлі есірткі құқық бұзушылықтарының сегіз дерегін анықтады. Олардың бесеуі – аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын өткізу мақсатында және оны заңсыз сақтауға қатысты қылмыстар, сондай-ақ қоғамдық орындарда есірткіні медициналық мақсатта емес қолдану.
Сондай-ақ, полицейлер екі әкімшілік теріс қылықты: есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорлар айналымы саласындағы нысандар мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарының бұзылуын, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы заттар мен медициналық техника айналымы саласындағы фармацевтикалық қызмет қағидаларының бұзылуын анықтады.
22 ақпанда заңсыз айналымнан 670 грамм 19 миллиграмм гашиш, 1 келі 652 грамм марихуана, күшті әсер ететін “Прозерин-Д” дәрісінің 10 ампуласы, “Дигоксин” дәрісінің 10 орамы, ауырсынуды басатын “Трамадол” дәрісінің 13 орамы алынды.