Аймақтар • 25 Ақпан, 2021

Ақмола облысында иісшіл иттер көмегімен 75 қылмыс ашылды

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыста жыл басынан бері кинология саласындағы қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен 75 қылмыс ашылды. Өткен жылы да иісшіл, ізшіл төбеттердің көмегі көп-көрім тиген болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысында иісшіл иттер көмегімен 75 қылмыс ашылды

Облыстық полиция департаменті кинология қызметінің орталығында 25 қызметтік іздестіру иті бар екен. Олардың арасында немістің мақтаулы овчаркасы, сондай-ақ, тұқымы тәуір лабрадор-ретриверлер де кездеседі. Бұлардың барлығы күшік кезінен жақсылап тәрбиелесе, таптырмайтын көмекші. Ертеректе жеті қазынаның бірі саналатын ит атаулыны аң қағуға, мал бағуға пайдаланса, бүгінгі күні қылмысты іздестіру, ашу бағытында да кәдеге жаратып жүр. Мамандар тарапынан жақсы баға алып жүрген қызметтік иттің бірі – Муха. Қазір оннан астам төбет. Бойына біткен қасиеттің арқасында әлденеше қылмыс ашқан.

– Әр иттің өзіне тән жаратылысы, мінезі болады, – дейді итбегі Олжас Сейітжанов, – мәселен, Муха мақтағанды жақсы көреді. Әрбір операциядан кейін табанын тазалап, көзі мен тісін байқап, бақылау жасаймыз. Өткен жылы осындай иттердің арқасында 547 қылмыс ашылды. Есірткі заттарына қатысты қырықтан астам қылмыстың ізі кесілді. Көп-көрім көмек емес пе?

Қызметтік иттер тәртіп бұзушыларға да психологиялық тұрғыдан әсер етеді екен. Мәселен, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетпек болғандарға немесе қылмыс жасалған орыннан жалтарып кетпек болғандарды азуын айға білеген айбарлы иттердің мысы басса керек. Осылайша арнайы күтіліп бапталатын қызметтік иттер тәртіп сақшыларының иығына түсетін жүкті көтерісуде. Қылмысты ашу барысында да сезімтал иттердің септігі мол.